«Донор бол -өмір сыйла!» атты Жамбыл облыстық қан орталығы дәрігерлерінің бастамасымен қолға алынған ауқымды акция жыл сайын Тараз қаласынан өзге аймақтың барлық аудандарында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Аталмыш акцияның мақсаты – өңір жұртшылығы арасында салауатты өмір салтын насихаттап, дәрігерлік көмекке зәру жандарға қол ұшын созу болып табылады.
Жуырда облыстық қан орталығының дәрігері Ержан Апсаматов бастаған акция өкілдері ауданымызға келді. Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханада өткен ауқымды акцияға құландықтар ерекше ықыласпен атсалысты. Біз өз кезегімізде ығы-жығы кезекке қарамастан Ержан Апсаматұлын әңгімеге тартып көрдік. Ол осы акцияға қолдау білдірген «Нұр Отан» партиясы Тұрар Рысқұлов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанатбек Арыстанбековке жеке алғысын білдіріп өтті. Одан өзге дәрігер донор сөзінің баламасын түсіндіріп, (бұл – қанға мұқтаж ауруға адамның өз қанын немесе компоненттерін ерікті түрде беруі) одан еш қаймығудың қажеті жоқ екенін ескертті.
Ал, «Нұр Отан» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалының консультанты Бауыржан Тілеуғабылов болса 1 күнге созылған акция барысында донор болуға ниет білдірген адамдардың саны 120-ға жеткенін жеткізді.