Әңгіменің не туралы болатынын іші сезіп отыр… Артық сұрақ керек емес. Сұхбатты менен алып отырсың, демек оқырман мен туралы оқуы тиіс дейді. Төреғали досым, бауырым. Мен ол туралы басқа әңгіме айтпаймын қарындасым, соны бірден келісіп алайық деп кесіп айтты. Келістік. Артық сөз қозғалған жоқ. Ендеше, бірнеше «хит» әндердің авторы Қайнар Алакөзовпен болған сұхбатты назарыңызға ұсынамыз, құрметті оқырман.
— Сәлеметсізбе, аға! Сұхбатымызды бастамас бұрын кешегі Қайнар мен бүгінгі Қайнарды салыстырыңызшы. Осыдан он жыл бұрынғы Қайнар мен дәл қазір журналистке сұхбат беріп отырған Қайнардың арасында көп өзгеріс байқала ма? Жалпы өзіңізге баға бере аласыз ба?
— Әрине, он жыл бұрын он жетідегі бозбала едім. Жыл өткен сайын адам өзінің бойынан көптеген өзгерістерді байқағыш келеді. Сол сияқты, одан бері көп нәрсе өзгерді. Үйлендім, әке болдым. Ақыл тоқтаттым, қоғамға деген көзқарасым да басқа арнаға бұрылды. Қазір де салмақтылығым артып, біреуге ақыл айтып отыратын жасқа жеттім деп айта алмаймын. Десе де, қоғамға бір пайдам тисін деген жолда жүрмін. Жасаған қателіктерімді де түзететін уақыт келген сияқты…
— Көп қателік жасадыңыз ба?
— Қателеспейтін адам жоқ. Мен де осы уақытқа дейін ерке болдым. Халықтың алдында жүрген соң бір жасаған қателігіңді барлығы естуі мүмкін. Ел естімегендері де бар. Кейде жасамаған ісің үшін де жазғырып жататындар кездеседі. Не десек те, халқым кешірімді ғой…
— Түсінікті. Көптеген хит әндерге сөз жаздыңыз. Тапсырыс көп түсе ме?
— Иә, әнші бауырларымыздан сұраныс көп түседі. Құрал Молжанов деген бауырым бар. Көбіне екеумізге өтініш жасайды. Ол жағынан сұраныс бар, Аллаға шүкір. Үлгермей жатырмыз (күлді).
— Бір сұхбатыңызда айтыпсыз, әнге сөзді тегін жазамын деп. Сонда еңбегіңіз үшін ақы алмайсыз ба?
— Тегін жазамын деген сөз болған емес. Ақша сұрамаймын дегенімді өзің сияқты журналистер қате түсініп қалған болуы керек. Мына әнге жазылған сөзімді мыншаға сатамын деп саудаға салған емеспін. Еңбегіме қарай ақысын да аламын. Оны әншілер өздері ұсынады. «Аққулар, алдыңда арым таза» деп Мұқағали айтқандай, менің де әнші бауырларымның арасында арым таза. Өлеңге баға қойып, оны сатқан емеспін.
— Мысалы хит әннің сөздері үшін кім қанша ұсынды?
— Біреу жүз доллар берді, біреу жүз мың берді, біреуі одан көп берді. Атын атап, түсін түстемей-ақ қойсақ….
— «Жүрсіннің Жүйріктерінің» бірісіз. Бұл қатарға қалай қосылдыңыз?
— Қызылордалық Мұхтар Ниязов деген ақын ағам осы қатарға қосылуыма себеп болды. Ол кісіге Алла разы болсын. Бірде Семей қаласында Жүрсін ағамның ұйымдастыруымен айтыс өтетін болды. Мен ол кезде он бес жастамын. Мұхтар аға сол айтысқа қатысуымды қалап, мені Жүрсін Ерманмен таныстырды. Алғаш айтысқа шыққан кезім. Өзім қалап тұрсам да көп қобалжулар болды. Бірақ сол айтыста үшінші орын алып, көзге түстім. Содан бері осы қатардамын.
— Қателеспесем, айтысқа шықпағаныңызға екі жыл болған. Осыншама уақыттан кейін Жамбылда өткен айтыста төбе көрсеттіңіз. Сахнаны сағынған шығарсыз?
— Аттың баптауда жүруі керектігіндей, ақын да додада жүруі тиіс. Аз уақыт айтысқа шықпай қалсақ, қатарымыздан қалып қойғандай сезімде боламыз. Ал екі жыл деген ақын үшін аз уақыт емес. Айтысқа шығатын күні ауырып қалып, қалай болар екен деген уайым қосылып әбден қобалжыдым. Сахнамен сағынып көріскеннен кейін бұлардың бәрі байқалмай қалды. Екі жыл ешкіммен айтыспаған адам мені түсінер. Көрерменнің алдындағы жауапкершілік үлкен ғой. Кейде жаттап шыққан сөздеріңді ұмытпай айтып шығудың өзі ерлік. Әртүрлі жағдайлар болады. Екі жыл айтысқа қатыспай келіп, бірден суырып салып айтудың өзі біраз қиындықтар тудырады. Сөзге тоқтағанда ұятқа қалмайын деп барынша тырысасың. Міне, сондай кезде бағасын беріп отыратын халқыңды ойлап көңілің барынша жай тапқандай болады. Сахнаны сағынғаным рас енді.
— Артыңыздан еріп келе жатқан жас айтыскерлерге көңіліңіз тола ма?
— Ұлттық өнеріміз жыл өткен сайын дамуда. Жүрсін ағамыздың жүйріктерінің ізін жалғап көптеген іні-қарындастарымыз өсіп келеді. Болашағынан үміт күттіретін жастар көп бізде. Жастар бүйтсе, жастар осылай жасаса деп айтатындай, өзім де сол жастардың қатарында жүрмін. Десе де, айтысқа өзіңнен кейін шыққан айтыскерлердің бар екенін, өнерлі екенін көріп іштей қуанасың. Артымнан ереді-ау деп емес, алдымда жүреді-ау деп сенетін інілер бар. Рай Дөңбай, Дархан Әбдіманатты айта аламын. Аруна Керімбек қарындасымды атамай кетсем ұят болар. Осындай талантты жастар Қазақстанның әр облысынан шығып келе жатыр. Оларды айтып тауыса алмаймын. Менің бір ақындар туралы айтқаным бар:
Ақындығым, адамдығым-қос жүлдем,
Бәрі өзімдей және бірдей жоспары-
Ақындардың барлығымен доспын мен
Өлеңім де, өлеңнің достары. Сол айтқандай, ақындардың барлығымен жүрегім бір.
— Сізді айтысқа тәрбиелеген ұстаздарыңыз туралы айтыңызшы?
— Мен Ақтөбе қаласы, Шалқар ауданында дүниеге келгенмін. Мектеп қабырғасында ұстаздарым айтысқа шығуыма көп ықпалын тигізді. Директорымыз Марта Малайдарова, Айсұлу Қалдина, Сәбира Аяуова сияқты аяулы апайларым менің бойымдағы өнерге көп көңіл бөлді. Жан-жақты дайындайтын. Бірі тарих пәнінің, бірі география, бірі қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері болса да, менің сахнаға шығуыма барынша жағдай жасады. Аян Сейтов деген бауырым бар. Екеуміз бір мектепте оқығанбыз. Біздің бойымыздағы таланттың ұшталуына сол ұстаздарым көп көмегін тигізді деп айтуыма болады. Аудандық айтысқа бесінші сынып оқып жүргенде шықтым. Алтыншы сыныпта облыстық айтысқа қатыстық. Республикалық ақындар айтысында сегізінші сыныптан бері өнер көрсетіп келем. Алғашқы жүлдемді де мектеп қабырғасында оқып жүргенде иелендім. Он алты жасымда Шалқарда Республикалық ақындар айтысы өтетін болып, мен сол айтыстан көлік міндім. Сондықтан менің қандай да болсын жетістікке жетуім-мектептегі мұғалімдерімнің жемісі.
— Өзіңізге көңіліңіз тола ма?
— Адамның өзіне көңілі толған кезі болған ба? Пенде болған соң мына жерде былай айтуым керек еді, ана жерде басқаша жасауым дұрысырақ болар еді деген түрлі ойлар келеді. Дегенмен елдің ықыласы, қошеметі мен сенімі өнер адамдарын құлаған орнынан тұрғызатын алапат күш екені рас. Мен де сондаймын.
— Әңгімеңізге рахмет!!!
Сұхбаттасқан Мөлдір Қуатқызы