Өңірдің тіршілік тамырын дөп басып, ақпарат айдынында алшаң басып келе жатқан 77 телеарнасының өз жұмысын бастағанына бүгін 3 жыл толды.
Халыққа ақпарат тарату жауапты іс. Бұл ретте 77 арнасының ұжымы үдеден толықтай шығып келеді деуге болады. Әрдайым жас тілшілердің жұлдызын жағып, оларды ақпарат әлеміне қанат қақтырып келе жатқан арна басшылығы тың жобаларды іске асыруда. Алғашқы күннен ақ жамбылдық көрерменнің көзайымына айналған арна өңірдің телевизия саласына соны серпін беруде. Атап айтқанда алғашқылардың бірі болып 3D трекинг пен анимациялық бейнероликтерді нарыққа қосты. Саяси оқиғаларды сараптайтын хабарлардан бастап спорт пен мәдениет саласын да қамти білді.
Арна бүгінгі ақпарат дәуірінің ағымына да еркін ілесіп былтырғы жылдан бастап ақпараттық сайттың тізгінін қолға алды.
– Өткен жылы телеарна ұжымы арнаның ақпар таратудағы саясатын өзгертіп, жаңа форматқа көшті. Бұл – ақпараттық бағыт. Батыстық әдіс бойынша жаңалық пен жобаларды қысқа да нұсқа форматта жарыққа шығарды. Жаңалықтар бағдарламасының берілу әдісі 3 топтама негізінде өзгертілді. Мәселен, «Жаһан» топтамасында әлемдегі басты оқиғалар мен жаңалықтар қамтылса, түскі уақыттағы «Елден ақпар» бөлімінде ел мен өңірдегі айтулы ақпараттар, ал кешкі прайм-тайм мезгілінде «77 NEWS» жаңалықтар топтамасы қорытынды ақпараттар ретінде көпшілікке ұсынылады. Бұдан бөлек, биылғы жаңа маусымдағы «Валюта және маркет», «Әлемдік күн райы», «Бұқара мен билік», «Кеше және бүгін» сынды аралық хабарлар көрермен көңілінен шығуда. Міне, осы тектес «Дерек пен Дәйек», латын қарпіне негізделген «Дарадан даналық» сынды аралық бағдарламаларды да көрермен ыстық ықыласпен қабылдады, – дейді «77 TV» арнасының директоры Зарина Қуаттегі.
Технология дамыған дәуірде техникалық мамандыққа сұраныс артатыны белгілі. «77 TV» арнасының бұл бағытта жас әрі жасампаз мамандарды даярлау мақсатында «MediaSchool» оқыту орталығының аяқ алысы көңіл қуантарлық. Мұнда телеарна қызметкерлері 3 айлық курс негізінде жас мамандарға оператор және компьютерлік дизайнер сынды салалардан дәріс береді.
Биыл арнаның қаз басып, қатарға қосылғанына 3 жыл толуына орай ұжым қайырымдылық шараларды қолға алып, балаларды қуанышқа бөледі. Атап айтқанда, ресейлік «Шапито және акула» циркіне тегін билеттер алып берді. Циркке бас-аяғы 650 билет алынып, Н.Тілендиев атындағы мектеп-интернатынан – 80, Қ.Сарымолдаев атындағы қиын өмірлік жағдайға түскен балалар орталығынан – 50, «Құмшағал» иінінен – 120 балаға және БАҚ саласындағы әріптестеріміздің бүлдіршіндеріне билеттер үлестірілді. Қоғамдағы түрлі оқиғалардың басы қасынан дер кезінде табылып, өңірдің ақпарат аламанына асығы алшысынан түсіп жүрген арнаның алға қойған мақсаты айқын, жоспары нық. Қазақстандағы телевизия әлеміне 3 жыл бұрын ғана аяқ басып, үлкен белестерді бағындырған ұжымға тек толағай табыс пен зор белестер тілейміз!