Қазақ-қырғыз – бір туған

Нұрсұлтан Назарбаев:
«Қазақстан мен Қырғызстан бауырлас және одақтас мемлекеттер»
28-мамырда Бішкек қаласындағы Қырғыз-Қазақ университетінде Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақ-Қырғыз – бір туған» атты пікірлесу жиыны өтті. Оған Қырғызстанның белгілі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлері, жазушылар, ғалымдар, университеттің оқытушылары және студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын басталғанда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кәрім Көкірекбаев өткеріліп жатқан дөңгелек үстелдің мақсаты – қазақ пен қырғыз халқының бір туғандығы мен достығын бекемдеу, екі өлкенің қарым-қатынасын кеңейтуге шарт жасау, ұсыныстардың оң шешілуіне қолқабыс беру екендігін білдірді.

Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев 30 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елшіге берілген Сенім грамотасын Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Шарипович Жээнбековқа тапсырып, ресми түрде қызметіне кіріскен. К.Көкірекбаев бұл қызметінің алдында Қазақстанның Жамбыл облысын басқарып тұрған. 2008 жылы облыстың әкімінің орынбасары, 2009 жылдан 2013 жылға дейін бірінші орынбасары болып, кейінгі бес жылда облыс әкімі қызметінде істеді. Бұларға тоқталып жатқанымыз, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның шекаралас облыстарымен тығыз әріптестікте іс жүргізген облыс жетекшісін елшілікке тағайындағаны өте дұрыс болған деген ойдамыз.Бұдан тыс, Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласын Қырғызстанның Талас қаласымен бауырлас етіп, ықпалдастықты жандандыруға Қазақстан тараптан елеулі үлесін қосып жүрген жетекші Қырғызстанның жағдайын жақсы біледі.

Барлық нәрселер алғашқы қадамнан басталады емес пе үш ай дың ішінде жаңа елшінің қырғыз еліне аялы мәміле жасап, бауырластық сезіммен жұмыс істеп жатқанына журналист қатары куә болып жүрміз. Қазақта «елдестіру – елшіден , жауластыру – жаушыдан» деген мақал бар, Қырғыз-Қазақ университетінде өткен осы дөңгелек үстел ынтымақтастықтың жаңа тепкішіне көтерілуіміздің анық көрінісі болды.

Елші өз сөзінде Қазақстанның және Қырғызстанның мемлекет басшыларының соңғы 5-6 айдың ішінде төрт мәрте кездескенін дәстерленумен атап өтті. Бұл кездесулерде «Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасын демаркациялоо туралы шарт», «Шекара режимі туралы келісім» және Қазақстан мен Қырғызстанның ынтымақтастығының «Жол картасы» сияқты екі елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени байланыстарын шыңдауға бағытталған тарихи маңызды құжаттарға қол қойылған.
Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақстан мен Қырғызстан бауырлас әрі одақтас мемлекеттер», — деп үнемі айтып келеді. Ал Сооронбай Шариповичтің: «Қырғыздар мен қазақтар сияқты бір-біріне жақын халық жоқ», — деген қанатты сөзі біздің жақындығымызды білдіреді, — деді елші.
Сондай-ақ, елші ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы, оның ішінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы және басқа да құжаттар туралы ақпараттармен қатысушыларды таныстырды.
Елші Жамбыл облысының басшысы болып тұрған кезінде Қазақстандық-Қырғызстандық мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі комиссияның 22 отырысына қатысқанын тілге тиек етіп, сонда байқаған көріністерге тоқталды. — Біз осы комиссия жұмысы барысында, мәселен, қазақтардың 5-6 баласы болса, солардың 3-4-еуі Қырғызстанда, ал енді қырғыздардың қыздары Қазақстанға тұрмысқа шығып, ұлдары қазақ қызына үйленген жағдайларды жиі кезіктірдік. Екі жаққа бірдей мұндай құдандалық екі елдің бір-бірін бөтенсімейтінін, ет жақын туыс болып кеткенін айғақтайды, — деп елші бауырлас елдердің ғасырлар бойы қалыптанған салт-дәстүрлері, рухани байланыстары жөнінде сөзін жалғастырды.
— Алып Алатаудың арғы беті мен бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған халық. Екі елдің төрт түлігі бір далада жайылады, қыз алысып — қыз беріп құда-жегжат болып етене араласады. Оның үстіне ақ қалпақты ағайындармен біздің рухани туыстығымыз ерекше. Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөл сапарын жазуы, Манас жырын хатқа түсіруі, Сүйінбай мен Қатағанның айтысы, Шыңғыс Айтматовтың әйгілі Мұхтар Әуезовке шәкірт болуы, осының бәрі елдеріміздің әдеби-мәдени байланысын көрсетеді. Жамбыл мен Тоқтағұл есімдерінің қатар аталуы да рухани туыстықтың дәлелі. Бұлардың бәрі ұрпақтан ұрпаққа үлгі боларлық көнермес құбылыстар.

Қазақтың рухани ортасы Шыңғыс ағаны «Адамзаттың Айтматовы» деп алғаш рет әлемге жар салып, мақтаныш тұтып келеді. Дәуіріміздің ұлы қаламгері Ш. Айтматовтың мерейтойы Қазақстанда да басталған, ол жыл бойы жалғаса береді. 25 сәуірде Астанада Айтматовтың 90 жылдығына арналған ғылыми конференцияның өтуі – қазақ халқының заңғар жазушыға құрметінің белгісі. Шыңғыс Айтматов көзі тірісінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше мәрте кездесіп, пікір алысқан. Елбасы Ш..Айтматовтың шығармалары бойынша түсірілген фильмдер экранға шыққанда, оларды дереу көргенге әрекеттенеді.
Халқымыз «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, Айтматов тұлғасы уақыт өткен сайын жоғарылай берері ақиқат. Қазақтың әйгілі ақыны Кенен Әзірбаевтың өзі туралы айтқан «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деген жыр жолдары бар, осы екі жол жыр толық мағынада Шыкеміздің сипатына дәл келеді: «Екі Шыңғыс тумайды, Алатауға ексең де». Демек, ұлы тұлғаның рухы жылдан жылға асқақтай бермекші.

Жамбыл мен Тоқтағұлдың дәуірінде өріс алған қазақ-қырғыз мәдени байланысы қаншама аумалы-төкпелі заман, өзгерістер болса да үзілмей келеді. Осылардың бір мысалы – Сүймөнқұл Чоқморовтың шығармашылығы. Ол актерлік дебютін Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасы» шығармасы бойынша түсірілген фильмде бастаған. Кеңестер Одағы тұсында «Үздік рөл» номинациясы бойынша төрт мәрте сыйлық алған. Қазақ киносының классигі саналатын «Көксерек» фильмінде Сүймөнқұл Чоқморовтың басты рөлде ойнауы — оны екі халықтың бірдей перзенті дәрежесіне көтерді.

Чокморовтан кейінгі буын Досқан Жолжақсыновтан бастап кейінгі жас актерлер қырғыз фильмдеріне көптеп түсіп жатыр. Әріге бармай-ақ таяуда ғана беташары болған «Дарақ ыры», фильмінде басты рөлдерді қазақ актерлерінің ойнауы, таяуда Қырғыз Республикасының «Ақ Ілбіріс» атты ұлттық сыйлығын қазақ актерлері Нұржұман Ықтымбаев пен Дулыға Ақмолданың алуы — екі халықтың бірлігі мен татулығының жемісі.

Өткен айда қырғыз сахнасында өнерін тартулаған Роза Рымбаева, Бішкекке жиі-жиі гастрольге келіп жүрген Алтынбек Қоразбаев, олармен қатар шыққан Саламат Садыкова екі елдің бір аспанындағы жарық жұлдыздар. Ата-бабамыздың дәстүрін жалғастырып, егіз еліміздің бірлігін бекемдеген осылардай өнер адамдарының көп екендігі көңілімізге жылулық ұялатады.
Қазақ пен қырғызды біріктіріп, жақындастырып тұрған құндылықтар көп. Олардың бастыларының бірі материалдық дүние бойынша, бұл киіз үй – қырғызша, боз үй. Ол адамзаттың асыл мұрасы қатары ЮНЕСКОның тізіміне кірді. Рухани дүние бойынша ортақ құндылығымыз – айтыс. Айтыс қазақ пен қырғызда ғана әбден қатты дамығанын бәріміз жақсы білеміз. Қырғыздың «Манасы», қазақтың «Алпамыс» және «Қобланды» батырлық жырлары бүкіл түркі халықтарының жауһары болып саналады. Шоқан Уәлиханов XIX ғасырдың ортасында «Манасты» қағазға алғаш рет түсіріп, әлемге таратты. Бұлардың барлығы біздің рухани жақындығымызды даңғазалап тұр.
Қырғыздарда «Бетеге кетіп бел қалар, бектер кетіп ел қалар» деген керемет нақыл сөз бар екен. Еліміздің ынтымағы баянды болсын. «Өсер елдің баласы, бірін-бірі батыр дейді» демекші, бір-бірімізге дем беріп, қолдау көрсетейік. Қырғызстанның Президенті Сооронбай Шарипович Жээнбеков шекарашылармен кезектегі кездесуінде ел ішінде нақыл сөзге айналған «Қырғызстан мен Қазақстан құстың екі қанатындай бір туған ел» деген ұлағатты сөзді айтты. Лайым солай болғай!»,- деп сөзін қорытындылады Қазақстанның елшісі.

Елшінің баяндамасынан кейін жарыссөз басталып, бірінші сөзді саясаттану ғылымының докторы, профессор Жолборс Жоробеков алды. Жаңа елшінің ісіне игілік қалап сөзін бастаған баяндамашы қырғыз менен қазақтың бауырластық қарым-қатынастары кеңес дәуірінде «халықтар достығы» ұранымен жақсы жолға қойылғанына, көптеген қырғыз жастары сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласында білім алғанына, өзінің кандидаттық да, докторлық да диссертацияларын Алматыда қорғағанына тоқталып өтті. Сонымен бірге, қазақ ғалымдарының Бішкекте Шыңғыс Айтматовпен жолығысуындағы қызықты сәттерді айтып берді. Ол кезде Айтматов «Қиямет» романын жазып, қолы тимей жүрген уақыты екен, жиырма-отыз минутқа деп келісілген қазақ бауырлармен сұхбат үш сағатқа созылыпты. «Зиялы адамдардың сөзі де терең, ұзақ боларын сонда байқадым», — деді Жолборс Жоробекұлы.
Профессор қазақ пен қырғыздың ата-бабаларымыздан жалғасып келе жаткан дәстүрлі жақсы мәмілелерін сақтап қалуға Қазақстанның мемлекет басшысының өзі бас болып әрекет көріп келе жатқанын, бұл орайда жастарға білім беріп жатқан жоғарғы оқу орындарының мүмкіндіктері зор екендігін баса белгіледі.

«Башыма кийдим ак калпак, кооздоп четин кыйгызган. Менин да бетим жапжалпак, айырмам кайсы қырғыздан?», – деп қазақтың өткен ғасырда өмір сүрген белгілі ақыны Әбділда Тәжібаевтың бір шумақ өлеңімен пікірін бастаған жазушы, публицист, Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мундузбек Тентимишев өзінің Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», Абайдың жырларын оқып жүріп есейгенін, М.Әуезовтің шығармалары қырғыз еліне кең тарағандықтан, сүйікті кейіпкерлердің аттары – Әйгерім, Бақтығұл атты есімдер қырғыз балдарына көп қойыла бастағанын, сондай-ақ, егемендік жылдарынан бері қарай қырғызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ұл балдарына Нұрсұлтан есімін қойғандар көбейгенін, Қазақстанның Елбасшысының атын алып жүрген балалар, азаматтар республиканың әрбір ауылында ұшырай тұрғанын айтып, бұл есімді рекордтар кітабына кіргізуге болатындай екен деді.

Осы сәтте: «Біздің де Нұрсұлтан есімді белсенді студентіміз бар, ол осы пікір алысу дөңгелек үстеліне қатысып отыр!», — деп Қырғыз-Қазақ университетінің ректоры Алтай Қазмағамбетов сөзге араласып, жұрттың назарын студентіне бұрды.
Мундузбектің бала шағынан қазақ әдебиетімен сусындағаны себеп болғанға ұқсайды, оның публицистикасының бір бағыты қырғыз және қазақ еліне еңбек сіңірген тұлғаларды зерттеуге арналған. Жазушының айтуында, қазақтың энциклопедист, академик-ғалымы Әлкей Марғұлан Шоқан Уәлихановтың 1856 жылы жазып алған «Манас» жырынан үзіндіні Қазан қаласындағы мұражайдан тауып, жариялаған. Қазақтың тағы бір академигі, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қырғыздың тау-кен саласындағы мамандарын әзірлеуде толағай еңбек еткен. Ал енді, Мұхтар Әуезовтің Шыңғыс Айтматовты әлемге танытқаны мұндай басталыпты. М.Әуезов қазақтың«Лениншіл жас» газетіне Айтматовтың шығармаларын талдаған «Ақ жол» деген мақала жазып, оны дереу Мәскеудегі одақтық «Литературная газетага» жариялайды. Сонда «Кеңес Одағында жас жазушылардың ішінен Шыңғыс Айтматовқа ешкім тең келе алмайды, жетпейді!» деп Әуезов аз ұлттың өкілі болған жазушыны одақтық аренаға алып шыққан.
М.Тентимишев 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін қырғыздардың Чүй, Ыстықкөл, Нарын облыстары орталығы Верный (Алматы) қаласы болған Жетісу губерниясына қарағанын, қырғыз болыстары, манаптары, акелері (абыздары, – Н.Б.) туралы мәліметтер Алматы мұражайында жатқанын, оған журналисттердің кіруі қиыншылық туғызарын, елшілік тараптан қолдаухат беріле ме, әлде басқа жолы табыла ма, осыған қолқабыс беруді сұрады. Сөзін тәмәмдап жатып, М.Тентимишев қазақ тақырыбына өзі жазған 4 кітапты университеттің кітапханасына сыйға тартты.
– «Қырғыз баласы жыласа, қазақ ананың омырауы ауырады» деген мақалды басқа елдің әйелзатына қарата айтсақ, еш жараспайды екен, – деп сөзін бастаған Қырғыз Республикасының халық әртісі, белгілі режиссер Бакыт Карагулов қырғыздың бұл қанатты сөзін тарата талдап, «осындай мақалдың жаралуына өзек болған екі ұғым бар, олар – «бір туғандық және бауырластық, бұл тек ғана қырғыз бен қазаққа тән» деп сөзін жалғады.

– 1952 жылы Мұхтар Әуезов Фрунзе қаласында өткен одақтық конференцияда «Манас» эпосын қорғап қалды. Бұдан үлкен ұлы еңбек жоқ! Қырғыз-Қазақ университетіне бұрын келмеген екенмін. Осындай университеттің жұмыс істеп жатқанына әбден қуанудамын. Басқа бір, қайдағы бір алыс өлкелердің ұйымдастырған іс-шараларына барғаннан гөрі, өзіміздің бауырларымызға келуді артық санаймын. Бұл университет өз атына сәйкес, қырғыз-қазақ бірлігін шыңдауға салымын қосуы ләзім, — деді кинорежиссер, Айтматовтың романы бойынша түсірілген «Боранды бекет» көркем фильмінің қоюшысы.

Одан кейін сөз алған «Қырғыз тілі» қоғамының президенті Райымжан Курбанов соңғы уақытта елшімен үш мәрте кездесудің сәті түскенін, сұхбаттасулар ана тілді дамытуға, қырғыз-қазақ мәдени байланыстарын жандандыру төңірегінде болғанын айтып өтті.

Р.Курбанов «Эне тилим – эне сүтүм», «Ана тілім – ана сүтім» деген республикалық және халықаралық конкурсты ұйымдастырып, Қырғызстандағы бірқатар университеттердің Қазақстандағы университеттермен байланысын жолға қойған отаншыл тұлға. Ана тіл бойынша екі елімізге ортақ әнұранды шығаруға ықпал еткен.
Сөз арасында, ол Қырғызстанның белгілі оқымысты-педагогы, профессор Сулайман Кайыповтың «Тилимдей болгон тилиң бар, дилимдей болгон дилиң бар. Айтчы, айланайын, казагым, сенден башка кимим бар?!» деген өлеңін әнге салып, дөңгелек үстелдің қатысушыларын бір сергітіп тастады.

Одан кейін сөз сөйлеген «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабының тұсау кесерінің «бас кейіпкері» жазушы, аудармашы, публицист Айдарбек Сарманбетов қырғыз-қазақ мәдени байланыстарын өркендету бойынша өзінің ұсыныстарын алға тартты.

– Бауырлас еліміздің бір-біріне шірелген тарихы туралы мәртебелі елші жүйелі сөз бастап, жиынның қатысушылары оны тереңдете жалғастырып, айтып біте алмай жатырмыз. Сөз таусылмайды да. Жазушы,аудармашы қатары өз ойымды қысқаша сабақтайын, қазақтың классикалық ауыз әдебиетінен орын алған Шөже ақынның қырғыз бен қазаққа ортақтығына мерейіміз көтерілетін. Енді бірегей тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабының аудармашысы ретінде тұсаукесеріне қатысып отырмын.

Бұл мен үшін үлкен қуаныш. Еңбектің жарыққа шығуына бастама көтеріп, тұсаукесерге дейінгі жұмыстарды істеген “Тұрар” баспасының директоры Тилек Мураталиевтің еңбегі зор екендігін баса белгілеймін.

Он жылдан асық уақыттың ішінде мен де ұлы Абайдың “Ынталы жүрек” деп аталған өлеңдер жинағынан, атағы оған жетеқабыл Шәкәрімнің және М.Мағауин, Т.Абдік, Т.Кеңесбаев, Н.Саматұлы сияқты көптеген ақын-жазушылардың шығармаларын аударып, “Жаңы Ала-Тоо”, “Түрк әлемінің әдебиеті” журналдарында, Қырғыз Республикасының Президентіне қарасты Мемлекеттік тіл комиссиясының демеуімен шыққан үш жинағымда жарыққа шығарып, қырғыз оқырмандарына жеткізуге әрекеттендім.

Менің шығармаларым 1985 жылдан бері қазақ журналдарында жарияланып келуде. Таяуда ғана Алматыдағы “Таң шолпан” журналына әңгімелерімнің жарық көргені жөнінде оның бас редакторы сүйіншілеп қоңырау шалды.

Мундузбек Тентимишев де қазақ тақырыбындағы шығармалары, аудармалары туралы жаңа айтып өтті. Бұлар бүгінгі отырысқа арқау болған әдеби байланыстың дәстүрге айланып, үзілмей келе жатқанының бір айғағы. Бұл жұмыстарымыз – өз ықтиярымызбен болған жекеше әрекеттеріміз, қолымыз жеткен игіліктеріміз, бұлардың екі тараптан да мемлекеттік деңгейде жүргізілгенін қалаймыз. Сондықтан Қазақстан тарапқа мәртебелі елші арқылы құлаққағыс етіп отырмыз. Екі елдің ынтымағына, өркендеуіне ықпал жасайтын шығармаларды аударуға елшілік бізге ұсынса жақсы болар еді. Біз, жазушылар, мәдениет саласына жетекшілік ететін министрлігімізге, Жазушылар одағына мәселені қоямыз. Мақсаттарымыз іске асса, рухани ынтымақтастығымыз арта түседі деген ойдамыз. 5-6 жыл бұрын екі елдің өз ара мәдениет күндері өткерілген еді, осы үрдіс қайра жанданса дейміз. Қырғызстанның тарихи ақпараттары сақталған бұрынғы Жетісу, қазіргі Алматы мұражайына жол ашылса деген Мундузбек Тентимишевдің ұсынысын толық қуаттаймын және елшілік мұны еске алады деп сенемін.

Жиынға қатысып жатқан студенттеріміз, жастарымыз туысқан елдің әдебиеттерін оқып, білімін байытып, дәстүрлі мәдени байланысымызды жалғастыруға өз үлестерін қосады деген пікірдемін. Қазақстан елшілігі бүгінгі дөңгелек үстелде айтылған пікір-ұсыныстарды еске алып, мұндай іс-шараларды жалғастырса, бұл тағдыры да, тарихы да бір егіз елдің ынтымағының артуына, келешегінің бір болуына дем, түрткі берер еді, – деді Айдарбек Сарманбетов.

Дөңгелек үстелде жоғарғы оқу орнының атынан университеттің ректоры, профессор А.Қазмағамбетов, экономика ғылымының кандидаты, доцент Қалбүбү Сейталиева, студент Эсенжан кызы Каныкей сөз сөйлеп, өз пікірлерін, сондай-ақ іс-шараға бастамасы болған елшілікке ризашылықтарын білдірді.

Пікірталас алаңының ісін қорытындылаған Қазақстанның елшісі Кәрім Көкірекбаев айтылған ұсыныстарға елшілік тараптан көңіл бұрылатынын белгілеп, аудармашы Айдарбек Сарманбетовға, «Тұрар» баспасының жетекшілігіне, жиынның қатысушыларына, отырысты ұйымдастыруға жәрдем көрсеткен Қырғыз-Қазақ университетінің ұжымына және басшысы Алтай Қазмағамбетовқа ризалығын білдірді.

«Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі»

Университеттегі дөңгелек үстелдің аясында қазақтың Абайдан кейінгі ұлы ақын-ағартушысы, оқымыстысы, Абайдың ағасының баласы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» атты кітабының қырғыз және орыс тіліндегі нұсқаларының тұсаукесері болды.

Тұсаукесердің бауын қиып, мұндай салтанаттардың жалғаса беруін қалаған елші Кәрім Көкірекбаев Шәкәрім Құдайбердіұлының XIX-XX ғасырлардың тоғысындағы Шығыс пен Батыстың мәдениетін бойына сіңірген үлкен қайраткер, ақын, философ, дінтанушы, зор талант екенін білдіріп, ұлы ойшылдың шығармашылығын қысқаша таныстырып өтті.

Салтанатта Қырғыз Республикасының халық жазушысы Мелис Абакиров Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы ойын ортаға салды.

– 1911 жылы Орынбор қаласында басылған бұл кітап қырғыз бен қазақ елі үшін баға жетпес құнды еңбек. Мұнда Шәкәрімнің қайта — қайта қырғыз бен қазақтың бір туғандығын айтқан жерлері бар. Біз мұны еш уақытта ұмытпауымыз керек. Қазақ пен қырғыз көршілес, шекаралас ел екеніміз өз алдына, ең бастысы, біз түбі бір елміз. Осыны есімізден шығармайық. Айтып жүрейік. Бүгінгі дөңгелек үстел бізге пікір алысуға, студенттерге ақыл-өсиетімізді айтуға алаңша болып отыр.

Бұл кітаптан тыс, Шәкәрім өзінің өлеңдерінде қазақты алдыңғы елдің қатарына қосылуға шақырған. Ол үшін білім алу керек, мектеп құру, кәсіппен айланысу, егін егіп, қала салу керек деген. Осындай үндеу өлеңдер қазіргі заманымызға да үндесіп тұр. Сапалы білім бізді алдыңғы елдердің қатарына қосады. Қараңызшы, Қазақтың Елбасшысы экономикасын дамытып, әлемнің алдыңғы елу елінің қатарына қосыламыз деген, енді ол шек алынып, отыз мемлекеттің қатарынан көріну мақсаты қойылды. Шәкәрімнің шақырықтарымен үндесіп тұрған жоқ па?! Шәкәрімнің шығармалары тарих жағынан қырғыздың біртуар тұлғалары Осмоналы Сыдыковпен, әдебиет жағынан Молдо Кылычпен орайласады, дәрежелері бірдей дер едім. Тұсауы кесіліп жатқан еңбек ұлы ойшылдың 160 жылдығына қырғыз елінен сыйлық болып қалды. Бұйырса, Шәкәрімнің өлеңдерін кітап етіп қырғыз тілінде шығару ниетіміз бар.

Назарбек БАЙЖИГИТОВ,
«Кыргыз Туусу», суреттер автордікі

P.S. Мақала Қырғыз Республикасының Президентіне қолдау көрсеткен (пропрезидентский), ресми түрде Қырғыз Республикасының Өкметінің органы болып табылатын «Кыргыз Туусу» (Қырғыз Туы) газетінде 2018-жылдың 1 маусымында жарық көрген.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X