Барлық өркениетті мемлекет өзiнiң болашағын білімді де білікті өскелең ұрпағымен байланыстырады. Сол себепті де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап мемлекетімізді баянды болашаққа, кемел келешекке бастайтын жастарымызға үнемі қамқорлық танытып келеді. Бүгінде жастарға қолдау көрсетіп, санасына серпіліс сыйлау мақсатында сала-сала бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың, жүзеге асырылып жатқан жемісті жобалардың игілігін көріп жүрген жастар аз емес. Мәселен, өткен жылдан бастап еліміздің бірқатар аймақтарында пилоттық негізде жұмысын бастаған «ZHAS PROJEСT» жастар корпусын дамыту жобасы да қазіргі таңда үлкен қызығушылық тудыруда. Аталмыш жоба биылдан бастап облысымызда да қолға алына бастады.
Жалпы, «ZHAS PROJEСT» жастар корпусын дамыту ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы. Жұмыссыз жастарды қоғамға бейімдеп әрі жеке кәсібін ашуға ниетті жандарға қолдау көрсетуді мақсат еткен жоба алғаш рет 2017 жылы Қазақстанның төрт аймағында, атап айтқанда Алматы, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске асырылған. Былтыр төрт облыстан 2 мыңнан аса жас қатысса, ағымдағы жылы жоба шеңберінде шамамен 3 500 жасты қамту көзделуде. Ал, жобаға оқымайтын, жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен 14 пен 29 аралығындағы кез келген жас қатыса алады.
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Айбек Тәутеннің айтуынша, жобаның ең басты ерекшелігі жеңімпаз жасқа 1 миллион теңге қайтарымсыз грант беріледі екен.
– Осы жылы «ZHAS PROJEСT» жастар корпусын дамыту жобасына Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының жастары қатыса алады. Жоба аясында бастамашыл жастарға үштен кем емес, бестен көп емес болып топтасып, өздерінің әлеуметтік жобаларын жасау ұсынылады. Жобаға қатысып, грант ұтып алу үшін не істеу керек? Алдымен қатысушылар облысымызда қажеттілік тудырып тұрған бизнес жобасын дайындауы қажет. Кейін жоба дайын болған соң конкурстық комиссияның қарауынан өтіп, жеңімпаздар анықталады. Ал, жеңімпазға 1 миллион теңге грант екі бөлініп беріледі. Алдымен қажетті құрал-жабдықтарын, өзге де керек-жарақтарына 500 мың теңге ұсынылады. Сөйтіп, өз жобасы бойынша алты ай бойы тегін жұмыс жасайды. Яғни, мұқтаж жандарға көмектеседі. Егер талаптарға сәйкес жұмыс жүргізіп жатса, алты айдан кейін қалған ақшаға ие болады.
Қазіргі таңда аудандардан, Тараз қаласынан жобаға қатысатын жастармен жұмыс жүргізетін қабылдаушы азаматтар іріктеліп жатыр. Қабылдаушылар жастардың бизнес жобаларын дұрыс жасауына көмектеседі. Мүмкіндікті пайдаланғысы келетін әр жас жобаның арнайы www.zhasproject.kz сайтынан ақпарат ала алады. Сондықтан, облысымыздың жастарын мүмкіндікті мүлт жібермей, жаңа бастамаға белсене атсалысуға шақырамын, – дейді А.Тәутен.
Тағы бір айта кететін жайт, 1 миллион теңге грант бір жағдайда ғана қайтарылады. Егер грантты ұтып алған жас өзінің бизнес жобасы бойынша жұмыс жасамаған болса, қаржыны кері қайтаруына тура келеді.
Проект развития молодёжного корпуса – это совместный проект Международного банка реконструкции и развития и Министерства образования и науки РК. Реализацию проекта осуществляет Координационное агентство.Период реализации: 2017-2020 гг.Области реализации в 2018 году: Актюбинская, Восточно-Казахстанская, Жамбылская, Костанайская, Кызылординская, Северо-Казахстанская.Цель: Вовлечение молодёжи в жизнь сообщества, а также развитие жизненно важных навыков через программу обучения навыкам общественно полезной деятельности на благо сообщества.Участники: молодёжь от 14 до 29 лет, проживающая на территории областей реализации Проекта (кроме школьников)Приоритеты: Молодёжь, которая не учится и не работает, либо работает, но имеет низкий доход.Проект стартовал в 2017 году и охватил порядка 2 000 участников из четырёх областей Казахстана. В 2018 году в рамках Проекта будет охвачено порядка 3 500 человек.#zhasproject #тараз #өскемен #қостанай #қызылорда #петропавл #ақтөбе #lifeskills #edugovkz #youthcorps #worldbank #taraz #жамбылоблысы #жамбылскаяобластьZhasproject Abzal Esirkepov
Опубликовано Тұрлыханом Камалом Среда, 30 мая 2018 г.
Әрине, аталмыш жоба облысымызда алғаш рет жүзеге асырылып жатқандықтан, көптің көкейінде күдіктің басым болатыны белгілі. «Бұл не қылған батпан құйрық» деп тосырқай қарайтындар да табылуда. Сол себепті де облыс жастарына үлгі етпек ниетпен Шымкент қаласындағы жастар саясаты саласында қызмет атқаратын мамандардың көмегіне жүгіне отырып, өткен жылы 1 миллион теңге грант ұтып алған сарыағаштық жас кәсіпкермен байланысуға мүмкіндік алдық. Өзін Айбек Жанысов деп таныстырған жоба жеңімпазы қазіргі таңда шағын кәсібін дөңгелетіп отырғанын айтады.
– Жоба туралы ең алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкерлері арқылы естіп-білдім. Шыны керек, алғашында қорқыныш болды. Бірақ, кәсібімді бастауға үлкен мүмкіндік екенін түсініп, күні-түні тапжылмай отырып бизнес жобамды даярладым. Нәтижесінде 1 миллион теңге қайтарымсыз грантты ұтып алдым. Алдымен 500 мың теңгесі беріліп, ол қаржыға етік тігетін цехымызға керекті жабдықтарымызды, техникаларымызды, материалдарды сатып алдық. Алты ай тегін жұмыс жасадық. Ата-ана қамқорлығынан айырылған жастарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшымызды ұсындық. Кейін алты айдан кейін ісімізді жүргізіп кететінімізге көзі жеткен соң қалған қаржы берілді. Шүкір, қазір миллиондап табыс таппасам да, отбасымды асырауға жетіп жатыр. Екі жасты тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта осы кәсібімді кеңейтуді жоспарлаудамын. Сондықтан да, жамбылдық жас достарыма жұмыссыздық қамытын шешіп, кәсіпкер атану мүмкіндігі өз қолдарында тұрғанын айтқым келеді, – дейді жас кәсіпкер.
Былтыр жоғарыда аталған төрт облыс бойынша Айбек секілді 1 000-нан аса жас өздерінің кәсіптерін бастаған. Негізінен жоба жүзеге асырылатын 2017-2020 жылдары еліміздің барлық өңірінен 18 бен 29 жас аралығындағы 8 500 жас қамтылады деген болжам бар. Әрине, бұл қатардан жамбылдық жастардың да табыларына сенімдіміз. Ендеше, облыс жастарына өзгелер игілігін көріп отырған жобаға қатысып, мүмкіндікті тиімді пайдаланып, болашақта табыс тайқазанын тасытуларына біз де тілектеспіз.
Талғат НҰРХАНОВ
ar-ay.kz