Ағымдағы жылдың 8 маусымында Тараз қаласындағы «Төрткүл» тарихи-мәдени кешенінде республикаға танымал жас ақындардың қатысуымен «Жамбылдың жыр қағаны–2018» атты поэтикалық дуэлі өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіровтің жеке демеушілігімен, облыс әкімдігінің мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының, облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің қолдауымен өтті.
«Жамбылдың жыр қағаны–2018» атануға Ернар Әбдіразақ, Әлімжан Шөңгербай, Арайлы Жақсылық, Назерке Оңғар, Құрбанәлі Шахабай, Нұрболат Жолдасбек, Бексұлтан Қоштаев, Мөлдір Райымбекова, Шапағат Әбдірұлы, Жұматай Көксубайұлы сынды жас ақындар үмітті болды.
Жас ақындардың поэтикалық дуэлін өткізудегі негізгі мақсат қазіргі қазақ поэзиясындағы жастар шығармашылығына көпшіліктің назарын аударту болып табылады. Сол арқылы жастар шығармашылығын дамытуға жол ашу да шара ұйымдастырушыларының басты мақсатына айналып отыр. Одан бөлек, республиканың әр аймағынан келген жас ақындардың басын қосып, еркін пікір алмасып, шығармашылық төңірегінде ойларын ортаға салуға мүмкіндік берді.
Шараның өткізу орны ретінде Тараз қаласының «Төрткүл» тарихи-мәдени кешенінің таңдалуы бекер емес. Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһардың батыс қақпасы саналған кешен қаз-қалпында сақталған. Сол себептен де, шара қонақтары үшін ең әуелі кешендегі тарихи жәдігерлер таныстырылды. Жамбылдың жыр қағаны–2018» поэтикалық дуэлінде облыстық филармония өнерпаздары өнер көрсетті.
Ақындар ортада бар мүмкіндіктерін ортаға салды, аянып қалған жоқ. Оларға ең таңдаулы үш өлеңнен оқуға мүмкіндік берілді. Дегенмен, шын жүйрікке тұсау жоқ екен. Қазылар алқасының бір ауызды ұйғарымымен Нұрболат Жолдасбек «Жамбылдың жыр қағаны -2018» атағын иеленіп, бас жүлдеге тігілген 400 мың теңге сыйлықты қоса олжалады. Сондай-ақ, Артығали Ыбыраев атындағы арнайы жүлдені Әлімжан Шөңгербай, Өрнек Құлекеев атындағы жүлдені Арайлы Жақсылық, Серік Томанов атындағы жүлдені Ернар Әбдіразақ, Бауыржан Үсенов атындағы жүлдені Шапағат Әбдірұлы иеленіп, олардың әрқайсысына бағалай сыйлық берілді.