Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес құндылығы – ана тілі. Қазақстан Республикасының негізгі тілі – мемлекеттік тілді, яғни қазақ тілін құрметтеу, оны білу – біздің әрқайсымыздың асыл борышымыз. Ана тіліне салғырттықпен қарау — өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау деген сөз. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәніндегі қоғамдық қарым-қатынас тілі ету бүгінгі күн талабы екендігі баршаға белгілі.
Елбасымыздың «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» — деп қадап айтқан пікірі баршамыздың берік ұстанатын қағидамыз болуға тиіс.
Қазақстан Республикасының ХХІ ғасырдағы болашағы, шығар биіктері саяси-экономикалық факторлармен қатар, оның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің де дамуына тікелей байланысты. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі Ата Заңымызда анық айқындалған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды. Елбасының «Мемлекеттік тілді білмейінше, мемлекеттік органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында, немесе сот саласында жұмыс істеу мүмкін болмайды», деген сөзінің мән-мағынасының қаншалықты тереңдігін осыдан аңғаруға болады.
ҚР ҚПК-нің 30-бабында көзделгендей, Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады.
«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151-І Заңының 3 бабына сәйкес Қазақстан Республикасындағы тiл туралы заңдар Конституцияға негiзделедi, осы заңнан, тiлдердi қолдануға және дамытуға қатысты өзге де нормативтiк құқықтық актiлерден тұрады.
Біркелкі сот практикасын қалыптастыру және сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты 2016 жылғы 22 желтоқсанда «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулы қабылдады.
Осы нормативтік қаулыны дайындау барысында ҚР Жоғарғы Сотымен сот төрелігін жүзеге асыру барысында сот ісін жүргізу тілі туралы қағидатты қолдану тәжірибесі қорытылған болатын.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес Жамбыл облысының соттарының өндірісіне түскен барлық қылмыстық істердің 2017 жылы 12 айға 2755 қылмыстық іс түскен, оның ішінде 1561 іс қазақ тілінде түскен.
Осы уақыт ішінде 1610 қылмыстық іске 1835 адамға үкім шыққан болса, соның ішінде 834 қылмыстық іс бойынша 980 адамға үкім қазақ тілінде шығарылған.
Жылдан жылға мемлекеттік тілде қаралатын істердің саны жоғарылап өсіп келеді.
Мемлекеттік тілде қаралған қылмыстық істердің үлкен үлесі Сарысу аудандық сотында 87,7 %, Жуалы аудандық сотында 85,4 %, Тұрар Рысқұлов аудандық сотында 83,4 %.
Ал, Қордай аудандық сотында 21,3 %, Тараз қаласы № 2 сотының 43,9 %, Жамбыл облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында 49,6 % мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізудегі үлесі төмен деңгейде. Қалған аудан және оған теңестірілген соттарда мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізудегі үлесі 50 % жоғары.
Апелляциялық сатыдағы сот, апелляциялық шағым немесе прокурордың өтінішхатымен бірге келіп түскен қылмыстық істі мәні бойынша апелляциялық сатыдағы сот отырысына тағайындауға кедергі болып табылатындықтан, яғни мемлекеттік тілдің сот ісін жүргізуде бұзушылықтар болса, істі тиісінше рәсімдеу үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарылуға жатады.
Сондықтан да, апелляциялық сатыдағы сот алқасы аталған кылмыстық істі ҚПК-тің 30, 419-423 баптарында көрсетілген заң талаптарына сай тиісінше рәсімдеп орындау үшін бірінші сатыдағы сотқа қайтарады.
Қылмыстық процесті жүргізетін органдармен негізінен қылмыстық сот ісін жүргізу тілі жөнінде заң талаптары қатаң сақталады, сотта сотталушының немесе жәбірленушінің ана тілін немесе өздері білетін тілді не аудармашының көрсететін қызметтерін пайдалану құқығы бұзылуы немесе осыған байланысты олардың қорғалу құқығы бұзылуы фактілері бірен-саран кездеседі.
Дегенмен де, қылмыстық процесті жүргізу органдары тарапынан орын алған біз әңгіме етіп отырған тіл туралы қағидаттың талаптарының кей кезде сақталмайтынын да айтып өтуіміз керек.
ҚР ҚПК 30 бабының 2 бөлігіне сәйкес қылмыстық процесті жүргізетін орган істі мемлекеттік тілден басқа тілдерде жүргізу қажет болған кезде сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығара алады.
Мысалы, қылмысты жасағаны үшін айыпталған адам істі сотта қарау кезінде сотталушы және оның қорғаушының арыздары негізінде сот ісін жүргізу тілі соттың қаулысы бойынша орыс немесе қазақ тілдеріне ауыстырылып, іс жүргізу орыс немесе қазақ тілінде, яғни өздері таңдаған тілде жалғастырылады.
Сот талқылауы басталған кезден іске қатысушыларға сотқа өзінің ана тiлiнде немесе өздері бiлетiн басқа тiлде мәлімдеме жасау, түсiнiктемелер және айғақтар беру, өтiнiшхаттар мәлімдеу, шағымдар келтіру, iс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу, аудармашының қызметтерiн тегiн пайдалану құқығы түсіндірілуі тиіс.
Яғни, қылмыстық істі басты сот талқылауында қарау барысында іске қатысушы тараптар сот ісі жүргізілетін тілді білмеген жағдайда міндетті түрде аудармашы қатыстырылуы қажет.
Мысалы, іс материалдарынан көрінгендей, сотталушының өтінішхатына сәйкес сот ісін жүргізу тілі ретінде орыс тілі таңдалған. Сот отырысында жәбірленуші мен куәгер мемлекеттік тілде жауап беруіне байланысты аудармашының қатысуын сот қамтамасыз етеді, яғни сотталушы аудармашының қызметтерін пайдалану құқығын пайдалана алады.
Басты сот талқылауында төрағалық етуші судья аудармашыға ҚР ҚПК-нің 352 бабына сәйкес ҚПК-нің 81 бабында көзделген аудармашының құқықтары мен міндеттерін түсіндіре аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшiн қылмыстық жауаптылығы ескертедi, бұл туралы одан қолхат алынады.
Аудармашының құқықтары мен міндеттері түсіндірілгеннен кейін төрағалық етуші судья ҚПК-нің 353 бабына сәйкес іске қатысушылардан аудармашыға қарсылық бар-жоғын анықтайды. Қарсылық түскен жағдайда төрағалық етуші судья қарсылықты ҚПК-нің 92 бабының талабына сәйкес шешеді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 6 желтоқсандағы «Қорғану құқығын реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамасын қолдану тәжірибесі туралы»
№ 26 нормативтік қаулысының 9-тармағына сәйкес сезіктінің, айыпталушының, сотталушының қорғану құқығының бұзылуын тек қорғаушыны бермеу ғана емес, сондай-ақ олардың процессуалдық құқықтарын, атап айтқанда, ана тілі немесе басқа білетін тілді пайдалану, түсініктеме беру, айғақтар ұсыну, дәлелдеме келтіру, өтініш мәлімдеу, дәлелдемелерді зерттеу және сот жарыссөзіне қатысу, соңғы сөз сөйлеу, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың іс-әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану және т.б. құқықтарын шектеуі де — қорғану құқығын бұзушылық деп танылуы мүмкін екендігін ескерген жөн.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» № 13 нормативтік қаулысының 9 тармағына сәйкес егер қорғалуға құқығы бар куә, күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған, ақталған және өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам сот ісі жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткілікті түрде білмесе, онда сот процесіне қорғаушының қатысуы міндетті.
Сотталғанның ана тілін, аудармашының қызметтерін пайдалану, қорғалу құқығының бұзылуы қылмыстық-процестік заңды елеулі түрде бұзу деп танылып, ол жөнінде сот актілерінің күші жойылды.
Сот практикасынан қылмыстық қудалау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді көбінесе өздеріне қолайлы орыс тілінде жүргізетіндігі анық.
Күдікті немесе айыпталушы процессуалдық тәртіпте тәуелді болғандықтан, аталған органдардың ырқына көнуге мәжбүр болып, тергеу органдарының қалаған тілінде істі жүргізу туралы өтініш білдіруде кездеседі.
Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын адамдарға істің олар үшiн қажеттi, басқа тiлде жазылған материалдарын қылмыстық сот iсiн жүргiзу тiлiне аудару тегiн қамтамасыз етiледi.
Сот процесiне қатысатын адамдарға сотта айтылғандардың басқа тiлде болған бөлiгiнiң сот iсiн жүргiзу тiлiне аудармасы өтеусіз қамтамасыз етiледi. (ҚПК-нің 30 бабының 4 бөлігі).
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кейбір қылмыстық істер бойынша жәбірленушілердің арыздары, тергеу амалдарының хаттамалары, сараптама қорытындылары орыс тілінде дайындалғанына қарамастан, тергеушімен аудармашы қатыстыру мәселесі шешілмейтін, аталған құжаттардың аудармасы жасалмайтындығын да атап өткен жөн.
Сонымен қатар, кейбір қылмыстық істер бойынша тергеп-тексеру органы істі қазақ тілінде жүргізгенімен, сараптама орыс тілінде жасалатын жағдайлар да кездеседі.
Сондықтан, сот ісін жүргізу тілін заңға сәйкес дұрыс қолданып, тіл өндірісін бұзуға жол бермеу қажет. Бұндай бұзылған жағдайда, сот тарапынан тергеп-тексеру органына жеке қаулы шығарып, нақты лауазымды тұлғаның жауапкершілгін шешу қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2016 жылғы 22 желтоқсандағы «Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қолданудың кейбір мәселелері туралы» № 13 нормативтік қаулысының 11 тармағында процестік құжаттарды жасаған кезде олардың мазмұны мен сот ісін жүргізу тілінің лингвистикалық (тілдік) қағидаларына қойылатын талаптарға назар аудару қажеттігі атап көрсетілген.
Процестік құжаттар, оның ішінде сот үкімдері кейде тілдік қағидалар сақталмай, сапасыз дайындалатындығыда кездеседі.
Атап айтқанда, Үкімнің сипаттау-дәлелдеу бөлімінде: ҚР ҚПК-нің 397 б. 1 б. нормаларына сәйкес, айыптау үкімнің сипаттау-дәлелдеу бөлігі сотпен дәлелді деп танылған, қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты, оны жасау уақыты, орны, әдісі, кінәнің түрі, мотиві мен оның салдары көрсетілуі тиіс.
Бірақ, үкім шығаруда сот жоғарыда аталған талаптар бұзылатыны, сипаттау-дәлелдеу бөлімінде қылмыстық құқық бұзушылықтың объективті құрамы жазылмайтындары болады, яғни саралау белгісі.
Сот айыптау үкімін дайындау кезінде оның нысаны мен мазмұны жөнінде қойылатын заң талаптарын сақтау қажет. Сотталушылардың, жәбірленушінің, куәлардың жауаптары үшінші жақта келтірілуі тиіс екені ескерілуі керек. Сот үкімінде қылмыстық оқиға дәйекті мәтіні баяндалып жазылады. Сотталушының нақты қылмыстық әрекеті ашып көрсетілуі тиіс. Сотталғандардың, куәлардың жауаптары түсінікті, жеткілікті тілде, ешқандай көп сөздер тіркесімен жазылмауы керек.
Сот ісін жүргізу тілі қағидатын қатаң сақтау өз кезегінде сот ісін жүргізудегі заңдылық, жеке бастың абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеу, іс жүргізу кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігін заң мен сот алдында теңдік бастауларында жүзеге асыру, қорғалу құқығын қамтамасыз ету, жариялылық сияқты қағидаттардың қатаң сақталуына кепіл болатыны сөзсіз.
Сондықтан сот ісін жүргізу тілі туралы заңнаманы қолданудағы олқылықтарды болдырмау және біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыру республика соттарының әрдайым назарында.
Жамбыл облыстық сотының судьясы Досымкулов Рашид Жабықұлы