Барлық бала бақытты болуға тиіс. Осы ұранды алға тартқан «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы республикалық акция аясында Тараз қаласындағы «Үміт» балалар үйінде қайырымдылық шарасын өткізді.
«Үміт» балалар үйіне келген «Нұр Отандықтар» бүлдіршіндерге түрлі тәттілер мен сыйлықтар таратып, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шат-шадыман қуанышқа кенелген сәбилер, қонақтарға алғысын тақпақпен жеткізді.
-Бұл қуанышты күнде жағдайы төмен және аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалған жоқ. Фатима Зәуірбекова жалғызбасты, үш баланың анасы. Күйеуі қайтыс болғаннан бері айдай 1 бөлмені жалдап, тұруға мәжбүр. Балалар мерекесінде бұл шаңыраққа арнайы келуді жөн көрдік, -деді «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының басшысы жалғыз басты отбасыларға қажетті азық-түлік беріп, балаларға сыйлық жасады.
Бұл күні сәбилердің жүздері бал-бұл жайнап, қуанышқа бөленді.