Бүгін Елдорда Астананың 20 жылдық мерейтойына орай, 1 маусым күні Тараз қаласының орталық алаңында Халықаралық балалар күніне арналған салтанатты шеру өтті.
Республикалық және халықаралық олимпиадалардың, түрлі байқаулардың жеңімпаздарының, және дарынды оқушылардың қатысуымен өткен мерекелік шара жас жеткіншектердің шығармашылығын қолдау, олардың музыкалық мәдениет деңгейін көтеру, білім беру ұйымына деген мақтаныш сезімін қалыптастыру, рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды.
Барабаншылар, үрмелі аспаптар оркестрлері және ансамбльдері, хор және би ұжымдары орталық алаңда жүріп өтеді. Керемет музыкалық репертуар мен театрландырылған шеру көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Іс-шараға Тараз қаласының және барлық он ауданның оқушылары, қосымша білім беру және орта білім беру мекемелерінің педагогтері, Жамбыл политехникалық, Абай атындағы гуманитарлық, №13 Теміржол, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар, Тараз химия – технология, №12 «Тараз» колледждері, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ, ТИГУ студенттері, балалар шығармашылығы орталығының оқушылары қатысты.
Балалар мен жастардың музыкалық оркестрі мен ансамбльдерінің шеруі елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бөлігі. Осыған ұқсас шерулер бір уақытта еліміздің барлық облыс орталықтары мен Алматы және Астана қалаларында өтті.