Тараз қаласы әкімі, әкімінің орынбасарлары, қалалық әкімдікке қарасты бөлім басшылары, қалалық мәслихат хатшысы, мәслихат депутаттарының жанұялық жалақылары белгілі болды, деп хабарлайды «TURANINFO.KZ» ақпараттық агенттігі «JAMBYL TARAZ» қалалық қоғамдық — саяси газетіне сілтеме жасап. «JAMBYL TARAZ» қалалық қоғамдық — саяси газетінің 2018 жылдың 25 мамыр №43 санында «Нұр Отан» партиясы «Өзіңнен баста» акциясы аясында Тараз қаласы әкімі, әкімінің орынбасарлары, қалалық әкімдікке қарасты бөлім басшылары, қалалық мәслихат хатшысы, мәслихат депутаттарының жанұялық жалақылары жарияланды. Тараз қаласының жаңа әкімінің жанұялық кірісі 1 млн 300 мыңға жуық, зейнеткер, мәслихат хатшысы Батырбек Әбдірәсілұлының жалақысы 194 000 теңге, оған қоса 84 000 теңге зейнетақы түсіп тұрады екен. Қала әкімі орынбасарлары Кенжебек Олжабай мен Жандос Өмірзақов қызметтері үшін айына 203 000 және 199 000 теңге аралығында жалақы алады екен. Ал бөлім басшыларына келер болсақ, ең көлемді жалақы 192 000 теңгені тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов, білім бөлімінің басшысы Мубарак Жинақбаева, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева, олардан 2 мың теңге төмен алатын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы Гаухар Олжабаева мен дене шынықтыру бөлімінің басшысы Оксана Борисюк. Ең төменгі жалақы қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбековке тиесілі. Көрсетілген 19 лауазымды мемлекеттік қызметшінің 11-інде жеке тұрғын үй немесе пәтерлері жоқ. Қалалық мәслихат депутаттарынан ішінде жалақылары үздік үштікте тұрған 591 273 теңге көлемінде «Жамбыл жүк тасымалы» бөлімшесінің директоры Берік Ақшалов, екінші орында 394 997 теңге көлемінде Жамбыл облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Жақып Жексембиев, үштікті «Тараз су» МКК директоры Марат Смаилов 333 621 теңге жалақымен қорытындылап тұр. Жалақыларын көрсетпеген жеке кәсіпкер Жанар Бүркітбаева мен уақытша жұмыссыз Нариман Мәуленов. Ал ең төменгі жалақы иелері «Аю» балабақшасының директоры Бағдат Майлыбаева мен Серікбол Берікқожа, олардың көрсеткен жалақылары 90 мың теңгеге жуық. Ашық қоғам мен жариялық ұстанымын ұстаған шенділері мен халық қалаулыларының жасаған істері құптарлық іс деп білеміз.