Бүгін соңғы қоңырау мерекесіне орай облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығында облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Тараз түлегі» жобасы аясында «ONLINE BELL» халықаралық ынталандыру онлайн шеберлік дәрісі өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шарада «Болашақ» бағдарламасымен оқыған журналист, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңес мүшесі Қанат Әуесбай модератор болды.
Интерактивті дәріс барысында әлемдегі беделді білім ордаларында оқып, өз саласында табысты болумен ел аузында жүрген тараздықтармен тікелей бейне-қосылым орнатылды.
Шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ төрағасының орынбасары, Кэмбридж университетінде докторлық (PhD) қорғаған ғалым Нәзипа Аюбаева және онлайн-қосылымда химиядан халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, MIT түлегі, Yelp.com компаниясының инженер-бағдарламалаушысы Қайрат Әшім, Бристол университетінің білім саласы бойынша PhD докторанты Жанат Төтешева, кәсіпкер, «Rumi Group» компаниясының негізін қалаушы, басқарушысы Қуаныш Шоңбай, республикалық «Baitaq bolashaq» экологиялық альянсының президенті Азаматхан Әміртай қатысып, жамбылдық оқушыларға жетістікке жету жолындағы қызықтары мен қиындықтарын баяндады.
Сондай-ақ, спикерлер табысты болудың жеке тәжірибесі, тұлға қалыптасуындағы сапалы білімнің маңызы, өмірлік басымдықтар мен құндылықтар, мақсатқа жету жолындағы ізденістер турасында сөз өрбітті.
Шара барысында оқушылар спикерлерге сұрақтар қойып, үздік сұрақ иесі спикерлердің арнайы дайындаған естелік сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Е.Манжуов «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ төрағасының орынбасары Нәзипа Аюбаеваға сый табыстап, құрмет көрсетті.
Дәріс соңында мәртебелі меймандар өтіп бара жатқан оқу жылындағы соңғы қоңырауды дүниенің әр тарабынан соғып, жеткіншектерге білім жолында ақ жол тіледі.