Баспасөз мәслихатында Рамазан айының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Серікбай Ораз Сатыбалдыұлының халыққа Рамазанмен құттықтауы жеткізілді. Сонымен қатар Рамазан айында атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.
Бас имам Данияр қажы БАҚ өкілдерін және мұсылман қауымды Қасиетті айдың келуімен құттықтап, өз сөзінде:
«Он екі айдың сұлтаны болған Рамазанның алғашқы 10 күні Алланың рахымы түсіп тұрады, екінші 10 күнінде кешірімі болса, соңғы 10 күндігінде ораза ұстаған жанды тозақ отынан құтқаратын берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Рамазан – Жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі. Мұсылман үмбеті бұл айды сарыла күтіп, сағынышпен қарсы алады. « Келесі жылы бұл қасиетті аймен қайта қауышуға ғұмырым жете ме, жоқ па?» деген қимас сезімдермен шығарып салады.
Қасиетті айдың құрметіне рухани кештер ұйымдастырылып, қаланың біраз мешіттерінде ауызашар дастархандары жайылады. Бір ай бойы қала және аудандық кейбір мешіттерде тарауих намаздарында қарилардың қатысуымен «Құран хатым» оқылады. Сонымен қатар Орталық «Һибатулла Тарази» мешіті мен қалалық «Кенесхан қажы» мешіттерінің жамағаты үшін түнгі уақыттарда тарауих намазынан шыққан кісілерді үйлеріне жеткізіп салуға тегін автобустар қойылады. Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, айт мерекесі ұлттық нақышта өтеді. Құрметті жамағат! Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «2018 – Ислам және отбасы жылы» деп атады. Бір адамды қуанышқа бөлеу – садақа. Осы ретте отандастарымды материалдық көмекке мұқтаж жандарға көңіл бөліп, қайырымдылық іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырып, қасиетті айда қараусыз қалған қарттар мен мүгедектерге, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға, науқас адамдарға барынша қамқорлығымызды көрсетейік, ардақты ағайын!.
Кәсіпкерлерді рамазанның құрметі үшін азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға, жол-көлік ақысына жеңілдіктер жасауға үндейміз.
Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін.
Қадірлі бауырлар!
Баршамызды оразаға аман-есен жеткізген құдіреті шексіз Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтау-мадақтар болсын!
Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, бірлік пен береке тілеймін! Баршаңызға Жаратқан Ием жар болсын!