ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті тарапынан Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру мәселесі бойынша Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдарының жұмысына сыртқы талдау жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, Сарысу және Талас ауданы әкімдіктерінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің жұмысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері (тұрғын үй беру барысында кезек ретінің бұзылуы, қажетті пәтер аумағы ескерілместен жекелеген азаматтарға негізсіз артықшылықтар беру) анықталды.
Сарысу ауданында тұрғын үйлерді үлестіру кезінде заңсыз артықшылықтар беру фактілері анықталды.
Мысалы, Сарысу ауданының тұрғын үй комиссиясы тұрғын үйлерді үлестіру кезінде 1 бөлмелі пәтер алуы тиіс азаматшалар Б. және П.-ға заңсыз артықшылықтар жасаған. Алайда, заңнама талаптарына қарамастан, азаматшалар Б. және П.-ға 2 бөлмелі пәтерлер берілген.
Сондай-ақ, ұлы мен қызы бар азаматша Б-ға тұрғын үй комиссиясының шешімімен 2 бөлмелі пәтер берілген.
Ал осындай жағдайдағы ұлы мен қызы бар азаматшалар К және З-ға үй комиссиясының шешімімен 3 бөлмелі пәтерлер бөлінген.
Тұрғын үй комиссиясының заңсыз әрекеттерінің және тұрғын үйлерді заңсыз бөлудің салдарынан заңнамамен реттелетін белгіленген тұрғын үй алу кезегі бұзылған.
Мысалға, 119 және 120 кезектегі көп балалы отбасылы азаматшалар Т. және И-ге пәтерлер, 117 кезек ретімен тұрған дәл сондай көп балалы отбасылы азаматша Н-дан бұрын берілген.
Осындай фактілер Талас ауданында да анықталған. Мұнда кезегі келмеген азаматтарға пәтерлер үлестірілген.
2014 жылғы 3 шілдедегі тұрғын үй комиссиясы отырысының №6 хаттамасымен мүгедек балалары бар азаматша К-ға (16 кезек ретімен тұрған), толық емес отбасылы азаматша К-ға (кезек реті 18), оралман болып табылатын азамат С-ға (кезек реті 24) және толық емес отбасылы азаматша П-ға (кезек реті 25) №54 үйден 3 бөлмелі пәтерлер берілген.
Ал, көрсетілген үйді пайдалануға қабылдау кезінде 3 бөлмелі пәтерді алу үшін азаматша 12 реттік нөмірдегі кезекте тұрған толық емес отбасылы азаматша В. пәтерді жоғарыда көрсетілген тұлғаларға қарағанда едәуір кеш, нақтырақ айтқанда, тұрғын үй комиссиясының 2015 жылғы 28 қарашадағы №13 хаттамасына сәйкес 1,5 жылдан кейін алған.
Осылайша, жүргізіген талдау тұрғын үйге мұқтаж, 12 кезек ретімен тұрған тұлға тұрғын үй үлестіру кезінде кезек реті төмен, яғни 16, 24, 25, 28 нөмірлермен тұрған азаматтарға қарағанда өзіне тиесілі пәтерді бір жарым жылға кеш алғандығын көрсетті.
Көрсетілген бұзушылықтар ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ отырысында қарастырылып, аталған аудан әкімдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді болдырмау жөнінде және жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершіліктерін қарау туралы ұсыныстар берілді..