Байзақ ауданының жайылымдық жерлерге шегіртке шабуылдауда. Осыған орай, зиянды жәндікке қарсы препараттар толықтай сатып алынып, қажетті техникалар жұмыс жасап жатыр. Оған республикалық бюджеттен 580 млн теңге қаражат бөлінген.
— “Байзақ ауданы бойынша 63 мың га жерге дәрілеу жұмыстары жоспарланған. Соның ішінде 30 мың га жер дәріленді. Сондай-ақ, шегірткелер қазір 2 жаста, олар шабуыл жасайтын жасқа жеткен жоқ. Облыс бойынша 10 ауданда “марокколық шегірткеге” қарсы жұмыстар жоспарда бар” — деп мәлімдеді Жамбыл облысының аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Кенен Дүйсенбеков.
Сонымен қатар, облыстағы аумақтық инспекция өкілдері дәрілеу жұмыстарын 7 серіктестік жүргізіп жатқанын айтты. Әрқайсысы 40 мың гектардан бөліп алған. Биыл бас-аяғы 355 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жүргізілмек.
— “Марокколық шегірткемен” күресті сәуір айының 23-і күні бастадық. Алдағы уақытта 20-мамырға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Тағы айта кетерлігі, шегірткелер ең көп шоғырланған аумақ “Көделі” жайлауы болып отыр. Алайда, мұндағы шегірткелер қазіргі таңда залалсыздандырылды. Биыл қара шегірткеден туындайтын ешқандай қауіп жоқ” — деп ақталды Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сұлтанбеков.