«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев бірқатар басқарма басшыларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бүгінде партия жұмысын тыңғылықты сараптаудың және халық тарапынан келіп түскен ұсыныстардың нәтижесінде 20-дан астам партиялық жоба дайындалған. Олардың қатарында жұмысы қайта жандандырылған «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» атты екі бұрынғы жобалар өз жұмысын ары қарайда жалғастыра бермек. Бұл жаңа партиялық жобалар партияға деген сенімді күшейтуге, еліміздегі стратегиялық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға жүйелі түрде қатысуға, білікті кадрлар тобын қалыптастыруға және партия қызметін жаңғыртып, оның жұмысына заманауи технологияларды қолдануға бағытталып отыр екен.
– Жаңа жобалардың барлығы Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі нақты тапсырмасы бойынша дайындалған. Соның нәтижесінде алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясында алғаш рет жобалық менеджмент тәжірибесі қолданылмақ. Бұл тәжірибенің әлемдік деңгейде аясы кең. Сол арқылы партияның Орталық аппараты мен барлық филиалдарының жұмысы жүйеленетін болады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше жоба қолға алынды. Соның ішінде партияның бастамасымен жергілікті атқарушы орган, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен ашылатын 1000 ІТ-сынып пен 20 ІТ-орталықтың маңызы зор. Облыс бойынша биылғы жылы 12 ІТ-сынып ашылатын болады. Аталған жобалар партияның елімізді цифрландыру ісіне қосқан нақты үлесі болмақ. «Нұр Отан» Бірыңғай геоақпараттық онлайн-қызмет көрсететін портал құруды жоспарлап отыр. Сол арқылы қазақстандық кәсіпкерлер сатылатын немесе жалға берілетін коммерциялық мақсаттағы жер телімдері туралы жан-жақты мәліметтерге қол жеткізбек. Жаңа онлайн-қызмет осы бағыттағы жұмыстардың ашықтығын да қамтамасыз етеді. Мектеп асханалары мен спорт алаңдарының жұмысы да партия назарынан тыс қалған жоқ. Сондықтан жаңа партиялық жобалар арқылы бұл әлеуметтік нысандардың да жұмысы жанданып, заман талабына сай қызмет көрсетпек. Партияның бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі кітапханалар заманауи білім орталығы ретінде қайта құрылып, кітап қорының электронды нұсқалары дайындалатын болады. Одан бөлек «Нұр Отан» партиясы жастардың әсіресе ауылдық жерлердегі жас буынның ағылшын тілін үйренуіне қолайлы орта қалыптастыруды қолға алып отыр. Бұл жұмысқа партия тілді еркін меңгерген отандық және шетелдік еріктілерді жұмылдырмақ, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
Сондай-ақ «Цифрлы Қазақстан», «Рухани жаңғыру» секілді жаңа жобалар маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға және шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған. Сондықтан партия облыстық филиалы алдағы уақытта мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен, кәсіпкерлер палатасы және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істемейтін болады. Мұнан өзге «тегін 1000 ІТ-сынып» партиялық жобасын жүзеге асыру аясында жылына 150 мың қазақстандық мектеп оқушысы еуропалық білім беру тәсілімен бағдарламалау мен робот техникасының негіздерін үйренуге мүмкіндік алмақ.
Ал ІТ-орталықтар базасында жылына 35 мың қазақстандық ақпараттық технология саласында білім алып, әлемдік нарықта жұмыс істеуіне жол ашылып отыр екен. Партияның қолға алған игі бастамалардың қатарында еліміздегі кітапханалардың жұмысын жандандырып, оларды қазіргі заман талаптарына сай Білім орталығы ретінде қайта құру ісі де бар. Аталған жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылмақ. Бұл бастамалардың барлығы басқармалар арқылы іске асатындығы белгілі. Сондықтан партия облыстық филиалы партиялық жобаларды жүзеге асыруға атсалысатын облыс әкімдігінің білім, мәдениет, архивтер және құжаттама, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Алдағы уақытта осы меморандум бойынша аталған жобалар іске асатын болады.