Асқар Мырзахметовтың облысқа әкім болып келгеніне әне-міне дегенше бір тоқсаннан асты. Нақтырақ айтқанда, бүгін 100 күн болды. Жыл басында аймақ басшысы болып келген ол облыс орталығының көркіне баса назар аударды. Осы мақсатта қала құрылысы кеңесін қолға алып, аталған салаға жауаптылардың басына апта сайын қосып отырады. Мақсаты – облыс орталығын көркейту
Нәтижесінде, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Онда осындай жұмыстардың арқасында аталған саябаққа Б.Момышұлының және Ауған соғысына арналған ескерткіштері, сондай-ақ «мәңгілік алау» әкелінбек. Ол жақта бұдан өзге де тірліктер атқарылып жатыр. Мысалы, сол саябақ орналасқан І.Жансүгіров көшесіне бір жолақ қосылып, кеңейтілу үстінде. Сонымен қатар қаладағы Қ.Рысқұлбеков, «Мамыр», ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақтарға да жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ облыс орталығындағы басқа да шаруалар қолға алып жатыр.
Кадрлық ауыс-түйістер
Асқар Исабекұлы аймаққа келгеннен кейін кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Мәселен, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болған Қыдыр Бегалиев Маңғыстау облысына қызметін ауыстырып, орнына Ләззат Смағұлова келді. Сондай-ақ ауыл шаруашылық басқармасының басшысы болған Нұржан Нұржігітов табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды. Ал оның орынын Берік Нигмашов басты. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы болған Мүсілім Қасымов облыс әкімінің кеңесшісі болса, басқарма басшысы қызметіне Нұрлан Алдамжаров келді. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасын басқарған Қарлығаш Аралбекова жаңа құрылған туризм басқармасын басқаратын болды. Оның орнына астаналық Арнұр Мұхамеджанов келді.
Туризм саласы түрленбек
Өңірде алдағы уақытта Ақыртас сарай кешені толық зерттелетін болады. Оған еліміздің археологтарымен қатар шетелдік ғалымдар да тартылмақшы. Халықаралық экспедиция зерттеу жұмыстарын мамыр айынан бастайды. Бұл жұмыстардың барлығы облыстың туризм саласын дамыту үшін жасалынып жатқан тірліктер.
18 млрд теңге қайтарылды
Облыста бүгінгі таңда 299 жобалық-сметалық жұмыстары әзірленуде. Оның ішінде, алдын ала құны анықталған 133 жоба бойынша іс-шара талаптарына сәйкес жүргізілген талдау нәтижесінде 18 млрд. теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемделді.
Тоқмәди ісі
Біраз елді дүрліктерген Тоқмәди ісінне нүкте қою біздің облыстың судьяларына жүктелді. Осылайша, Жамбыл облысының мамандандырылған қылмыстық істер бойынша сотында «ТұранӘлем банктің» басшысы Ержан Тәтішевтің қазасы бойынша өтіп жатқан сотта бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиге үкім оқылды. Судья Азамат Тілепов Мұратхан Тоқмәдиді Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыптап, 10 жыл алты айға сотталды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу туралы үкім кесілді.
Облыстың логотипі өзгермек
Асқар Мырзахметов облыс орталығындағы нақты жұмыстардан өзге логотипті де ауыстыруға ниетті. Атап айтқанда, облыстың және қаланың логотипін ауыстыру қолға алынып, ұсыныс-пікірлері тыңдалу үстінде.
Расында, Асқар Исабекұлы облысқа әкім болып келгелі бері біршама істерді қолға алынды. Дегенмен бұл басшы қай істі бастамастан бұрын халықтың ұсыныс-пікірлерімен санасады. Яғни, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі. Сондықтан оның бастамаларының барлығы нәтижелі болатындығына сенімдіміз.
TURANINFO.KZ