МЫРЗАҒАЛИ АЙТЖАНОВТЫҢ ЭКСКЛЮЗИВТІ СҰХБАТЫ

Бүгінде «қазақ» боксының дәрежесі әлемге аян. Мықты күрзі жұдырықты бокшыларымыз бар деп мақтанатын елдің өкілдері бізбен санасады. Себебі, біздің елдің боксшылары шыққан белесінен қайтпай, шаршы алаңдағы шымырлығын әлі күнге дәлелдеп келеді. Әрине, бұл тұрғыда бапкерлердің еңбегін атамай кетпеске болмас. Қазіргі таңда былғары қолғап шеберлерінің ішінен сайдың тасындай іріктелген марғасқа жігіттерді жаттықтырып жүрген құрамамыздың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың еңбегі ерен. Осы орайда, осы бапкермен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Күні кеше «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубы мен Қытай елінің «China Dragons» командасы арасында жекпе-жек өтті. Сол бәсеке туралы ойыңызбен бөліссеңіз.
– Командалардың боксшылар тыңғылықты дайындықпен келген. Ол топтық сынның ең соңғы бәсекесі ғой. Сол себептен «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубының 5:0 есебімен ұтқаны жанкүйерлерге керемет көңіл-күй сыйлады. Бұл команда еліміздің намысын қорғап жүргеннен кейін ұлттық құраманың екі боксшысын осы сынға қостық. Ол Асланбек Шымбергенов пен Бек Нұрмағамбет. Бұл екеуі өте тамаша өнер көрсетіп, арландардың жеңісіне сүбелі үлестерін қосты.
– Бұл екеуінен өзге боксшылар арландардың сапына келе ме?
– Біздің алдағы басты жарысымыз Азия ойындары. Осы жарысқа бармайтын жігіттеріміз көп. Бүгінде ұлттық құрамада 4 құрам бар. Осы қалған құрамның жігіттері кәсіпқой бокс клубына көмекке келе алады.
– Қазақтың салмағы атанып кеткен 69 келідегі басты боксшымыз Данияр Елеусіновтің кәсіпқой боксқа ауысып кеткені белгілі. Енді бұл салмақта нөмір бірінші кім?
– Бұл мәселені алдағы жарыстар шешеді. Осы салмақта Азия ойындарына баратын боксшыны ҚР Президенті Кубогінен кейін айтамыз. Өйткені, сол бәсекеде барлық мықты боксшыларымыз жұдырық түйістіреді. Ол жерде Асланбек Шымбергенов пен Абылайхан Жүсіпов бір-бірімен кездесуі әбден мүмкін.
– «Astana Arlans» кәсіпқой бокс клубынан ұлттық құрамаға үміткерлер бар ма?
– Бұл команда да ұлттық құраманың резервтегі жігіттері өнер көрсетіп жатыр. Олар биылғы ел чемпионатында жақсы өнер көрсетсе, әрине үміткер болып табылады. Оның барлығы алдағы уақыттың еншісінде.

TURANINFO.KZ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X