Жалпы білім беретін пәндердің жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша Республикалық олимпиада 15-20 наурыз күндері – Атырау қаласында, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша 25-30 наурыз күндері – Қостанай қаласында өтті. Аталған білім додасында жамбылдық оқушылар топ жарып, қанжығаларын майлап қайтты.
Биылғы оқу жылы жамбылдық оқушылар үшін жемісті жыл болды. Облысымыздың үздік оқушыларының республикалық білім додаларында алдыңғы қатардан көрініп, қарсыластарына дес бермей келе жатқаны осының дәлелі.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Қостанай қаласында өткізілген олимпиада теориялық және практикалық кезең бойынша өтті. Оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіру, теориялық білімін тереңдетіп, тәжірибелік іскерліктерін шыңдау, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаға іріктеу және даярлау мақсатында ұйымдастырылған жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиадаға еліміздің әр шалғайынан 800-ден аса оқушы қатысып, бақтарын сынады.
Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі пәндерінен өткен зияткерлік сайыстың қорытындысы бойынша жамбылдық оқушылар 3 алтын, 6 күміс және 14 қола медальды жеңіп алды. Осы орайда облысымыздағы дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» мектеп-интернаты «Ең үздік олимпиадалық мектеп-2018» номинациясын қатарынан 10-шы рет иеленіп, ең үздік мектеп екенін дүйім жұртқа тағы да дәлелдегенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, 15-20 наурыз аралығында Атырау қаласында өткен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға Жамбыл облысынан 46 оқушы қатысып, 5 алтын, 7 күміс, 15 қола медальмен марапатталды.
Республикамыздың түпкір-түпкірінен келіп, математика, физика, химия, биология, география және информатика пәндерінен сынға түскен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар оқушылар арасында білім деңгейлерінің биіктігімен топ жарған жамбылдық оқушылар биыл да «Ең Үздік команда-2018» номинациясының иегері атанып, командалық есепте І орынды жеңіп алды. Сөйтіп, 7-ші жыл қатарынан өздерінің үздік екендіктерін дәлелдеді.
Білім бәйгесінде бақтарын сынаған жамбылдық 28 оқушыға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының 20-жылдығы Грамотасы табысталды.
Толқын НАРТАЕВА, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының орта білім бөлімінің бас маманы