2018 жылғы 3 сәуірде Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің Даңқ алаңында 2011 жылдың 12 қарашасы күні террористі ұстау кезінде ерлікпен қаза болған Халық Қаhарманы полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың туған күніне орай митинг өткізілді.
Іс-шараға ІІД жеке құрамы, Ғ.Байтасовтың туыстары, ІІО ардагерлері, Тараз қ. Ішкі істер басқармасы, ІІБ Жол-патрульдік полиция батальоны және БАҚ өкілдері қатысты.
Митинг Жамбыл облысы ІІД бастығы полиция генерал-майоры Тлеген Маткенов, ІІД басшылығы, Ғазиз Байтасовтың жұбайы, бауырлары және балалары, сондай-ақ ІІО ардагерлері мен жас полиция қызметкерлері Ғ.Байтасовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды.
Содан соң шараға қатысушылар полиция капитаны Ғазиз Байтасовты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Алғаш болып Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Маткенов Тлеген Советұлы сөз сөйледі. Жамбыл облысы ІІД Ардагерлер кеңесі атынан ішкі істер органдарының ардагерлер ұйымының төрағасы запастағы полиция полковнигі Өрнекбай Смаилов сөз сөйледі. Келесі кезекте Халық Қаhарманының жұбайы Тажиева Гүлжамал Махамбетқызы: — Ғазиз Байтасовтың ерлігіне құрмет көрсетіп, туған күніне жұртшылық жиналып отыр, бүгін ол ортамызда болғанда 47 жасқа келер еді. Жасаған ерлігі полиция қызметкерлеріне үлгі болды, оның есімі ұмытылмайды. Ол Отанын, халқын, жерлестерін қорғап, жастай өмірімен қош айтысты – дей келе, ІІД басшылығы мен жеке құрамға Ғазизді ұмытпағандары үшін ризашылығын жеткізіп, Ғазиздің әріптестеріне денсаулық, қызметтеріне тыныштық тіледі.
Митинг соңында қатысушылар ІІД-нің мұражайымен, ондағы Ғазиз Байтасовқа арналған бұрышпен танысып қайтты.
Атап өту керек, Тараз қаласында орналасқан орта және жоғары оқу орындарында, жалпы білім беретін орта мектептерде «Халық қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне байланысты «Ерлік сағаттары» өткізілуде.
Жамбыл облысы ІІД Баспасөз қызметі