Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің басым көпшілігі экологиялық талаптарға сай келмейді. Оған қалалық әкімдіктің ұйымдастырған арнайы тексерісі барысында көз жеткіздік.
Бүгінде тұрғындарының саны жыл санап артып келе жатқан шаһардың уақытысындағы «ең таза қала» деген статусынан түсетін қаупі туындап келе жатыр. Оған басты мысал, жолаушылар көліктерінен ауаға таралып жатқан зиянды заттар. Оны күнделікті көзіміз көріп үйренісіп те қалғандай. Мұны ескерген қоғамдық көлікті бағыттаушы мекемелер қанша тырысқанымен біздегі жолкіренің де жағдайы анау айтқандай емес. Дегенмен ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Өйткені, қаланың тазалығы мен заң баршаға ортақ. Одан ешкім аттап кете алмайды. Осы мақсатта қалалық әкімдік пен жол патрульдік полиция бөлімі шаһарда арнайы рейд ұйымдастырды. Арнайы шара барысында арнайы құрылығы арқылы авто көліктердің экологияға шығарып жатқан артық заттары тексерілді. Талапқа сай келмегендеріне әкімшілік-құқық бұзушылық бойынша хаттамалар толтырылды. Сонымен рейдті ұйымдастырушылар жұмысын қоғамдық көлік көп жүретін авто вокзал аумағынан бастады. Әуелі сала мамандарының көзіне дизельдік көлік жүретін қоғамдық көліктер түсті. №1 және 29 бағыттағы автобустарды тоқтатып, арнайы құрылғы арқылы тексергенде 7 көліктің тек 1-і ғана талапқа сай келмейтіндігі анықталды. Жалпы көліктердің қозғалтқышынан бөлінетін зиянды заттың мөлшері 50 пайыздан аспауы қажет екен. Бірақ тоқтаған қоғамдық көліктерде бұл көрсеткіш 90 пайыздан жоғары болып жатты. Яғни, басым көпшілігінде арнайы құрылғы 98 пайыздық көрсеткішті көрсетуден танбады. Сондай-ақ жүк көліктерінің де экологиялық жағдайы оңып тұрған жоқ екен. Рейдте экологиялық талапқа сай келмейтін көлік иелеріне әкімшілік-құқық бұзушылықтың 334 бабына сай хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Шарада алғаш рет экологиялық талапты бұзған көлік жүргізушілеріне аталған баптың 1 бөлімі бойынша 4810 теңге, ал бұған дейін осылай заң бұзғандарға осы баптың 2 бөліміне сәйкес 12025 теңге айыппұл салынды.
Бұдан соң шара орталық базар маңында жалғасын тапты. Мұнда жол патрульдік полиция қызметкерлеріне облыстық экология департаментінің мамандары көмекке келді. Олар бірлесіп шаһардағы қоғамдық көліктермен қатар жүк көліктерін, жеңіл көліктерді және қала аралық бағыттағы көліктерге де тексеріс жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде көңілге жұбаныш болатын көп көлікті кездестіре қоймадық. Көпшілігі экологиялық талаптарға сай емес екенін және аңғардық. Шарада тіпті дизельдік отынмен жүретін көліктерден өзге бензин және газбен қозғалатын көліктерге де облыстық экология департаментінің мамандары «газоанализатор» деген құрылғымен тексеріс жүргізді. Онда да біразының заң қойған үдеден шыға қоймағанын көз көрді. Бір айта кететін жайт, шыққанына 7 жыл толмаған көліктерге экологиялық тексеріс жүргізілмейді екен. Дегенмен мамандар жаңа деген қоғамдық көліктердің өзінен ауаға таралып жатқан зиянды заттарды анықтады.
Шарада жол патрульдік полиция бөлімінің арнайы техника жөніндегі аға инспекторы Берік Сайлауовтың айытуынша, екі күн ішінде санитарлық-техникалық заңдылықтарды бұзғаны үшін 50 қоғамдық көлікке хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған. Сондай-ақ тағы екі автобус айып тұрағына жеткізіліпті. Ал арнайы рейдте 20 көлікке әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ қала әкімдігінің тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықов алдағы бір ай бойына қоғамдық көліктерге осындай тексерістер жүргізілетінін айтып, талапқа сай келмейтіндері бағыттан шығарылады екен. Сонымен қатар жолаушылар көлігін бағыттайтын мекемелерге көліктерін талапқа сәйкестендіру үшін 1 ай уақыт берілетін көрінеді. Егер оны орындамаған жағдайда қалалық әкімдік олармен арадағы келісімшартты үзуге қауқарлы. Оның барлығын алдағы талдау жұмыстарының нәтижес көрсетпек. Мәселен, бүгінде жолаушыларды тасымалдап жүрген қоғамдық автобустардың біреуінің өзіне 100 шақырым жол жүруі үшін 53 литр жанар-жағармай қажет екен. Сондай-ақ ол көліктер тоқтаусыз 14 сағат жүретін болса, ауаға 343 автокөлікпен тең газ шығарады. Енді ауаға таралып жатқан зиянды заттарды есептей беріңіз. Осындай мәселелерге алаңдаушылық танытып отырған облыс басшылығы қоғамдық көліктерді дизельдік отыннан сұйытылған газбен қозғалту шараларын қарастырып жатыр. Ондай болған жағдайда ауаға олардан келетін зиянды заттардың мөлшері едәуір азаймақ.