«Arai plaza» бизнес-орталығында еліміздегі ең ірі жобаларының бірі – Азияның VI Агрохимиялық форумы өтті.
Отандық тауарөндірушілер, минералды тыңайтқыш өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кешені өндірісінің өкілдері, сонымен қатар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерінің басын қосқан шараның өтуіне минералды тыңайтқыштарды өндіретін «Казфосфат» ЖШС, «Еврохим» МХК АҚ және «КазАзот» АҚ сынды ірі компаниялар мұрындық болды. Сондай-ақ бұл жиынға ТМД елдерінің агрохимия саласындағы жетекші компанияларының көшбасшылары мен агрохимия саласында еңбегі сіңген қайраткерлер қатысты. Форумның ашылу салтанатында «Казфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров ауқымды шараның негізгі мақсаты – Азиядағы агрохимия саласының кәсіпқой мамандарының басын қосатын алаң құру екендігін жеткізіп, өзі басқаратын мекеменің тыңайтқыш өндірудегі тәжірибелерімен бөлісті.
– Тараз қаласы химия өндірісіне өте қолайлы. Әрі ауыл шаруашылығымен айналысуға ыңғайлы жер. Бұл шараның көктемгі егіс науқанының алдында ұйымдастырылуы тегін емес. Қазір барлық шаруашылықтар сол науқанға қызу дайындалып жатқаны белгілі. Олардың негізгі мақсаты шаруашылықтарынан мол өнім алу. Бұл тұрғыда тыңайтқыштардың артқаратын рөлі орасан. Сондай-ақ заманауи технологияларды қолдану қажет. «Казфосфат» ЖШС еліміздегі тыңайтқыш шығаратын бірден-бір өндіріс ошағы. Өткен жылы біз 300 мың тонна тыңайтқыш шығарсақ, биыл оның көлемін 500 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлар отырмыз. Негізінен бізде азот, фосфор шығарылады, – деген Мұқаш Зұлқарнайұлы серіктестіктің атқарып жатқан жұмысына кеңінен тоқталып өтті. Мұнан соң сөз тізгіндеген облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев өңірде үш жыл қатарынан өтіп келе жатқан форумның сала мамандарына берері көп екенін тілге тиек етіп, ауылшаруашылығы аймақтың негізгі салаларының бірі екенін жеткізді. Ауылшаруашылығының кең өріс алуына өңірдегі «Казфосфат», «Еврохим» секілді серіктестіктер қол ұшын созып келеді. Кәсіпорындарда өндірілген тыңайтқыштар облыстың сала мамандарының қажеттілігін өтеп қоймай, шетелге де жөнелтілуде. Атап айтқанда, бүгінгі күні аймақтан шетелге 70 пайыз тыңайтқыштар экспортталуда. Қазіргі таңда бұл салаға көптеп көңіл бөлінуде. Өйткені, ауылшаруашылығы саласы – экономикамыздың негізгі драйвері екендігі белгілі. Сондай-ақ «ЕвроХим» бас директоры Максим Серегин форумның аясы жылдан жылға кеңейіп келе жатқанын айтып, Қазақстандағы ауылшаруашылығы саласының дамуына көңіл қуантатындығын жеткізді. Ол қазіргі таңда жоғары көрсеткішке қол жеткізу үшін тыңайтқыштардың рөлі мықты екенін сөз етті.
Өсімдікке ауа, су, жылу қаншалықты керек болса, минералды тыңайтқыштар соншалықты қажет екендігі белгілі. Топырақтың құнарлылығын арттырып, мол өнім алу үшін шаруаның тыңайтқышты пайдалануы қажет. Фосфор тыңайтқыштарының бағасы қымбат болғандықтан, ұсақ шаруа қожалықтарының оны сатып алып, қолдануға мүмкіндіктері бола бермейді. Ал енді кейбір шаруашылықтар аз тыңайтқыш сеуіп, мол өнімге қол жеткізгісі келеді. Жиында мамандар тыңайтқышты әрбір жердің құнарлы, құнарсыздығына қарай қолданған дұрыс болатындығын айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Форум барысында Қазақстан, Ресей, Украина және Белорусь елдерінен келген ғалымдар осы мәселе төңірегінде ой қозғап, инновациялық өнімдер мен өсімдік шаруашылығының табыстылығын арттыру жолдарын түсіндірді. Мәселен, «Семех»ЖШС-нің агрономы Дана Қанағатова «Қазіргі заманның жетістіктерін аграрлы ғылым мен техникада қолданылуы. Жаңалық пен тәжірибелер» тақырыбында хабарлама жасап, тыңайтқыштарды ретімен қолдану қажеттігіне тоқталды. Мәселен, азот – өсімдіктің өсіп, бой алуына қолданылса, фосфор тамырына, ал калий тамырдан келген суды реттеп отыруға себеп болады екен. Көпшілік мамандар бұларды ретімен қолданбай, біреуін берсе, екеншісін бермей жемісін құрдым жіберіп алатын көрінеді. Ал Украина еліндегі Днепор агро-экономикалық университетінің оқытушысы Сергей Михайлов Қазақстан аумағындағы жерлердің көбісі ылғалды емес екендігін алға тартып, мұндай жерлерде егін шаруашылығына фосфор тыңайтқышы арқылы мол өнім алуға болатындығын жеткізді. Оның айтуынша, ылғалдылығы төмен жердегі өсімдіктердің жапырақтары түсін өзгертіп, қурай бастаса құрамына фосфор жетпей тұрғандығын білдіреді екен. Өзінің зерттеулеріне тоқталған ол аталған тыңайтқыштың басқада қырларын түсіндіріп өтті.
Жиында сондай-ақ агрохимиялық кәсіпорындарға қажеттігі, тыңайтқыштардың түрлерін, олардың пайдалану жолдары туралы кеңінен айтылып, «Қазақстан Республикасындағы топырақ құнарлылығының жағдайы», «Биржалық нарықтағы энергоресурстар, технологиялар, сауда-саттыққа қатысу үшін агрохимиялық кәсіпорындарға қажетті ақпараттар», «Агрохимиялық өнеркәсіп, топырақтың құнарлылығы — әлеуметтік тұрақтылықтың және Орта Азиядағы өнеркәсіптік дамудың кепілі», «Суда еритін NPK микроэлементтер кешенін қолдану», «Қаратау фосфорититерін кешенді минералды тыңайтқыштарға қайта өңдеу», «КАС бойынша бизнестің даму тәжірибесі мысалында өндірістік-сауда компаниялар» және «Өсімдіктердің фосфорлық қоректенуі мен құрамында фосфор тыңайтқышты коэффицентті арттыру» тақырыптарында хабарламалар жасалды.
TURANINFO.KZ