Бүгін Тараз қаласында орналасқан «Баласағұн» мәдениет сарайында Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов халық алдында есеп — беру жиыны өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары және аймақ тұрғындары қатысты. Өңірдің барлық ауданындарында тікелей байланыс жүргізілді. ҚР мәдениет қайраткері, жазушыМақұлбек Рысдаулеттің сұрағы:
— «Тараз жері тұнып тұрған тарих екенін іскер азамат ретінде, мәдениет жанашыры ретінде сіз жақсы білесіз. Рухани жаңғырудың алтын арқауы — ұлттық тарих пен мәдениет. Осы орайда, Елбасының Тараз туралы айтқан ұлағатты сөздері еске оралып отыр. «Тараз — тарихымыздың темірқазығы, Тараз — рухани байлығымыздың алтын діңгегі» деген болатын. Міне осы алтын діңгек пен темірқазықты айқындайтын мәдениет ошақтары бүгінгі талапқа сай болуы тиіс. Біздің облысымызда, облыс орталығында жетпіс жылдық тарихы бар, елу жылдан бері бір ғимаратта отырған облыстық тарихи өлкетану музейінің бүгінгі күні жаңа экспозициялармен толықтырылуы үшін мүмкіндігі шектеулі болып отыр. Алдағы жылдары осы шаһарымызда жаңа мәдениет ошақтары, оның ішінде музейлер салына ма?».
— «Осы қызметке келгеннен кейін, басқарма жұмыстарымен танысқаннан соң, өңірдің бірқатар зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізген болатынбыз. Сіз айтқан мәселені сол жерде де көтерген болатын. Осы негіздемеге сәйкес, шын мәнінде, өзіңіз айтқандай терең тарихын қай жағынан алып қарасаңызда көрсетуге мүмкіндік мол. Бірақ, бүгінгі таңдағы қолданыстағы әлеуметтік нысандар, соның ішінде мұражайлар қаншалықты талапқа сай жұмыс жасап отыр? Демалыс күні қаланың осындай мәдени ошақтарын аралап көрген болатынмын. Сіз айтқан облыстық өлкетану мұражайына да бас сұқтым. Шын мәнінде ғимарат ескірген. Оның үстіне ескіргеннен ол ғимараттың құрылысы мұражайға сәйкес келмейді. Сол үшін, рухани жаңғыру үдесінен шығып, тарихи қала деген атауымызға сай болу үшін жаңа мұражай ғимараты керек шығар. Оны біз ойланумыз қажет. Тіпті керек деп те айтуымызға болады. Ойланатын тағы бір нәрсе бар. Көне Тараз мұражайы ашылды. Оның да ішін барып көрдік. Қарап отырсаңыз Көне Тараздың аты айтып тұрғандай тарих тақырыбы толығымен ашылуы керек еді. Бірақ ол жерде жаңа тарих, бұрынғы тарих та бар. Көне Тараз мұражайын тарихқа қатысты толығымен пайдалануымыз керек. Ғимарат алдында қазба жұмыстары жүріп жатқаны тағы бар. Экспонаттарды араластырмай жаңадан салынған ғимаратты барынша көне қалпында ұстап тұруымыз керек. Ғимараттың төменгі қабатында да біраз алаңдар бар сияқты. Олардың бос тұрғанында ескеріп ойлануымыз керек. Жалпы жаңа тарихқа қатысты облыстың келесі жылы 80 жылдығы болғалы отыр. Осыған қатысты өңірдің тыныс тіршілігін көрсететін жаңа мұражай ғимараты керек сияқты. Қай жерден саламыз? Қалай салу керек? Бұны біз ойланып жатырмыз. Тек қана мұражай емес, мәдениет ошақтары жайында біраз ойланатын дүниелер баршылық. Мәдениет басқармасына бұған қатысты арнайы тапсырма берілді. Одан бөлек облысқа белгілі мәдениет мамандары, қайраткерлерімен кездесу жиі ұйымдастырылып жатыр. Осыған қатысты, мәдениет ошақтарына байланысты ғимараттар мәселесі пысықталып жатыр» деп жауап берді облыс әкімі.