Қала әкімі Рүстем Дәулеттің халық алдындағы есепті жиыны №11 округ тұрғындары алдында өтіп, аталған аумақтағы шешілуі тиіс бірқатар мәселелерге қанықты.
№56 орта мектептің мәжіліс залында өткен басқосуда Рүстем Рысбайұлы тұрғындарға 2017 жылы атқарылған жұмыстарды бүге-шігесіне дейін айтып, ағымдағы жылы атқарылуы тиіс жұмыстармен таныстырды. Жалпы аталған округте өткен жылы қала басшылығы тарапынан бірқатар ілкімді істер жүзеге асқан. Атап айтқанда, мектеп мәселесі көптен бері шешілмей келе жатқан Казарма алқабында 300 оқушыға арналған мектептің орыны анықталып, бүгінде оның жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ Шөлдала алқабында 900 орындық мектептің құрылысы қарқын алып, үстіміздегі жылы оның да құрылысы аяқталмақ. Ал Құмшағал алқабында сервистік су құбыры жұмысы аяқталып, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар осы Құмшағалда спорт алаңы салынып, біраз көшелеріне асфальт төселген. Бастысы, өткен жылы бюджеттен 600 млн теңге бөлініп, ол аумақтарға газ құбыры тартылды. Биыл ол құбырларды аумақтардың ішіне тарту жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлерді көгілдір отынмен қамту ісі басталмақ. Қазіргі таңда қалалық әкімдікте осындай жұмыстардың құжаттары әзірленіп жатыр екен. Демек, ол аумаққа көгілдір отынның ауылы жақын қалды деген сөз.Бір айта кетерлігі, кезінде Жамбыл ауданынан қаланың құрамына кірген бұл аумақта саяжайлар көптеп орналасқан. Есесіне, ол жерлерде шешілуі тиіс мәселелер де жетерлік. Атап айтқанда, бүгінде ондағы тұрғындар электр қуатына ақшаны заңды тұлға ретінде төлейді. Бұл дегеніміз жеке тұлғадан біршама артық төлейді деген сөз. Сондай-ақ саяжай тұрғындары статустарын тұрғын үй ретінде өзгертуге асығып-ақ жүр. Бұдан бөлек саяжайлардағы ауыз су мәселесі де түбегейлі шешілмеген екен. Тұрғындардың көтерген осындай мәселелеріне қала әкімі нақты жауаптар берді. Мәселен, аталған аумақты орталықтандырылған су жүйесіне қосуға мүмкіндік жоқ көрінеді. Себебі, ол жақ қала деңгейінен біршама биік орналасқан. Сондықтан сала мамандары ол маңға жаңадан бөлек су жүйесін салу қажеттігін жеткізді.
Тұрғын Әбубәкір Көлбаев шаһар басшысына Құмшағал алқабында электр қуатының күші тым төмен екендігін айтып, шешіп беруді сұрады. Сондай-ақ ол аталған аумақта қоқыс тастайтын жер қалмағанын жеткізді. Оның электр қуаты туралы сұрағы күн тәрбітіндегі мәселе екенін тілге тиек еткен шаһар басшысы жақын арада жаңалау жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ал қоқыс тастау мәселесі бойынша №11 округтың бас инспекторы Мұрат Аққұлиев қоқыс тастайтын арнайы орын қарастырылғанын айтып, бұл туралы ешқандай мәселе жоқ екенін жеткізді. Зайнулла Хусайынов Казарма алқабынан темір жол өткелін салып беруді сұрады. Бүгінде ол жақтағы тұрғындар 7 шақырым жердегі Шөлдала алқабына бару үшін темір жолды айналып, 21 шақырым артық жүруге мәжбүр екен. Бұл мәселе бойынша жауап берген қала әкімі бүгін-ертең шешіле қоймайтын шаруа екенін алға тартып, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ арқылы жүзеге асатынын айтты. Дегенмен тұрғынға осы мәселе бойынша арнайы комиссия отырысын құрып, Ұлттық компанияға ұсыныс жасауға болатынын да жеткізді. Тағы бір тұрғын Орынбасар Тоқбергенов қала әкімінің былтырғы жылы атқарған жұмыстарына көңілі толатындығын білдірді.
– №19 мектептің бұрынғы ғимаратын балабақша ретінде қайта жасақтау туралы ұсынысым бар. Ол ғимарат бұрында балабақша болған еді. Сондай-ақ осы аумаққа банкомат аппаратын орналастырып берсеңіздер. Тағы айта кететін өтінішім, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында біздің аумаққа спорт залын салып беретін азаматтар бар еді. Осы мақсатта қала әкімдігі тарапынан жер қарастырып берсеңіздер, – дейді тұрғын Орынбасар Тоқбергенов. Тұрғынның алғашқы мәселесі бойынша қалалық білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева №19 мектептің бұрынғы ғимаратына мемлекеттік сараптама жасалып жатқанын айтып, бала саны толатын болса балабақша ретінде жасауға болатынын айтты. Ал жауапты мамандар банкомат аппараты орналастыру ісі алдағы уақытта қарастырылатынын айтты. Қала әкімі Рүстем Рыцсбайұлы спорт залын салуға жер телімі берілетінін кесіп айтты.
Жиынды қорытындылаған сол аумақтан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Мейрамбек Төлепберген шаһар басшысының халық алдындағы есепті жиыны қанағаттанарлық деңгейде өткенін тілге тиек етіп, көтерілген мәселелердің алдағы уақытта шешілетініне сенім білдірді.
TURANINFO.KZ