Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауданның өзі еліміздің қол күресшілерінің 90 пайызын құрайды. Ол – шағалалы Шардара. Әнеу бір жылдары бүкіл әлеуметтік желіде 37 корей жігітінің қол күрестен қазақтың қара домалақ баласына әлі жетпеген видеосы тарап, көпшілік таңқалған еді. Сол спортшы дәл осы шардаралық Қыдырғали болатын. Енді бұл аудан басқа спортты да дамытуға бел буды. Кеше ғана Шардара төрінде дүбірлі доп додасы өтті.
Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, Шардара ауданының құрметті азаматы, спорт жанашыры Арман Қарсыбаев бастап, аудандық әкімдік қолдап БАҚ өкілдері арасында кіші футболдан турнир ұйымдастырылды. Жарысқа «Оңтүстік» телеарнасы, блогерлер, «Медия» құрамасы, «Уақыт» газеті, «Шардара» құрамасы және Жамбыл облысынан Тараз командасы қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, облыс әкімінің баспасөз қызметінің орынбасы Айдар Сейдазым сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Алаңға алғаш болып Уали Қыдыр басшылық ететін «Оңтүстік» телеарнасының командасы мен облыстағы блогерлерден құралған команда шығып, шеберлік байқасты. 30 жылға жуық телеарнада жетекші инженер болып қызмет атқарып келе жатқан Сегізбай Өскенбай бастаған «Оңтүстік» командасы қарсыластарын ойсырата ұтып, топ бастады. Келесі ойын шардаралық ардагер футболшылар мен «Медиа» командасы арасында өтті. «Оңтүстік Қазақстан» газеті, «Шымкент келбеті» газеті, «ҚазАгроТВ», «Ернияз Медия груп» жарнамалық баспаханасының қызметкерлерінен құралған «Медиа» командасы қарсыластарына барынша төтеп беруге тырысып бақты. Белгілі журналист Арай Есенбектің әдемі голын жанкүйер қауымы біразға дейін ұмытпайтын болды. Мұнан кейінгі ойындарға шыққан Жамбыл облысынан келген Нұржан Туғанбай бастаған «Тараз» командасы, Талғат Балтабаев басқаратын «Уақыт» республикалық қоғамдық-саяси газетінің Асылбек Түйетаев, Алтай Дайрашов, Нұрбол Кендебайұлы және Жақсанов Қазыбек сынды жігіттер түрлі финттерімен, әдемі ойын өрнектерімен көрерменді тәнті етті.
Сонымен, Шардарада тұңғыш рет ұйымдастырылған БАҚ өкілдері арасындағы кіші футбол жарысында «Тараз» командасы жеңіске жетіп, 150 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығаға байлады. Екінші орынды «Оңтүстік» телеарнасының футболшылары еншілеп, сыйлыққа 100 мың теңгені иеленді. Ал, жүлделі үшінші орынды «Медиа» командасы бағындырып, оларға 50 мың теңге сыйақы бұйырды.
Сондай-ақ, ойын барысында шеберліктерімен көзге түскен ойыншылар «Үздік қақпашы» «Уақыт» газетінің қақпашысы Әділхан Айтжариев атанды, «Үздік шабуылшы» танымал футбол комментаторы Ермұхамед Мәуленнің туған ағасы Тараздан келген Нұрмұхамед мырзаға бұйырды, ал «Үздік қорғаушы» жасы 50 ден асқан Нұрғали Мамықовқа марапатталып, оларға да бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Өз кезегінде тараздық жігіттер келесі БАҚ арасындағы футбол жарысы Жамбыл облысында болатынын хабарлаймыз және Шымкенттен міндетті түрде екі-үш команда келсе деген ниеттерін білдірді. Жарыс соңы мерекелік дастарқанға жалғасып, шардаралықтар қонақжайлықтарын көрсетті.
https://oninfo.kz/shardara-kubogi-tarazda/