Қар тазалау жұмыстары қарқынды
Қаңтар айының екінші он күндігі басталысымен облыс орталығына қар мол түсті. Есесіне, қала көшелерін қардан тазалаушы мекеме «Жасыл Ел Тараз» серіктестігінің жұмысын үдетті.
Өткен аптаның ортаң белінен бастап түскен қалың қар шаһарды әжептәуір әуреге салып жатыр. Қыс мезгілі басталғалы бері аймаққа мұндай көлемде қар түспеген болатын. Бүгінде қардың орташа қалыңдығы 30-50 сантиметрге жетті. Өткен демалыс күндерінен бастап қаладағы қарбалас қарқын алды. Қала тазалығы қамымен, тұрғындардың талабымен, көше және ауланы қардан тазалау жұмыстары еш тоқтаған жоқ. Мәселен, жексенбі күні «Жасыл Ел Тараз» серіктестігі қаладан 2000 текше метр қарды қала сыртына шығарып, оған 130 жұмысшы жұмылдырған. Жалпы Қала көшелерінің қарын күреуге және тұз аралас құм шашу жұмыстарына 43 техника жұмылдырылса, оның ішінде тұз аралас құм шашатын арнайы автотехника, автогрейдер, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалайтын, құм, қар тиегіш техника, жүк машиналары мен жұмысшыларды тасымалдайтын автобус бар. Қардың қалың түсуіне байланысты дүйсенбіден бастап серіктестікке қала мекемелерінен қосымша тағы 20-ға жуық техника берілген. Сондай-ақ аталған мекеменің 130 жұмысшысынан өзге 300-ге тарта қоғамдық жұмысшы тартылған. Олар қазіргі таңда облыс орталығының 88 көшесінің қары күреп, тұз аралас құм шашу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай жұмыстар үшін инертті материал мен жанар жағар май жеткілікті екен. «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС директорының өндірістік сұрақтар жөніндегі орынбасары Мұхамеджан Арзымбетовтың айтуынша, қала көшелері әр сағат сайын қардан тазалануда. Негізінен мұндай жұмыстар үшін тұз, құм секілді материалдар алдын ала алынып қойыпты. Жалпы аталған мекемеге ағымдағы жылға дейін 88 көше қарап келсе, 2018 жылдан бастап қала маңындағы айналма жолдар қосылған. Алдағы уақытта ол жолдардың да қарын тазалау жұмыстары басталады екен. Бұдан өзге серіктестікке арыз-шағымдар да түсіп жатыр. Олардың көпшілігі авто көліктердің тығылып қалуына байланысты. Дегенмен серіктестік басшысы орынбасарының айтуынша олардың көпшілігінікі негізсіз көрінеді. Себебі қаладағы көліктердің 70 пайызы жаздық доңғалақпен жүрген көрінеді. Мұны қалалық жол патрульдік полиция қызметкерлері де растайды. Сондай-ақ олар қар тазалаушы техникаларға да кедергі келтіріп жатыр екен.
TURANINFO.KZ