Көкірекбаев тұсындағы көркейген мәдениет Сондай-ақ, мұрағат деректерінен жинақталып, «Жамбыл облысы 75: жылнама-шежіре», «Жыл шежіре: 2014», «Жамбыл батырлары», «Майдан хаттары» тағы да басқа кітаптар баспадан шықты. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Мәңгілік Ел» монументі және «Ежелгі Тараз» қалашығы аумағында археологиялық саябақ салынып, «Көне Тараз» мұражайы, «Мыңбұлақ» аллеясы, «Тараз әуендері» кешені, «Бақылау мұнарасы», «Қоршау дуалдары» бой көтерді. ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне енгізілген 33 элементтің қатарына Қазақстаннан Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан 8 нысан енсе, соның 5-еуі біздің облыстың үлесінде екені де көп нәрсені аңғартса керек. Олар: Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені.
Аймаққа жаңа басшы келгелі, «өңірдің тірлігін төрге сүйрейтін жаңа басшы келді» — деп, Елбасының жарлығына жарыса ризашылығын білдіріп жүрген өңір жұртшылығы Кәрім Нәсбекұлының жасаған игілікті істерін ұмытпайды. Көкрекбаевтың кезінде облысымыз көркейіп, біршама салаларда сан көрсеткіштері жоғарылап, рейтингте суырылып үздіктер қатарына енбесек те, мол еңбектің нәтижесі жерге қаратпады. Руханиятымыздың мәйегі саналатын мәдениет саласында Кәрім Нәсбекұлының тұсында оң өзгерістер орын алғаны жасырын емес. Идеологияның күре тамыры саналатын мәдениеттегі мардымды жаңалықтар «сен тимесең мен тиме» деп бұғып жатқан бұқараның тарих пен ұлттық өнерге, әдебиет пен музыкаға деген оң көзқарасы қалыптасты.
Атап айтқанда, Кәрім Көкірекбаев әкімдік тізгінді ұстаған 4 жыл ішінде еліміздің тұтас тарихының тереңіне бойлап, өнегелі өткенімізге үңілдірген Қазақ хандығының 550 жылдық дүбірлі тойы жоғары дәрежеде біздің өңірде өтті. Аталған ауқымды шараға өзге де аймақтар белсене атсалысып, Елбасы Әулиеата жеріне арнайы ат басын бұрып, жамбылдықтардың абыройын асқақтатып кетті. Тарихтың жаңа парағының ашылуы құрметіне «Қазақ хандығы – елдіктің бастауы» атты кітап жарық көріп, фильм түсірілді. Осы той аясында республикалық ірі ақындар мүшайрасы өтті. Жамбыл облысының 75 жылдығы аталып өтіліп, «Әулиеата өңірінің музыкалық мұрасы» атты 8 дискіден тұратын жинақ жарық көрді. Оған Жамбыл облысында туған халық композиторлары мен қазіргі заман сазгерлерінің шығармалары, осы өңірде көп орындалатын халық әндері мен есімі елге таныс әнші, күйшілер енгізілген.
Облыста жергілікті сазгерлердің шығармашылығын насихаттау мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылып келеді. Ә. Желдібаев пен А.Бетбаевтың шығармашылығына арналған күйші, жыршы-термешілердің облыстық байқауы, А.Қоразбаевтың «Ән-жырым саған, туған ел!» атты халықаралық ән конкурсы, «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты актерлық өнерге арналған Халықаралық театр фестивалін өткізу дәстүрге айналған. Бүгінгі күні жергілікті ақын, сазгер, жыршы-термешілердің шығармашылық кештерін өткізу жалғасын табуда. Былтырғы жылы академик К.И.Скрябин үй мұражайы, облыстық филармония ғимараты жөндеу жұмыстарын өтті. Қарахан жанында орналасқан «Орта ғасырлық мешіт» қайта қалпына келтірілді. Бүгінде халықтың мәдениетін арттырып, өсер ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді дәріптеп отырған облыс көлеміндегі мәдениет, архив мекемелерінің саны 2000 жылдары 40-қа жуық болса, бүгінгі күні 546-ға жетіп отыр. Жалпы алғанда 2009 жылдан бері «Жол картасы» инвестициялық жобасы мен «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында облыс көлемінде 249 нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өтті. 2016 жылдың желтоқсанында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен ұлы бабамыз Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай облыс орталығынан Жамбыл атындағы «Руханият» орталығы ашылды. Бұл нысан бүгінгі таңда өңірдің жас ақындары, талантты жастары, зиялы қауым өкілдері бас қосатын мәдени һәм рухани ошаққа айналып отыр. Осы жылдар ішінде облыста Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа есім», «Кел, еркем, Алатауыңа!», «Жек киік», «Жаңарған Жамбылым» сынды тағы да басқа республикалық байқаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Ауыз толтырып айтарлық зор белестердің бірі өткен жылы күллі дүниені дүр сілкіндіріп, үлкен дүмпу болған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында Тараз қаласынан «Көне Тараздан асқақ Астанаға тарту» атты этномәдение керуеннің елордаға бағыт алуы болды. Керуен құрамындаға 40 салт ат, 20 боталы түйе, 6 арба, 10 автокөлік, 150 адам Ұлы Жібек жолы бойындағы Тараз шаһарының тұрмыс тіршілігінен сыр шерте отырып, 10 елдімекенге тоқтап, 1200 шақырымды артқа тастап, Елордаға жетті. Діттеген нүктесіне жеткен керуеннің жүріп өткен жолы туралы бейнефильм түсіріп еліміздің басты арналарынан көрсетілді. Астана қаласында көрме аясында Жамбыл облысы күндері өтіп, облыс өнерпаздары елорда тұрғындарына ән мен биден шашу шашты.
Кеше ғана облыстың басшылық тізгінін қолына алған Асқар Мырзахметұлы Оңтүстік Қазақстанның мәдени әлеуетінің әрін кіргізгенін ел біледі, халық біледі. Санамызда су жаңа әкім идеологияға көзінің қырын сала жүріп, бар ынтасымен тың идеяларды жүзеге асырады деген үмітіміз басым екенін жасырмаймыз.
Ескерту: кейбір деректер облыс әкімдігі сайтынан алынды
Арайлы Жақсылық