КӨКРЕКБАЕВТЫҢ СӘТСІЗ ТАҒАЙЫНДАУЛАРЫ

Әкім бол, халқыңа жақын бол дейді қазіргі жұртшылық. Әкім болғандардың барлығы тұрғындардың тұрмысы үшін тырысып, тындырымды тірлік тындыруға тырысады. Шынтуайтына келгенде, облысты басқару оңай шаруа емес екендігі бесенеден белгілі жайт. Бірақ Кәрім Көкрекбаев өңірді жаман басқарған жоқ. Десе де кереметтей нәтиже де көрсетпеді. Оған оның облыс әкімдерінің рейтингі дәлел. Дейтұрғанмен облыс әкімдігіне қарасты мекемелер мен аудан әкімдерін тағайындауда қандай ұтқырлық танытты?! Мәселен, Болатбек Байтөленің қайтадан Қордай ауданының әкімі болып тағайындалуы. Еске сала кетсек, Болатбек Байқонысұлы 2012-2014 жылдары 1,5 жыл осы ауданды басқарған болатын. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтін болсақ, ауданды 1,5 басқарған әкім «А» корпусынан өте алмаған-мыс. Сондықтан жылы орнынан босатылыпты. Дегенмен өткен жылдың наурызында сол жылы орнына қайта тағайындалды. Сондай-ақ Сарысу өңірін басқарған Бейбітбек Жайлыбаев та сәтсіз тағайындаулардың қатарынан. Ол аталған ауданға 2015 жылы әкім болып тағайындалған еді. Бірақ оның бойынан басшылыққа тән мінез көре алмадық. Өйткені, ол өте момын, қарамағындарға жұмсақ болды. Былайынша айтқанда, елді үйіріп, өзіне тарта алмады. Сосын зейнетке шыққанға дейін Талас ауданының әкімі болған Болат Рысмендиевті ұстауы сәтсіз болды десек болады. Оның зейнет жасын күткенше білікті, жас әкімге орынын беру керек пе еді?! Сонымен қатар бұл қатарға Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаевты да қоссақ болады. Оның зейнет жасы жақындағанда Тараз қаласы әкімінің орынбасары етіп, қайтадан энергетика басқармасына келуіне не себеп болғаны түсініксіз. Сонымен қатар 2015 жылдың шілде айынан бастап «Caspian Contractors Trust» ЖШС-нің бас директорының экономика және қаржы мәселесі бойынша орынбасары қызметін атқарып келген Болат Есімбековті облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы етіп тағайындауы да сәтсіздердің қатарынан. Өңірдің ең негізгі салаларының біріне басшылыққа келген ол маңдыртып ешнәрсе тындыра алмады. Бәлкім, осы жаққа келуіне облыстық мәслихаттың депутаты Дәулетбай Есімбековтың әсері болдыма екен, кім білсін?! Және тағы бір сәтсіз тағайындауға облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып тағайындалған Әділет Ахатаевты да қосуға әбден болады. Расында, өңірде құрылыс саласы қарқынды жүруде. Дегенмен облыстық маңызы бар жол мәселесі күн тәртібінен әлі де түспей келеді. Атап айтқанда, Мойынқұм мен Шу аудандарына бара қалсаңыз жолдың зардабын тартарыңыз ақиқат. Ондағы жұртшылық үміттеніп, бұған үйренісіп те қалғандай. Ондағы күре жолдар республикалық маңызға ие екенін ескерсек, мәселені бүкіл ел болып та көтеруде. Оған әлеуметтік желілердегі жазбалар мен видеолар дәлел. Басшы болғанға дейін басшының орынбасары болған ол аталған мәселені неліктен қаперге алмағанын кім білсін?!
Иә, жасыратыны жоқ басқармалар мен мекемелердің жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілетіні белгілі. Онда тыңнан түрен салып, жағымды жаңалық әкелуге де болады. Мұның барлығы тікелей басшылыққа байланысты. Егер басшы сол саланың жілігін шағып, майын ішкен болса ғана тыңнан түрен түріледі. Сондықтан басқармаларға басшыны таңдарда өз саласының маманын қойса дейсің…
Кеткен әкімге өкпе жоқ. Ол басқарған жылдары облыс экономикасы мен өзге салалары кері шегінбеді. Бірақ адымын алшақ ашып, басқаларды басыпта озбады.

TURANINFO.KZ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X