ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген, көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрған тараздық 80 отбасына жаңа пәтерлер кілттері табыс етілді. Бұл Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жер» бағдарламасының нәтижесі.
Сондай-ақ бұл күні жергілікті атқарушы органда тұрғын үй алу кезегінде тұрған толық емес отбасылар, бюджеттік мекеме қызметкерлері, көп балалы отбасы, мүгедектер, жетім балалар, әскери қызметкерлер көптен күткен армандарына қол жеткізді. «Арай-2» алқабында бой көтерген тұрғын үйдің құрылысын «Агроспецстрой» ЖШС жүргізген. Ал құрылыстың жалпы құны 643184 000 теңгені құрайды. Көпшіліктің қуанышын бөлісуге облыс әкім Кәрім Көкрекбаев пен шаһар басшысы Рүстем Дәулет арнайы келді. Онда аймақ басшысы құттықтау сөз сөйлеп, баспаналарының жайлы болуын тіледі.
– Жалпы облыс бойынша 320 мың шаршы метр салынып, пәтер кезегінде тұрғандарға берілуде. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға артық. Осы алқаптан салынып жатқан үйлер «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатыр. Соңғы 3 жылда облыста 8,5 млрд. теңге бөлініп, 15 үй бой көтеріп,1245 пәтер ел игілігіне тапсырылды. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңге бөлініп, 4 үй бой көтерді. Нәтижесінде 436 отбасы пәтерлі болмақ. Мұның барлығына экономикамыздың өсіп-өркендеуінің арқасында қолып жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ 9,8 млдр. теңге бөлініп, 462 гектар жерге тұрғын үйлер бой көтермек. Бұдан өзге ол жерден 922 жер учаскесі беріледі, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Мұнан соң облыс әкімі пәтер иелеріне салтанатты түрде үйлерінің кілттерін табыс етті. Сонымен қатар пәтерлерді аралап көріп, тұрғындарға құтты болсын айтты. Әр үйдің жайлылығына өз көзімен көрген аймақ басшысы жаңадан қоныстанған үйлерден нан ауыз тиді. Өз кезегінде пәтер алушылар облыс басшылығына алғыстарын жеткізіп, қуаныштарын жасыра алмады.
– Бүгін біз үшін қуанышты күн. Себебі біз осы күнді ұзақ уақыт күттік, баспаналы болып жатырмыз. Қазіргі таңда басты мәселе баспана мәселесі екені жасырын емес. Ал бұл мәселені біз Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы шешіп отырмыз. Қуанышымызда шек жоқ, – дейді Гүлзира Құланбаева.
Тек биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Арай» мөлтек ауданында 66,3 мың шаршы метрді құрайтын 10 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілді. Бұл мақсатқа Ұлттық қор есебінен 1 млрд. 555 млн. 737 мың теңге бөлінген.
Алдағы уақытта да мұндай қуаныштар жалғасын табатын болады. Мәселен, бүгінде Сүлейменов көшесінің соңындағы 362 гектарда 10300 отбасына арналған 309 көпқабатты тұрғын үйлерді құрайтын «Тараз сити» қалашығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы негізінде жеке тұрғын үйлер салынатын жер алаңдарының инженерлік инфрақұрылымын жасауға толық қолдау көрсетілмек. Ең бастысы оның нәтижесін халық көрсе болғаны.
Шынболат Сейдуалиев