«Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты VII облыстық фестивалі өз мәресіне жетті

«Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары»
атты VII облыстық фестивалі өз мәресіне жетті

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында, аудандық Мәдениет үйінде «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VII облыстық фестивалінің қорытынды гала-концерті болып өтті.
Патриоттық сарындағы өлеңдер асқақта та айқын үнімен оқылған өлең жолдарынан соң сахна шымылдығы ашылды. 150 ұстазды біріктірген, ерекше киімдерімен, сап түзеген тұрыстарымен көпшілікті елең еткізген мынау тамаша көрініске зал толы бес жүздей көрермен қошеметтеп, қол соқты.
Хор өзінің орындауын қазақтың халық әні «Жайдарманмен» бастап, одан соң Н.Қаратаевтың «Қазақстаным» әнін (сөзі А.Заттыбекованікі), келесі кезекте Ю.Насыбулиннің «Казахстан» атты шығармасын керемет орындап шықты. Сазды әуенмен және дирижер Г.Илипованың қимылымен қабыса үйлескен хор мүшелерінің үні, ән қайырмасындағы көз сүйсінткен қимылды сәттер, бәрі-бәрі өнер сүйер қауымның көзайымына айналды.Ал, лед-экрандағы бейне көріністер де осынау шығармалар тақырыбымен астасып жатты…
№14 орта мектебінің директоры Ж.Мәжібаев пен №20 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Усинаның орындағы М.Шахановтың «Бақыт геометрияы»,атты шығармасын нақышына келтіре, жатқа айтып шықты.
Сахна шымылдығы қайта ашылғанда құрамы 50 өнерпаздан тұратын, ұлттық костюмдері көз тартатын оркестр сап түзепті.Өнерлі топ ең алдымен, Н.Тілендиевтің «Көңілді бикеш» күйін, одан соң Дж.Бизенің «Кармен» операсынан увертюра орындады. №1 саз мектебінің, №44 және №48 орта мектептерінің ұлт-аспаптар оркестрі мүшелері орындаған бұл шығармалар да (көркемдік жетекшісі Ж.Андасбекова) сапалы орындалуымен дараланды.
№18 А.Қосанұлы атындағы тірек орта мектебінің ұжымы ұсынған «Қыз Жібек» драмалық шығармасынан алынған үзінді жанрлық жағынан да, ұлттық тарихымыздан там-тұмдап болса да, көрініс көрсетіп, өткен тарихымызды көз алдымызға әкелуімен де құнды болды. Мұнда да үлкен экрандағы «Қыз Жібек» фильмінен берілген көрініс пен сахналанған шығарма бірін-бірі толықтыра түскендей еді.
Енді бір сәт залдағы барлық жарық сөндіріліп, ерекше жанрдағы сәулелік сауық «Алтын адам» атты туынды көрсетіле бастады. Балалар мен жасөспірімдердің «Үміт» сарайының Ж.Өмірәлиева бастаған ұстаздары мен қызметкерлері, барлығы 10 адам қатысқан шығарма тек өзінің орындаушылық шеберлігімен ғана емес, жаңашылдығымен, тапқырлығымен, өжеттілік батырлықты өзінше жаңа үлгіде бере алуымен, тарихқа сапар шектіруімен де дараланған-ды.
Иә, қашанда ән мен би өнері егіз емес пе, бұл фестивальде де солай болды. Сахна төрінде украин халқының әсем әуені төгіліп, 17 Трубицын атындағы ОМГ-ның 16 ұстазының орындауында осы халықтың «Гопак» биі орындалды.Алқызыл тамаша өрнекті костюмдерімен жарқ ете түскен ұстаздарымыз нағыз бишілерше өнер көрсетті.
Осынау сәтке қошеметпен қол соққан көрерменге енді «Түркмен» биін ұсынған №1 орта мектебінің ұстаздары көркем де, жаңаша реңктегі костюмдерімен жарқ етіп, ойнақы қимылдарымен билеп, шеберліктерін таныта білді.
№9 Меркі колледжінің педагогикалық ұжымы дайындаған «Сыған серенадасы» атты қойылым жанрлық тұрғыдан алғанда түрленген, Шәмші Қалдаяқовтай «Қазақ вальсінің королінің» аңызға бергісіз ғұмырынан сыр тартқан туынды екен. Қайталанбас тұлғаның «Қайықта» әні әсем махаббаттың, сұлу сезімнің тұңғиығына батыра түскендей сәтте, ойнақы әуен ойналып, алқызыл киінген цыған қыздарының биінің ортасында қалған жігіттің күйі… одан соңғы табиғи сезім туғызған «Цыған серенадасы» әнінің қалықтауы… тағы да көрермен қошеметі…
Қазақ биі «Сағым», оны орындаған №44 орта мектебінің тәжірибелі ұстазы М.Күреңбаева бастаған 10 мұғалімі болса, осы нөмірдің ізін ала сахна төріне №20 орта мектебінен ұстаз Д.Абдувалиева бастаған 20 мұғалім молдаванның ойнақы «Нунта» биін көпшілікке ұсынды.
Сахнада қазағымның қара домбырасы.Оны алып шығып, «Күй тартыс» өнерін паш еткен №14 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Құндыз Ибрагимова мен үйірме жетекшісі Бауыржан Қарабаев болды.Қазақ өнерінде өзіндік орны бар күй өнерін көрермендеріне шебер жеткізе алған қостоғандық қос ұстаз да меркілік көрермендерінің жоғары бағасын алды.
№44 ОМ, №1 ОМ және «Өркен» шығармашылықты дамыту орталығының ұстаздары оқыған Қ.Сариннің «Күзгі хаты», №16 ОМ-нің мұғалімдері салған халық әні «Қамажай», №17 және №39 ОМГ-ның 24 ұстазы орындаған «Вена вальсі» де өзінің лайықты бағасын алды.
Балалар мен жасөспірімдердің «Үміт» сарайының бишілерінің «Нас бьют, мы летаем» әніне (әні А.Ктитаревтікі, сөзі Д.Поллыеванікі) қойған биі тағы өзіндік ерекшелігімен, көңілдерге терең ой тастап, мына бір күйкі тіршіліктен бір сәт те болса серпілтіп, әлдебір құлшыныс күйге енгізе түсуімен де құнды бола түсті.
Иә, №9 орта мектебінің директоры Б.Қыстауовтың басшылығымен Құрманғазының «Балбырауынын» орындаған домбыра ансамблі, «80-ші жылдардың үздік әндерінен поппури» ұсынған №1 саз мектебінің вокальды-инструменталды ансамблі, Иран-Ғайыптың «Естайдың Қорланы» атты шығармасынан сахналық қойылым көрсеткен №17 ОМГ-ның ұстаздары, одан кейінгі грузин (№20 ОМ) мен поляк (№18 ОМ) билері, бәрі-бәрі де зор қошеметке ие болды.
Бүгінгі таңда ауданымыздың мектепке дейінгі мекемелері барлық іс-шаралардан қалыспай, ортасында жүреді. Осынау фестивальге де олар барынша атсалысты. Соның бір айқын дәлелі –«Ертөстік» балабақшасының ұжымының 24 мүшесі дайындап, ұсынған «Жасмин» биі (ерекше жанр) болғанын мойндауымыз қажет.
Одан кейінгі орыс биі «Березка» («Үміт сарайы»), түрлі ұлттар биінен попурри (№№1, 12, 39, 17,34,44 орта мектептер), бәрі де фестивальге ұсынылған жақсы шығармалар ретінде жиналған қауымға ұнағаны анық.
Фестивальдің соңында сахна төріне шыққан ауданымыздың білім мекемелерінің басшылырынан құралған топ «Ұстаз үшін» әнін (әні В.Питерсовтікі, сөзі Ш.Сариевтікі) нқышына келтіре орындады.Тамаша жан тебірентерлік әуен, ұстазға деген ілтипатты сөздер, бәрі де осынау өнер сайысының тақырыбын аша түсті, әсем әнмен сусындаған көрермен қол соқты.Бұл өнерге, ұстазға, оның ішінде өз істерін жақсы атқарып, алдыңғы шептен көрініп жүрген: № 20 орта мектебінің директоры Г.Жақсылыковаға, № 17 ОМГ директоры Г. Тілеубердиеваға, № 39 ОМГ директоры Ә. Қалкабаеваға, № 5 ОМ директоры –Н.Қойшымановаға, АББ әдіскері- С.Метеркуловаға, № 9 ОМ директоры Б.Қыстауовқа, № 4 ОМ директоры Е.Жұматаевқа, № 18 ОМ директоры Б. Бектұрғановқа, жалпы ұстаздар қауымына деген зор құрмет еді.
Иә, «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VII облыстық фестивалінің, бас-аяғы 3 сағатқа созылған, қорытынды гала-концерті осылайша өз мәресіне жетті. Жиналған жұртшылықтың көптігі сонша, аудандық Мәдениет үйіне сыймай қалғанын, көрермен көпшіліктің тапжылмай отырғанын айту бір мәселе болса, бүгінгі рухани толығу, өнер туындыларымен сусындау, жанға ләззәт алу жағы өзінше бір жетістік болды деп толық, мақтанышпен айта аламыз.
Бұл жаңғыру – Туған Жерді түлету,
Ен даланың кең құшағын гүл ету.
Шығыс, Батыс, Оңтүстік пен Солтүстік –
Бар қазақтың арман-жырын бір ету, –

деген тамаша жыржолдарымен аяқталған мерекелік іс-шара соңында үстіміздегі жылы дәстүрлі фестивальге қатысуда белсенділік танытқан, шығармашылықпен келген білім мекемелері дәріптеліп, мадақталды және фестивальдің гала-концертіне ұсынылған нөмірлер өздерінің лайықты бағаларын алды. Олар: хордың орындауындағы «Қазақстаным» әні, Н.Тілендиевтің «Көңілді бикеш» күйі мен Дж.Бизенің «Кармен» операсынан увертюра, «Қыз Жібек» драмалық шығармасы, «Алтын адам» оригиналдық жанры, «Сыған серенадасы» атты қойылым, «Күй тартыс», «Нас бьют, мы летаем» әніне қойылған би, «Адамның өз-өзімен күресуі» деп аталатын оригиналды жанр, «Жасмин» биі, ұлттар биінен попурри, «Ұстаз үшін» әні және т.б.
Ұстаздар қауымы қашанда алдыңғы шепте, олар «ұстаз» деген қасиетті ұғымның мәртебесін асқақтатып, Қазақстанымыздың келешегі – білімді ұрпақты тәрбиелеп, лайықты азамат етіп, қатарға қосу жолында аянбай еңбек етуде.Ұрпақтар сабақтастығы осылайша өзінің жалғасын бұдан былай да таба бермек. Біз оған кәміл сенеміз!

Әтіркүл ИСАЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір(1)

  • Меруерт. Жұлдыз
    12.04.2018 at 14:07

    Осы аталған іс-шараны бастан аяқ көтерген саз мектебінің басшылары неге аталмаған? Оркестрде тек саз мектебінің мұғалімдері орындаған, орта мектеп мұғалімдерінің еш қатысы жок. Дұрыс ақпарат көрсетілмеген

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X