Жамбылдан «100 жаңа есім» жобасына кімдер енді?

«100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздары анықталды.

Жалпыхалықтық дауыс беру арқылы анықталған 102 жеңімпазды елордадағы ең көрікті мейрамханалардың бірінде ел Президентінің өзі келіп құттықтады. Қазақстанның туын биікке көтерген спортшылар мен ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар Елбасының жылы лебізіне бөленді. «Осы жиынға келгендеріңіз үшін қуаныштымын. Мен үшін екі туған күн бар. Біріншісі, өздеріңіз білетіндей, өзім туған — 6 шілде. Екінші туған күнім — 1 желтоқсан. Бұл — қазақ елі бүкіл халық болып, тұңғыш рет Қазақстан халқы Президентін сайлаған кез. Сол сынға түсіп, тұңғыш рет 90 пайыздан астам дауысқа ие болдым, содан бері 26 жыл өтті. Сіздердің барлықтарыңыз да жассыздар. Сол кезең мен қазіргі кезең екі бөлек. 26 жылда көптеген дүние өзгерді. Сол кезеңде өмірге келген бала 26 жаста ғана. Бұл жұмысқа кірісуде ең жақсы кезең», — деді Президент. Еске сала кетсек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына дауыс беру 100esim.el.kz сайтында 18 қазан — 10 қараша күні аралығында өткен болатын. Онлайн-дауыс беруге 302 кандидат ұсынылып, үміткерлер қызмет саласы бойынша 6 санатқа бөлінді. Яғни, ғылым саласында — 45, спортта — 42, қоғамда — 86, медицинада — 46, мәдениетте — 37 және бизнес саласында 46 адам «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткер ретінде тіркелген болатын. Дауыс беруге ұсынылған кандидаттар елдің барлық өңірлерін қамтыды. Айта кетерлігі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асыру нәтижесінде Қазақстанның дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың нақты тарихы мысалында табыстылық идеяларын, меритократия мен бәсекелестік принциптерін, білім және прагматизм культын насихаттау және дамыту арқылы қоғам санасын рухани жаңғырту көзделеді.

«100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздары Жамбыл облысынан 8 адам жеңімпаз атанды. Олар:

1. Сембек Сейдәзімов – нағыз атымтай жомарт азамат. Өзі түлеп-ұшқан киелі Жамбыл топырағына аянбай еңбек сіңіріп, талай қайырмды істерге ұйытқы болып жүрген нар тұлға.
«Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар қазақ халқында. Кемел елдің келісті келешегі, ұлағатты болашағы дегенде, ішкен асын жерге қоятын аптал азаматтар жетерлік ортамызда. Асылы, «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» дейтін қазақ мақалы байлықты мақсат-мұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мүмкіндігі деп қарайтын жандар жөнінде айтылған ғой.
Қазақ ұғымындағы Атымтай жомарт туралы тәмсілдер де, міне, осындай қолы ашық, жаны жомарт жампоздар жайында сыр шертеді. Ен байлықты еңсеру, оны парасат-пайыммен жұмсау, қасындағыларға қайырымдылықпен қарайласу қанмен келетін қасиет болса керек. Біз сөз еткелі отырған Сембек Әбетайұлы да «елі ерге қарағанда, ері жерге қарамаған» азаматтың бірі. Сембек Сейдәзімовтің есімі әулиеаталық әлеуметке әлмисақтан белгілі. Өзінің саналы ғұмырында қызметтің түрлі баспалдақтарынан өтті. Ал еліміз егемендік алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатын қолдаушылардың қатарында болды. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының мүшесі, филиал жанындағы жемқор­лыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің басшысы ретінде өзін салмақты, салиқалы азамат, қоғам жұмысын өз мүддесінен жоғары қоя білетін қажырлы қайраткер келбетінде танытты. Тың жобалардың халық арасында кеңінен насихатталуы мен олардың іске асуына бір кісідей атсалыс­ты. Ал негізгі қызметі – көне шаһардағы «Кирпичник» серіктестігінің директоры ретінде де, өңір экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Ол Жамбыл облыстық мәслихатының үшінші, төртінші және бесінші шақырылымдарының депутаты болып, тұрақты комиссиялардың төрағалығына сайланғанда да өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, оң шешім табуына ықпал етті. С.Сейдәзімов былтыр бұқара мен атқарушы билік арасындағы дәнекер, әрі ақылдасу алаңы ретінде өмірге келген азаматтық қоғамның алғашқы қарлығашы – Қоғамдық кеңестің жұмысына құлшына кірісті. Ол облыстық қоғамдық кеңестің конкурс арқылы сайланған хатшысы ретінде ауқымды істерге бастамашы бола білді. Мәселен, кезінде айналымнан шығып қалған суармалы жерлерді қайтадан кәдеге асыруды қолға алды. Бұл жөнінде мәселе көтеріп, нақты ұсыныстарымен облыс басшылығы алдына мәселе қойып, облыстық бюджеттен қаржы бөлінуіне қол жеткізіп, 3 мың гектар алқапты суландыру мәселесін шешіп берді. Бұл Сембектің Елбасының өміріміздің мәні мен мазмұнына айналып отырған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестікке қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттер тұрғысынан бұқара мен билік арасын жалғай жүріп, тағдыршешті мәселелер күрмеуінің шешілуіне бастамашы болғанының бір ғана мысалы.
Сембек Әбетайұлы Елбасының сарабдал саясатының адамдарды өрелі істерге бастайтын қасиеті мен қуатын жақсы біледі. Сондықтан да ол бұл күндері Қазақстан тарихи кезеңге аяқ басқан кезде, елдің рухани өмірінде елеулі өзгерістер күтіп тұрғанын, ең бастысы, ұлттық сананы жаңа деңгейге көтермей саяси-экономикалық жаңғыруды жүзеге асыру мүмкін емес екендігін, рухани жаңғыруды – кезең-кезеңімен атқарылар, елдегі реформалардың заңды жалғасы деп танып, жұртшылық арасындағы әсерлі әңгімесіне арқау етуде. Ол кәсіпкерлікті нәсіп ете жүріп бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген жан. «Кирпичник» ЖШС-нің өнімдері аурухана, емхана, мектеп, балабақша құрылыстарына пайдаланылады. Алғашқы жылдары 10 миллион дана кірпіш шығаратын серіктестіктің жұмысы кейінгі уақыттарда қарқын алды. Елбасының Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2014 жылы Украинаның Харьков құрылыс машиналары зауытынан жаңа қондырғы алу нәтижесінде бүгінгі таңда жылына 15-30 миллион дана күйдірілген кірпіш шығаратын дәрежеге жетті. Ердің мұраты – елдің қамы. Халық даналығы Атымтай жомарт жандарды құрметтеп, «Қолы ашықтың – жолы ашық» деп мадақтайды. Ал С.Сейдәзімовтің басты мақсаты – кісіге қамқор болу, мейлінше жомарттық таныту. Ол бақай есеппен жасалатын іс емес, қайтарымын күтпейтін жақсылық, қанға біткен қасиет. Бабалар өсиетінен қалған бір сәуле. Сембек Әбетайұлы туралы сөз бола қалғанда, көпшілік оның осындай игі істері мен жақсы қасиеттерін айтады. Мәселен, Жамбыл ауданы, Ақбұлым ауылындағы орта мектептің валеология сыныбының құрылысы үшін қажетті кірпіштерді тегін жеткізіп бергені елге аян. Бұдан бөлек, осы ауылдағы мешіттің, балабақшадағы музыка бөлмесінің құрылысы үшін де осындай қажетті кірпіштерді берген. Оның бұл жақсылығы күні бүгінге дейін ауыл тұрғындарының аузынан түскен емес. Бүгінде баспана жайы басты проб­лема екендігі белгілі. «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деп қазақ текке айтпаған. Ал тұрмысы төмен отбасылардың мұң-мұқтажына ортақтасып, көмек қолын созу да азаматтықтың белгісі. Мәсе­лен, Жамбыл ауданы, Қызыл­ди­хан ауылының тұрғыны Гүлсара Ибраимованың баспаналы болуына ықпал еткені көпшілікке мәлім. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасылар қатарындағы Талас ауданы, Қызыләуіт ауылының тұрғыны Ержан Тауасаров пен Тараз қаласының тұрғыны Рузванай Сансызованың өтініштерін жерде қалдырмай, сәні мен сәулеті келіскен баспана салып берді. Сембек Әбетайұлының бұдан өзге де азаматтық істері баршылық. С.Сейдәзімов халық қалаулысы ретінде де көпшілік көңілінен шыққан азамат. Сенім білдіріп, дауыс берген халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өтінішін қанағаттандыруға ұмтылды. Өзіне дауыс берген Гродеково ауылдық округіне қарасты Қызыл­дихан ауылына көпір салып берсе, «Тараз–Қырғызстан» бағытындағы автожолға 120 «КамАЗ» құм төсетіп, тегістеуге себін тигізді. Елбасы жас ұрпақтың әрдайым білімді болуына ерекше мән беріп келеді. Бұл орайда мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлық та аз емес. Мәселен, жастарды білімге ынталандыруға және үздік оқушыларды анықтауға С.Сейдәзімовтің қосып отырған үлесі айтарлықтай. Ол әр тоқсан сайын үздік оқитын оқушыға арнайы стипендия тағайындап, ал орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген оқушыларға жыл сайын 40 000 теңге көлемінде сыйақы беріп келеді. Ал, өзі ұзақ жылдар бойы қоғамдық негізде қызмет еткен «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында Екатерина Шуригинаны өз қамқорлығына алғаны да азаматтығын танытатын іс. Е. Шуригина – ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан бүлдіршін. Оның атына «Цесна банктен» арнайы есепшот ашып, оған ай сайын қайырымдылық қаражатын салып отыруы да әкелік қамқорлықтың нышаны. «Еңбек ет те, міндет ет» дейді. Десе де, азаматтығы биік, парасаты терең тұл­ғалардың елге жасаған ең­бе­гін мін­детсін­бейтіні анық. Бірақ еңбек еткен ердің ерекшелігі ел есінде қалады. Сондықтан да атақтың да, құрмет­тің де болатыны белгілі. С.Сей­дәзімов үшін ең үлкен марапат – Елбасының жылы лебізі жазылған Алғыс хаты. Себебі, президенттік сайлау кезінде Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың сенім білдірілген адамы болды. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып жұмыс жасайтын, елі сүйген, елін сүйген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасын облыс тұрғындары арасында кеңінен насихатталуына білек сыбана кірісіп, игілікті істер атқарды. Ал мемлекет тарапынан берілген «Құрмет», «Парасат» ордендерінің жөні бір бөлек. Бұдан өзге де Құрмет белгілері мен Алғыс хаттары ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің ақталған жемісі екені даусыз. Кім де болсын туған жерден тамыр тар­тады. Ал, әкенің қанымен, ананың сүті­мен келетін қасиеттің жөні басқа. Әкесі Әбетай мен анасы Марияның үкілеген үмітін ақтады. Атаның емес, адамның баласы болуға талпынды. Ұлт тарихында көрнекті орны бар Әулиеатаның өркен жаюына, өрістеуіне еңбек сіңірді. Сембек Әбетайұлының азаматтық ұстанымы да берік. «Алтын алма – алғыс ал, алғыс алтын емес пе?» деген қанатты сөз бар. Жақсы адам қашанда жақсы істі жалғастыруды жаны сүйеді. Сол жақсы ісі халықтың игілігіне, қажетіне жарап жатса, оның арманының орындалғаны, халық сүйіспеншілігіне бөленгені деп түсінген жөн шығар», дейді ол. Жамбыл қаласында дүниеге келіп, туған топырағында ерекше шабытпен еңбек еткен ер бүгінде абыройдың асқарында. Жақсы адамның жинаған дүниесі емес, жақсы атының қала­тыны осындайдан көрінсе керек. Жалпы, адамдық мақсат та азаматтың көкейінде осы тұрғыда өрбісе керек. Шәкәрім ақын айтқандай, «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілі Сембек Әбетайұлының өмір бойғы темірқазығы іспетті. Бүгінде жақсылық жасаудан жарысатын адамды табу қиын. Ол бір жарнама, мақтан үшін болмағандықтан, бұл да азаматтың өз арының алдындағы мақсаты. Парызы. Ал парызды ұғынып, ұлтқа қызмет етуге белсене кірісу ұрпақтар сабақтастығында ең жақсы көрініс беретін дүние.

2. Зульфия Раухатовна Габидуллина – қазақстандық спортшы, жүзу бойынша халқаралық класстағы Қазақстан Республикасының спорт шебері
1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1971 жылы жол апатына ұшырап, омыртқабас, қол және аяқ жарақатын алған.
2013-2015 жылдардағы әлем чемпионаттарының күміс және 3 мәрте қола жүлдегері, Бүкіләлемдік ойындардың бернеше мәрте жеңімпазы, әлемнің 12-мәрте рекордсмені.
Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиялық жазғы ойындарда 100 метр қашықтыққа еркін стильмен жүзуден Қазақстанға алғашқы алтын медалді әкелді.
Спортпен 1990 жылдан бастап шұғылдана бастады. 1991 жылы алғаш рет өткен президент сыйлығына мүгедек арбасымен жарысудан додаға қатысты. Ал 2007 жылдан бастап жүзумен кәсіби түрде айналыса бастады.
З.Габидуллина бірнеше әлемдік рейтингтер бойынша ғаламшардың ең мықты сегіз жүзгіштерінің қатарында.
Қазақстандық спортшы алтын медалді тек әлемдік қана емес, паралимпиялық рекорд — 1:30.07 (әуелгі әлемдік рекорд та оған тиесілі болған — 1:34.86) қойып, жеңіп алды.
Бүгінгі күні 156 медаль және 200 грамота мен дипломның иегері болып табылады.

3. Ақжүрек Таңатаров – спортшы
Ол қалай айтсақ та тәуелсіздік жылдарында жасындай жарқыраған жұлдызды спортшы. 1986 жылы Алматыда қазақ жастары «Желтоқсан» оқиғасына қатысып, ұлт азаттығын талап еткен шақта Ақжүрек Таңатаров дүние есігін ашты. Шынашақтайынан шымыр денелі Ақжүрек Тәуелсіздіктің елең-алаңында еркін күрес секциясына жазылады. Азат елдің асқақ ойлы азаматы сол бір балаң шағында Олимпиада ойындарында атой саламын деп ойлады ма екен?! Сол жылдары ғой, Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов бастаған жамбылдық жампоздар Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Олимпиада ойындарында-ақ абыройын асырып, қос бірдей жүлдемен (күміс, қола) оралды. Боксшы ағаларының жеңісті жорығы тұла бойы намыстан жаралған Ақжүректі де спорт залға жетектеп келген еді. Мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның қоржынына Олимпиада жүлдесін салу.
Ақжүрек Жамбыл облысы Қоған ауданы Құмарық ауылында 1986 жылы дүниеге келген. Сол ауылда 3-ші сыныпқа дейін білім алып, 1996 жылы әкесі оны күреске қатыссын, осы балам спортшы болсын деп қалаға көшіпті.
Ақжүрек — Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, бірнеше дүркін халықаралық біріншіліктердің жеңімпазы, Азия чемпионы.
Ақжүрек Лондонда өткен 2012 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Ақжүрек Таңатаров Дели төрінде өткен Азия чемпионатында 70 келі салмақта алтын алды. Жерлесіміз ширек финалда монғолиялық Хатанбатаар Даваатсеренді ұтса, жартылай финалда жапониялық Моможира Накамураны 11:7 есебімен тізе бүктірді. Финалда Ақжүрек өзбек балуаны Ихтиор Новрузовты да 11:7 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды.

4. Бауыржан Исламхан – «Қайрат» футбол командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы.
Небәрі 24 жасында Қазақстанның футбол тарихында үлкен жетістіктерге жеткен Бауыржан Исламхан 2016 жылғы Қазақстан чемпионатының үздік футболшысы атанды. Бауыржан тіпті жасы әлі жиырмаға да ілікпей тұрғанда ұлттық құрамаға шақырылып, жастар құрамасы сапында «Достастық кубогінің үздік ойыншысы» атанған еді. Бауыржан 1993 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданында дүниеге келген. Футболмен он жасынан бері ай налысады. «Тараз» сапындағы алғашқы маусымында – 27 ойын өткізіп, 2 гол соққан.
«Қайрат» футбол командасы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан кәсіпқой футболшы ретіндегі мансабын «Тараз» футбол клубында бастаған. «Қайрат» сапында еліміздің екі дүркін күміс жүлдегері атанған жамбылдық жампоз Еуропа лигасында да жасындай жарқырай білді.
Бауыржан Исламханды футбол сүйер қауым интеллектуал ойыншы деп те атайды. Жаттықтырушылардың пікірінше, 24 жасар Жамбыл футболының түлегі Исламхан алаңдағы ойынды тез оқиды, іркілмейді. Жылдам шешім қабылдайды. Аяғына доп тисе қарсылас команданың бірнеше футболшысы қоршап алады. Неге десеңіз, ешкімнің миына қонбайтын құйтұрқы пас шығару ол үшін түк те емес. Кейде жалғыз өзі ойынның тағдырын шешіп жатады.
2016 жылы британдық BT Sport телеканалы Еуропа лигасы Уефадағы Бауыржан Исламханның голы ең әдемі гол деп жариялады. BT Sport сайтында оның голы 86 пайыз дауыс жинаған.

5. Ғалым Арыстанбаев Қазбекұлы – полиция сержанты, көпбалалы әке, үлгілі отағасы. Қазіргі таңдам 11 бала тәрбиелеп отыр, 6-ы ұл, 5-і қыз. Олардың 8-і жетімдер үйінен алынған әр түрлі ұлт өкілдерінің балалары, олардың ішінде қазақ, әзербайжан, қытай, өзбек, сыған, орыс, ұйғыр, татар бар. Ол әйелімен отбасы типіндегі балалар үйін ашқан. Ғалым өз әйелінің керемет қолдау көрсететінін айтады. Әйелі Әлиямен 10 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп келеді.
Ғалымның айтуы бойынша олар бір-бірін түсініп, толықтырып отырады, сол үшін де олардың отбасы түсіністікпен бақытта өмір сүріп жатыр.
Балалардың тәрбиесімен көбінесе сержанттың әйелі айналысады. Мамандығы бойынша — мұғалім. Ол өзін қазір тек отбасына арнайды, жұмысынан шыққан. Әйелінің мойнында үй мен баланың қамы. Ал Ғалым Арыстанбаев көп жылдан бері Отаны үшін аянбай қызмет етіп келеді.
Айтар болсақ отбасындағы бірлігі үшін Арыстанбаев «Мерейлі отбасы» конкурсында 1-орынға ие болған. Конкурс 3 турдан тұрған, 44 қатысушы болған. Бұл жетістікпен отбасы тоқтап қалғысы жоқ, олар өздерінің кішкентай үй типіндегі балалар үйін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бекзат Ахметбеков — спорттық жекпе-жек, ​​самбо, дзюдо бойынша спорттық жарыстың қатысушысы болды.
2012, 2013, 2014, 2015 жылдары самбодан күміс медальмен марапатталды. 2012, 2013 жж. Азиада ойындарының Чемпионатының жеңімпазы атанды. 2017 жылы Қазақ күресінен әлем чемпионы атанды. Қазақ күресінен Қазақстан чемпионы аталады.
Қытай, Үндістан, Өзбекстан секілді елдерде халықаралық чемпионаттарға қатысқан. Әртүрлі спорттық сайыстарға қатысушы бола тұра өзін талапкер спортшы, өз ісін білетін азамат ретінде таныта білген.

6. Ерлан Бақтыгерей – Ш. Қажығалиев атындағы 1-ші Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты, Астана қаласындағы Академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі (2013 — 2015 гг.)
Өмірбаяны
Мен, Ерлан Бақтыгерей, 1978 жылы Жамбыл облысында дүниеге келдім. Әкем Ауған соғысына қатысқан, анам бухгалтер. Үш ұлдың ортаншысымын. Отбасымызда музыканттар болған жоқ. Бала кезімде ағамның үйіне қонаққа барғанда, ол менің музыкаға деген ынтамды байқаған. Дәл осы уақыттан бастап, өнерге ден қоя бастадым.
Тарихы
1985-1996 жылдары А.К. Жұбанов атындағы Республикалық музыка мектебінде оқыдым. Содан кейін Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясына түстім. Консерваторияны бітірген соң мені Астанаға оркестрдің әртісі қызметіне шақырды. Халық әндері мен күйлерін, классикалық шығармаларды Қазақ халық аспаптары оркестріне бейімдеп жаздым. Бір орында тұрып қалмай, алға қарай жүріп, шыңдарды бағындырғым келді.
2001 жылы Ш. Қажығалиев атындағы 1-ші Республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты атандым. Бұл менің кәсіби дирижер болып қалыптасуыма үлкен ықпал етті. Ең қызығы, байқауға жас шектеуі болмады. Яғни менің мұғалімдеріммен бәсекелесуіме тура келді. Конкурстан кейін Қазақстан, Ресей, Татарстанның халық әртісі, Татарстан симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, Ресей Үлкен театрының дирижері, профессор, академик Фуат Мансуровтың шақыру қағазын алдым. Оның шәкірті болу оңай дүние емес. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Мен өзімнің жетістіктерім үшін «Болашақ» бағдарламасына қарыздармын.
2008 жылы мені Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, сондай-ақ симфониялық оркестрдің дирижері қызметіне шақырды. 2013 жылы Астана қаласындағы академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі қызметіне шақырды. Гастрольдерде көп жүрдім. Алаңдарда әлемдік жұлдыздармен бірге өнер көрсеттім. Сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын тау» және Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларын сахналадым. Халықаралық ұйымдастырушылармен бірге түрік әлеміндегі композиторларға арналған «Түріксой» концертін ұйымдастырдым.
2015 жылы денсаулығыма байланысты Қарағанды қаласына қайта бардым. Қарағандыға келуіме көптеген себептер болды. Көпбалалы әке ретінде (7 балам бар) олардың тәрбиесімен айналысуды жөн көрдім және өз ісімді аштым. Қазір өзімнің шағын наубайханам бар. Сонымен қатар тігіншілікпен айналысамыз. Ұлттық нақыштағы былғары сөмкелер тіземіз. Осылайша өнерден бизнеске аяқ бастым.
Менің басты ұраным «Талантты адам бар жағынан таланты». Болашақта сахнаға қайта оралып, тыңдармандарымды жаңа жетістіктеріммен қуантамын деп сенемін.

7. Әбдібек Пошкаев – ірімшік зауытының директоры
2012 жылы тоқтап тұрған ірімшік зауытын өз күшімен қайта іске қосып, маркетинг жүйесін кеңейтті. Нәтижесінде өнімнің түрі мен өнімділігі артты. Білікті басшы ұдайы қол астында істейтін мамандардың кәсіби біліктілігін шыңдағанның арқасында сүт өнімдеріне тапсырыс беретін сауда орындарының саны артып, өндіруші зауыт отандық өнімдерді тіпті Ресейге экспортқа шығара бастады.
«Бурнен ірімшік зауыты» ЖШС өз өнімін Жамбыл облысының барлық сауда нүктелері мен еліміздің өзге де өңірлерін қамтып отыр. Зауыт өндіретін жоғары сапалы сүт өнімдері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие.

8. Марат Аманғалиұлы Саршаев — «Орталық клиникалық аурухана» АҚ нейрохирургі, 1985 жылы туған.
Қазіргі таңда инсульт әлемдегі көкейкесті мәселелердің бірі болып табылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерінше инсульт салдарынан жыл сайын 6,2 млн адам қайтыс болады. 2015 жылы Қазақстанда 41 мың адам инсульт алып, оның 24%-ы көз жұмған. «Денсаулық 2016-2020 жж.» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес инсульттің алдын алу және оның көрсеткіштерін төмендету мақсатында, біздің бөлімшеде жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетіледі. 2016 жылы біздің бөлімшеде бас миы және жұлынға жасалған оталар адам шығынысыз сәтті өткізілді. Біз инсультқа қарсы күрес жүргізіп жүрген алдыңғы қатарлы емханалардың бірі болып табыламыз.
Бірінші санаттағы дәрігер. «Ең үздік жас дәрігер» атағының иегері, Тараз қ., 2015 ж.

фото www.inform.kz сайтынан алынды.
Ақпарат 100esim.el.kz сайтынан алынды.

TURANINFO.KZ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X