Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының 100 жаңа есім бағдарламасы аясында жас ақын, Астана қалалық жастар мәслихатының депутаты Сержан Кенжебек Сержанұлының «Мен елімнің самғап ұшар қыраны» атты шығармашылық кеші болып өтті, деп хабарлайды Елорда инфо.
Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің Ж.Жабаев атындағы үлкен концерт залында өткен кешке еліміздің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламенті депутаттары, ұстаздар, өнер саласы тұлғалары мен студент-жастар қатысты.
Шығармашылық кештің негізгі мақсаты — Қазақ әдебиетінің жаңа ғасырға тоғысқан толқынды сәттерінде қазақ ұлтының қаншама дарынды жастарының шығуына қарамастан, олардың шығармашылық жұмыстарымен таныстыру болып табылады. Сондай дарынды жастардың бірі жас ақын Кенжебек Сержанұлының қазақ әдебиетіне, поэзия әлеміне өзіндік үлесін қосып келе жатқанынан хабардар ету. Өзі жинақтаған 3 кітабын халыққа көрсету арқылы студент-жастардың шығармаға деген ынтасын ояту. Шабытпен талай сырды ақтаруға бел буған Кенжебектей жастарды әдебиет әлеміне шақыру, олардың емін-еркін ойлай алуын, шалықтаған шабыттарымен талай әсем де сырлы дүниелерін өмірге әкелу болып табылады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сержан Кенжебек Сержанұлы Маңғыстаудың тумасы. Ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ, елімізге белгілі адамдармен еркін сөйлесіп, өз облысының жаңалықтарын қалт жібермей пікірі мен ойын жеткізіп, қолынан қаламын түсірмей жүрген жастардың бірі болды. Соның нәтижесінде болар, ол қаламын жастай ұштаған республикалық «Ұлан» (бұрынғы «Қазақстан Пионері») газетінде және «Маңғыстау», Ақтау қалалық «Ақтау ақпарат» газеттерінің де штаттан тыс тілшісі болды. Жастайынан бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласа білді. Бүгінде Кенжебек Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің үшінші курсында оқиды. Университетегі қоғамдық жұмыстарға белсене араластын ол оқу орнындағы «Алаш жастары» бірлестігінің президенті. Кеште алдымен сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Республикалық Ардагерлер Орталық Кеңесінің төраға орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбайұлы Кенжебектің бала шағынан осы жасына дейінгі сәттерінің куәгері екенін, оның талмай-іздінісінің, белсенділігінің арқасында көптеген белестерді бағындырып келе жатқанын айтып, болашағына сәт-сапар тіледі. Одан кейін «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Қаныбек Жұмашев, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Ораловтар кеш иесіне шығармашылығына сәт-сапар тілеп, құттықтау хаттарын тапсырды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, бұрынғы сенатор Өмірбек Байгелді, кемел сөздің кемеңгері Мырзагелді Кемел, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күміс көмей әнші Кенжеғали Мыржықбай жас ақын Кенжебекті кешімен құттықтап, ақ баталарын арнады. Кеште жас ақынның өлеңдерін Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтының Поэзия «Аққу» бірлестігінің студенттері мәнерлеп оқыды. Кеш соңында Маңғыстаудан арнайы келген Кенжебектің анасы «Алтын алқа» иегері, 11 перзентті дүниеге әкелген Бақтыгүл Тарғынбайқызы ұлының шығармашылық кешінде қуаныштан шашу шашып, сахна төріне көтеріліп, жиналғандарға отбасы атынан алғысын білдірді және Кенжебектің өнердегі бағыт-бағдар беруші ағаларының иығына шапан жапты.
— Бүгін мен кенже баламның Алла берген табиғи таланты ақындық кешіне сонау Маңғыстаудан арнайы келіп қатысып отырмын. Қуанышымда шек жоқ, айналайын. Баламның әркез жеткен жетістіктеріне, қуанышына сонау шалғайдан әркез тілекші болып отырамын. Бүгінгі қуанышты күнде әкесінің жоқтығы, марқұм жанымызға қатты тиіп отырмын. Баласының әр шыққан баспалдағына қуанып жатырған шығар,- дейді жас ақынның анасы, «Алтын алқа» иегері Бақтыгүл Тарғынбайқызы.+ Осындай салтанатқа толы сәттерден кейін Кенжебек Сержанұлы өлеңдерін шабыттана оқып, кешті қорытындылады.
Мақала elorda.info сайтынан алынды