Аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтер және ауыл әкімдерімен облыстық семинар-кеңес өтті.
Шараға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма, департамент басшылары, аудандар мен Тараз қаласының әкімдері, олардың аппарат басшылары мен аудандық маңызы бар қала, ауыл, ауылдық округ әкімдері қатысты. Семинар жұмысы басталмас бұрын «Достық үйінде» орналасқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруды үйлестіретін, замануи жабдықталған жобалық офистің таныстырылымы өткізіліп, өңір басшысына Тараз қаласы мен аудандардың 2017 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалу барысы баяндалды.
Жиынды өткізудегі мақсат – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында аймақта өткізілген «Туған жерге туыңды тік!» атты акцияны қорытындылау болды. Акцияның нәтижесі ретінде «Жаңғырған ауыл» бағдарламасы аясында демеушілік көрсету бойынша шешім қабылдаған кәсіпкерлік субъектілері мен аудан, округ әкімдерінің арасында үш жақты меморандумдарға қол қою рәсімдері болды. Жалпы, осы шара аясында жобалық құны 500 млн. теңге құрайтын 8 меморандумға қол қойылды.
— 100 орындық бала бақша бергелі жатырмыз мемлекетке, ауылымыздың игілігі үшін. Болашақта да біраз жоспар бар, келесі жылы Юбилейный деген ауыл бар, сол ауылға тағы бір бала бақша салсақ деп отырмыз. Өзіміздің ауылға мәдениет үйі жоспарда бар, – дейді шаруа қожалықтың төрағасы Мейрамбек Дөненбай.
Жалпы екі бөлім және бес тақырыптық бағытта өткен кеңесте жергілікті өзін-өзі басқару заңнамаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, қаржы экономикалық саясат, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және еңбек қатынастары, инфрақұрылымды дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Облыс әкімі К.Көкрекбаев жүргізген семинарда Ел Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауында қойылған міндеттер, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру мәселелері қамтылды.
Аудиторияға «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі туралы», Қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу профилактикасы», «Республикалық және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Өрлеу» пилоттық бағдарламалары туралы, өзге қызықты тақырыптарға мемлекеттік органдардың бірінші басшылары дәрістер өткізді.
Семинар барысында мемлекеттік қызметті үлгілі атқарып жүрген бірқатар азаматтарға облыс әкімінің марапаттары тапсырылды.
TURANINFO.KZ