Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында №5 мектеп-гимназиясында «Бүгінгі түлек – ертеңгі тірек» атты мектеп түлектерімен кездесу өтті.
Басқосуға «Жамбыл облысы жастар ұйымдары Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, өңірімізге танымал блогер Исламбек Дастан, облыстық балалар ауруханасының хирург дәрігері Қанат Дүйсебаев, Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті филология факультеті деканының орынбасары, шет тілдері кафедрасының оқытушысы Жақсылық Рысылдиев және спорттық акробатикадан спорт шебері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы Назерке Күшейменова қатысты. Шарада алғы сөз сөйлеген аталған білім ордасының басшысы Салтанат Төлеу Елбасының «Бола¬шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала¬сындағы ұлттық сананы жаңаша қалыптас¬тыру, басқа елдердің озық тәжірибесін, же¬тіс¬тіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру бүгінгі күннің талабы екенін тілге тиек етіп, білімге ұмтылып, жақсыға үйрену, жаманнан жирену қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ ол кездесу аталған мақаладағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өтіп жатқанын хабардар етіп, ол бағдарламаны жүзеге асыруға әрбір қазақтың жүрегінде патриотизмді ояту, туған жерді құрметтеу, қоршаған ортаны аялау секілді қасиеттерді сіңіру кіретіндігін баса айтты. Өз сөзінде мектеп директоры аталған білім ордасында Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Қаратай Тұрысов сынды халық үшін қалтқысыз еңбек еткен азаматтар оқып кеткенін мақтанышпен жеткізіп, кейінгі түлектерде ел үшін аянбай жұмыс жасап жатқанын сөз етті. Сөз тізгінін алған кездесуге қатысушы түлектер алғашқы мұғалімдерін еске түсіріп, оқушы кездеріндегі жылы естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар олар бүгінгі күні мемлекет тарапынан жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып, тек білім алу қажеттігін жеткізді. Бұдан өзге олар мамандық таңдау туралы өздерінің кеңестерін беріп, тәжірибелерімен де бөлісті. Осылайша артынан ерген іні-қарындастарына ақылдарын айтқан түлектер бастысы жан-жақты болуға шақырды. Кездесуде оқушылар түлектерге түрлі сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды. Сондай-ақ өздерінің өнерлерін ортаға салып, кешке қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
TURANINFO.KZ