Жаңғыру жазудан басталады
Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтіп, онда мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру мәселесі мен әліпбидің бірыңғай стандарты талқыланды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев латын әліпбиіне көшу — қазақ халқының жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелетіндігін жеткізді.
–Латын әліпбиіне көшу Елбасымыз ұсынған «Рухани жаңғырудың» берік іргетасы деп білемін. Латынға көшу арқылы біз ұлтымыздың әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыратын үш мәселені шешеміз. Біріншіден, жаңа қаріп жүйесі жастарымыздың да, орта жастағылардың да ағылшын тілін меңгеруін жеңілтетеді әрі жеделдетеді. Екіншіден, ағылшын алфавиті мен тілін үйрену арқылы ғылым-білімнің осы тілде жасалған мол қазынасын еркін игеруге жол ашады. Үшіншіден, жер жүзіне тарыдай шашылған бар қазақтың басын қосады. Кирилицада жасалған бар әдеби құндылық толығымен комьпютерлік нұсқаға көшіріледі. Сондықтан, латынға көшу арқылы рухани байлығымыз цифрлық технология тілінде одан әрі өркен жаяды, – деді М. Шүкеев.
Бұдан кейін тіл мамандары мен зиялы қауым өкілдері күн тәртібіндегі мәселеге байланысты өз ойларын ортаға салды. Мәселен, «Рухани жаңғырудағы латын әліпби мәселесі» тақырыбында баяндама жасаған Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қасиет Молғаждаров өзінің бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
– Бүгінгі таңда латын әліпбиіне көшуге қатысты түсінік біржақты қалыптасып келе жатқан тәрізді. Алайда, еліміз көпұлтты болғандықтан, қарсы пікірлердің де барын жасырмауымыз керек. Оның себебі, түсіндіру жұмыстарының жетіспеушілігінен туындайды. Қарапайым халыққа латын әліпбиіне көшудің мән-жайын, қажеттілігін, маңыздылығын әлі де болса түсіндіруіміз қажет.
Жалпы латын жазуы арқылы мемлекеттік тіліміздің халықаралық сипат алатындығы және басы артық ережелер мен әріптерден ада болатынымызға көзіміз жетіп отыр. Сондықтан, латын жазуына көшуді өз басым толық қолдаймын. Ғаламторды ашып қарасаңыз, осыған қатысты өте агрессивті пікірлердің барын оқып білесің. Ендеше, латын әліпбиін бірден қабылдамай, әбден сүзгіден өткізіп барып, жергілікті жерлерге дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып қабылдау керек.
Қазіргі уақытта техниканың тілі дамыған заман екенін білеміз. Әсіресе латын жазуына көшуге жастардың құлшынысы басым. Студенттер арасында өткізілген сұхбатта жастар жазу реформасына дайын екендігін сеніммен айтып отыр. Студенттерді былай қойғанда, мектеп оқушыларының пікірлері де латын әліпбиіне көшуді қолдайды. Яғни, келешек ұрпақ үшін латын әліпбиін меңгеру қиындыққа соқпайтыны анық,–деген Қасиет Какенұлы жаңа әліпбиге байланысты жеке пікірін білдірді. Ол өз сөзінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері — Ту, Елтаңба, Әнұранның авторлары болғаны секілді, жаңа қазақ әліпбиінің де авторы болғаны дұрыс екенін жеткізді.
Басқосуда басқа да қатысушылар көкейлеріндегі ұсыныстарын айтып, көпшіліктің талқысына салды. Ал, шараны қорытындылаған Мұратхан Жүнісәліұлы отырыс барысында айтылған ұсыныстардың партияның орталық аппаратына, «Мирас» республикалық кеңесіне және жергілікті атқарушы органдарға жіберілетінін тілге тиек етті.