Байзақ ауданында əн мен күй байқауы өтті
Жамбыл облысы, Байзақ аудандық мәдениет үйінде дәулескер домбырашы, композитор Нұрғиса Тілендиев атындағы «Кел, еркем, Алатауыңа!» V Республикалық әншілер және күйшілер конкурсы өтті. Шара басында «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі өнер көрсетіп, өз аймақтарының намысын қорғай келген үміткерлер мен қазылар алқасы қызыл кілеммен жүріп өтті.
Меймандарға Н.Тілендиевтің шығармашылығынан кітап көрмесі ұсынылды. Байқаудың шымылдығын Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев пен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина құттықтау сөздерімен ашып берді.
Музыка әлемінің марғасқасының шығармашылығын кеңінен насихаттап, қазақ ән әлемін жас буын өнерпаздармен толықтыру мақсатында өткізіліп отырған өнер сайысына Астана, Алматы қалаларынан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл облыстарынан барлығы 23 үміткер қатысты.
Байқауға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Саят Медеуов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұхтарбай Рахманқұлов, Казақстан Республикасының мәдениет қайраткері, күйші, сазгер Аман Малдыбаев әділ төрелік етті.
Үміткерлер екі кезеңде өнерлерін ортаға салып, халықтың зор қошеметіне ие болды. Байқауда күллі қазақ елінің болмысын, өр болмысын танытатын Нұрғиса атамыздың «Құстар қайтып келеді», «Сағындым ғой», «Сөнбейді, әже, шырағың», «Кел, еркем, Алатауыңа» сынды шоқтығы биік туындылары орындалды.
Сонымен, əділ қазылардың төрелігімен күй аталымы бойынша Астана қаласының үміткері Батырлан Əбенов I орын, Құдайбергенов Дарын II орынға ие болды. Ынталандыру сыйлығымен алматылық Нұрберген Қырғызбаев пен бірге Жамбыл облысының үміткері Рауан Жексенбі марапатталды. Əн номинациясы бойынша ынталандыру сыйлықтарымен павлодарлық Жібек Айтбаева, Батыс Қазақстан облысынан Таңат Жексенбаев марапатталды. Жүлделі III орынға жамбылдық Дулат Жасұзақ, Оңтүстік Қазақстан облысынан Еркебұлан Құрасбек, Алматы облысынан Ағлақова Ұлжан ие болды. II орынның жүлдесіне Оңтүстік Қазақстан облысынан Бек Нуриддин лайықты деп табылды. І орынға қызылордалық Аружан Қойшығара ие болды.
Ал, Нұрғиса Тілендиев атындағы байқаудың биылғы бас жүлдесін көрерменнің ыстық ықыласына ие болып, əділ қазыларды таңдай қақтырған Тараз қаласының əншісі Əсел Уашева жеңіп алды. Барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Арайлы Жақсылық