Шешен Республикасының тумасы Зарема есімді азаматша үйі өртке оранып, соның салдарынан құжатсыз қалған. Бірнеше мәрте өз бетінше құжаттарын қалпына келтірмекші болғанымен, еш нәтиже шықпаған. Табанынан таусылған азаматша Жамбыл облыстық «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментіне құжаттарын қалпына келтіруге байланысты көмек сұрап хабарласқан. Бұл қиын жағдайда көмек көрсетуге сол уақытта мамандандырылған ХҚКО қызметін атқарған Мұрат Байдалиев қол ұшын берді. «Мұрат жұмыстан тыс уақытта тиісті уәкілетті органдарды аралап, анықтамаларды жинап, құжаттарды әзірледі. Жеке өзімнің баруым керек жерлерге мені көлігімен тасыды, себебі тіпті жол жүру ақысын төлеуге де қаражатым жетпеді, оның үстіне көзім де нашар көретін еді. Сонымен қатар, кәсіподақ ұйымы атынан азық-түлік, киім-кешек, балаларға оқулықтар да үйлестіріп берді. Ұйымшыл ұжымға жасаған жақсылықтары үшін айтар алғысым шексіз»- дей отырып, Зарема сол кездегі естеліктеріне тоқталып өтті.
Қазіргі таңда Мұрат Байдалиев Тараз қалалық №2 бөлімінде бас маман болып жұмыс жасайды. Зареманың отбасымен әлі де байланысып, кәсіподақ ұйымының атынан материалдық көмек көрсетіп жүр. Сондай-ақ, Мұрат жақсылығын әрі қарай жалғастыру мақсатында Зареманың 7 жасар қызының туу туралы куәлігін алуға септігін тигізді.
Зарема Арапханова қиын жағдайда қолдау көрсеткені үшін Мұрат Байдалиевке, сондай-ақ, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» басшылығына алғысын білдірді.
Фото қызметкердің жеке мұрағатынан
Turaninfo.kz