ХХІ ғасыр бүкіл әлем жұртшылығы үшін жаһандану, вестернизациялану ғасыры емес, діннің беделді де ықпалды қоғамдық құбылысқа айналған ғасыр. Бүгінгі заманның бет бейнесін түбегейлі өзгеруге алып келетін бірден бір ең маңызды фактор – дін. Ең ірі әлемдік діндердің бірі — ислам діні. Ислам діні – адамдардың сенімі ғана емес, сонымен қатар өмір сүру салты. Дінді өзінің өмір сүру салтына айналдырған қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын діңгегі екендігін паш етіп отыр.
Дін рухани өмірдің негізі, қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. XX ғасырдың соңында коммунистік идеологияның атқарып отырған жақындастырушылық қызметін жоғалтып алуы, коммунистік партияның тарауы, ұлттық және мәдени дәстүрлердің қайта жаңғыруы нәтижесінде халыққа діннің рөлін қайта қарауына тура келді.
Қазіргі таңда елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап ұлтаралық және дінаралық қатынастар негізінде өзара бейбітшілік пен келісімде ғұмыр кешіп келеді.
ХХІ ғасыр әлемдік жаһандану ғасыры. Жаһандану ғасырында бәрі батыстық сипат алып түрленуде. Тек, дін ғана жаһанданудың ырқына көнбей өз ағысымен дамып, өркен жаюда. Қайсы бір дінді алып қарастырмайық, ислам яки өзге дін болмасын адамзат баласын ізденімпаздыққа шақырады. Білім — адамды ойлануға, өзіндік пайымдауға, ғылыми ізденістерді зерделеуді меңзейді. Діни түсінікте ғылым дінді танумен шектелмейді. Ғылым – адам ой – санасының дамуы мен жетілуі болып табылады.
Бүгінгі таңда, Қазақстан бүкіл әлем үшін конфессияаралық келісімнің үлгісі ретінде танылды. Орта Азияда ғана емес күллі әлем жұртшылығы үшін Қазақстан – діни толеранттық идеясын тарату жөніндегі көшбасшы елдердің бірі. Біздің еліміздің конфессияаралық үнқатысудағы тәжірибесі бүкіл әлемдегі діни жетекшілердің қолдауына ие болып отыр.
Қай жағынан алып қарастырсақ та, дін — дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі.
Қазіргі таңда көп конфессионалды Қазақстандағы конфессияаралық келісімге баса назар аударуымыз керек. Көптеген деноминациялардың бір аумақта бейбіт өмір сүруі ел саясатының жемісі ғана емес тұрғылықты халықтың өзара қарым – қатынасының жемісі. Елімізде конфессияаралық ірі қақтығыстар болмады, мұның өзі біздің басымдылығымыз.
Әлемдік жаһандану жағдайында еліміздің бірлігі мен бірегейлігін сақтау үшін, өзіміздің ұлттық болмысымыз бен төлтума мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды болашақ ұрпақ танып білуі, ұлттық бет-бейнемізді жоғалтпай, болашақ ұрпаққа ұлттық құндылықтарымыздың ең асылын ұрпақ сабақтастығы арқылы жүйелі түрде жеткізу — өмір талабы. Осы мақсатқа жету үшін ең басты мән береріміз де, ең асылымыз да – дін.
Сұлтаншәріп ДЖАДЫРАЕВ
Т.Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы