Партия Жуалы аудандық филиалы жұмыссыз жастармен кездесті
Бүгін, партия Жуалы аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Сәтті қадам» партиялық жобасы аясында және Елбасы Жолдауынан туындаған тапсырмалардың орындалуы бойынша аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері жұмыссыз жастармен кездесті.
Жиынға аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері Анар Ахметова, Ілияс Дүйсен, Руслан Сайлаубаев, БПҰ төрағалары, жергілікті атқарушы билік органдары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жұмыссыз жастар, БАҚ өкілдері қатысты.
Фракция мүшелері жұмыссыз жастарға «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» тақырыбындағы Елбасы жолдауын насихаттады.
– Елбасы жаңа жаһандық бәсекеге қабілетті мемлекет құрудың жаңа моделін ұсынды. Соның ішінде жастарға үлкен міндет жүктеліп отыр. Өйткені, Президент «Жастар — ел болашағы» дегенді айтудан жалықпайды. Ал, Қазақстанның алдағы дамуы, осы реформалардың орындалуы тікелей жастардың қолында. Сондықтан, бүгінгі жастар, білімді, жаңа технологияларды жіті меңгерген кәсіби маман болуы қажет. Ол үшін мемлекет барлық жағдай жасап отыр,-деді партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова.
Жастар бүгінгі қоғамның ертеңгі көрінісін қалыптастыратынын ескерер болсақ, Елбасы өскелең ұрпақты рухани бай, адамгершілігі мол азамат етіп тәрбиелеу маңызды іс екенін баса айтады. Бұл бүтін қоғам болып бірігіп, жұрт болып жұмыла атқаратын міндет екенін баршамыз сезінгеніміз абзал деді ол.
– Жолдауда Қазақстанның жас та көп ұлтты, болашағына жарқын сеніммен қарайтын, даму үстіндегі ел екені ерекше ескерілді. Біз осы тарихи мүмкіндік пен игіліктерді пайдалана отырып, баршамыз Елбасымызбен бірге мәңгілік ел қалыптастыруға күш салуымыз қажет. Шаңырағы биік, керегесі кең, іргелі мемлекет құру жолында жиған мол тәжірибемізді ұштап, қоғамдағы әр саланың маманы өз ісінің нағыз білікті кадры екенін айқындап, ел дамуына аянбай атсалысуы абыройлы іс әрі азаматтық борыш, – деді фракция мүшесі Руслан Сайлаубаев.
– Қазіргі таңда жастар үшін ең маңызды мәселе – жұмысқа орналасу мәселесі. Еңбек нарығын жаңғырту мақсатында Елбасымыз өз Жолдауында жұмыскерлердің жаңа заман салаларының мамандықтарына көшуі үшін қолайлы жағдайлар жасау міндетін қойды. Осыған орай, Президент еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеу қажеттілігін атап өтті. Мұндай Жол карталары жұмыс берушілердің қысқартылған жұмыскерлерді қайта дайындау және жаңа жұмысқа орналастырудағы міндеттерін айқындап көрсететін болады, – деді Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры, фракция мүшесі Ілияс Дүйсен.
Сондай-ақ, шара барысында «Халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру, жұмыссыз жастарға қайта даярлау шарттары, тегін кәсіби білім алу туралы көптеген пайдалы кеңестер мен ақпараттар берілді.