«Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өтті.
Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылдың 15 қыркүйегінде облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы Бірыңғай республикалық күніне сәйкес «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Аталған іс-шараға жоғары оқу орнының ғалымдары, техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің оқытушылары, жалпы білім беретін мекемелердің қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті және тарих пәндерінің мұғалімдері, барлығы 59 педагог қатысты.
«Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» тақырыбындағы дөңгелек үстелдің жұмысы барысында Тараз мемлекеттік педагогикалық институты, «Қазақ филологиясы» кафедрасының оқытушысы, ф.ғ.к., доценті Г.М.Қарымбаева «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру: тарихы мен тағлымы», облыстық ерекше дарынды балаларға арналған «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Р.Дүйсенбаев «Тіл реформасының бір сатысы –латын әліпбиіне көшу», Жамбыл политехникалық колледжінің әдіскері М.Т.Мырзахметова «Латын әліпбиіне көшу-тіліміз үшін жасалған игі қадам», Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Л.С.Аликулова «Латын әліпбиі туралы мәселе-өркениет талабы», Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Л.О.Елибаева «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің алғышарттары», Жамбыл политехникалық колледжінің оқытушысы Г.К.Макенова «Уақытпен үндескен жаңғыру» тақырыптарында латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында педагогтар латын графикасы негізінде қазақ әліпбиінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік беретін қажеттіліктер туралы өз пікірлерін ортаға салды.