Қылмыс саны артқан
Тараз қаласы №2 сотында ағымдағы жылдың І жартыжылдығында сот төрелігін жүзеге асыру бойынша брифинг өтіп, онда сот төрағасы Низамиддин Жамашов өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда қылмыс саны екі есе артып отырғандығын жеткізді.
Нақтырақ айтқанда өткен жылдың жарты жылдығымен салыстырғанда биылғы жылы қаралған істің көлемі 212 артқан. Мәселен, 2016 жылдың алты айында 280 іс сотта қаралыпты. Сондай-ақ сот төрағасы есепті мерзім ішінде 520 адамға қатысты — 465 қылмыстық іс қаралып, оның ішінде 328 адамға қатысты – 287 үкім шығарылғандығын мәлім етті. Бұдан өзге 150 адамға қатысты — 139 іс қысқартылып, 25 іс медиатордың қатысуымен қысқартылғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар 16 іс келісім бойынша қысқартылса, 11 іске 1 күннің ішінде соттың шешімі шыққан. Жалпы есепті мерзім ішінде 320 адам сотталған. Оның 156-ы ауыр қылмыс жасағандар. Бұлардың 44 пайызы бас бостандығынан айырылған. Айта кетерлігі, облыс орталығында қоғамның жегі құртына айналған сыбайлас жемқорлықтың толастайтын түрі жоқ. Бірақ бұл дерттің алдын алу мен онымен күресу шаралары қаншалықты жүргізілсе, соншалықты өршіп отырғандығын аңғаруға болады. Мысалы, өткен жылдың алты айында 4 іс сотта қаралса, биыл 16 іске бірақ шыққан. Бұл ойланарлық жағдай. Олардың 4-не айыппұл салынса, 5 азамат бас бостандығынан айырылыпты. Низамиддин Қазыбайұлының айтуынша, жымысқы әрекеттерін іске асырып, жемқорлыққа жол бергенден айыппұлдарын бірден төлеп жатыр екен.
Брифинг барысында сот төрағасының есебінен аңғарғанымыз бүгінде шаһарда қылмыстың ұрлық, тонау, алаяқтық түрлері көш бастап тұр екен. Яғни, 104 іске судьялар заң аясында әділ жазасын берген. Одан кейінгі сатыларда бұзақылық, жол ережесін бұзу қылмыстары жайғасқан. Бұдан бұрын елімізге криминогендік жағымен танылған қаламызда әліде болса бұзақылықтың көріністері жойылмағандығын түсінуге болады. Осы тұста сот төрағасы бұрын көп кездесе бермейтін жол ережесін бұзу фактілері көбейіп бара жатқандығына алаңдаушылығын білдіріп қалды. Жалпы қалалық сотта қаралған 16 іс облыстық сотта қайта қаралып, 22 адамға қатысты 3 үкім бұзылыпты. Ал биылғы жылдың жартыжылдығында тергеу бойынша 1506 іс қаралған. 2016 жылы небары 980 іс қана тергеушілердің назарына іліккен. Сонымен қатар былтырғы жылы төленбеген айыппұл көлемі 21 млн. теңге болса, биыл 10 млн. теңгеге дейін азайыпты. Бұның барлығын атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың арқасы көрінеді.
Сотта қаралып жатқан істің небары 52 пайызы ғана қазақ тілінде жүргізіледі екен. Бұл жағдай сот төрағасы Низамиддин Жамашовтың өзін қанағаттанбайтындығын жеткізді. Аталған органда қазақ тілінің үлес салмағы кемінде 80 пайыздан жоғары болу керек дейді ол. Дегенмен істі жүргізу тілі тергеушілер мен заң алдында жауап берушілердің арасындағы келісім бойынша анықталады екен. Дейтұрғанмен қалалық соттағы барлық кіріс-шығыс құжаттары 100 пайыз қазақ тілінде жүзеге асады.
Баспасөз мәслихаты барысында Низамиддин Қазыбайұлы сотталып жатқан адамдардың әлеуметтік жағдайларына да зерделеу жұмыстарын жүргізіп отыратындығын алға тартты. Ол жұмыстардың нәтижесінде сотты болып жатқан азаматтардың 65 пайызы жұмыссыздар екендігі анықталған. Сондай-ақ олардың басым бөлігінің жасы 35-ке жетпеген темір тепсе темір үзетін азаматтар. Сондықтан сот төрағасы шаһарда жастармен жұмыс жасайтын жауапты мамандар тиісті шаралар қабылдап, олармен жұмысты күшейтсе деген ұсынысын да жеткізді. Әйтпесе, «жастар» санатындағы азаматтар қылмыс жасауын доғармайтын көрінеді. Оған дәлел былтырғы есепті кезеңмен биылғы есепті кезеңдегі қылмыс санының екі есе артып кетуі.
Жиын соңында сот төрағасы өз басқаратын органдағы өзге де жаңалықтарға кеңінен тоқталып, бүгінде тұрғындар сотқа арыздарын үйінде отырып-ақ берулеріне болатындығын мәлім етті. Ол үшін соттың сайтында судьялардың арнайы кабинеттері қарастырылған. Осы арқылы азаматтар судьялармен тікелей байланысқа шығып, арызының орындалған-орындалмағандығын біле алады.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ