Ана тілді аялай біл, Адамдар!
Өткерсек те талай заман таршылық,
Шаттанатын шуақ күн де баршылық.
Өркен жайып, бүршік жарып келеді
Ана тілім ғасыр тоңы аршылып.
Тұншықтырып, тұқыртса да талайлар,
Қасиетті тіл қадір тұтса, арайлар.
Ақ сүтімен ақ ананың дарыған,
Ана тілді аялай біл, Адамдар!
Ана тілді ардақтай біл, Адамдар,
Онда баба, өткен күннің үні бар!
Жер жаһанды тамсандырған, сүйсінткен,
Махамбеттің, Бауыржанның рухы бар!
Ана тілде талай тарих сыры бар,
Ата-баба көз жасы мен мұңы бар.
Маржан сөзден мағыналы ой тастар,
Ұлы Абай, Ыбырай, Ахмет жыры бар.
Ана тілді аялай біл, Адамдар!
Қыран болып қалықтасын көгімде…
Ана тілім, адалдығым, арым да,
Ана тілде асау жырым жалында.
Елдігімнің, теңдігімінің айғағы,
Ана тілім – асыл мұра, қазына.
Ғасырлардың шежіресін жеткіздің,
Талай қилы замандарды өткіздің.
Туған тілім – Бұқар, Дулат жыраулар,
Жыр өтінен білдім мұңын көш елдің.
Қазақтығым – сен бар кезде ақиқат,
Сен бар кезде дархан мынау атырап!
Бас иемін, табынамын мен саған,
Сен бар кезде ойым еркін, көңіл шат.
Қайран тілім, сен бар кезде мен бармын,
Қазақпын деп сен бар кезде мен жандым.
От тілді де, көмкерілген ойды да,
Жиғансың сен маржан, қымбат не бардың!
Сенен алғам мен қуатты, күшті де,
Сенің арқаң жыр жазамын өршіте.
Ұлы Отан, ұлы халық мен болам,
Сен қыран боп қалықтасаң көгімде!
Ботакөз Бақдәулетқызы Темірбаева,
Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті
Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің жетекші маманы