Тараз қаласында табиғи монополиаларды реттеу бойынша бірыңғай CALL-орталық ашылды.
Орталық Жамбыл облыстық прокуратурасы ұйытқы болуымен және Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған. Ал байланыс жағын «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық филиалы қамтамасыз етіп отыр. CALL-орталықтың базасы Тараз қаласы әкімдігінің ғимаратында орналасқан. Алдағы уақытта тұрғындар жарық, газ, жылу және су жүйелерінен ақау шыққан жағдайда CALL-орталықтың 55-67-67 номеріне хабарласа алады. Қызмет тәулік бойы көрсетіле береді.
Бұл жоба Жамбыл облысы прокуратурасының «Табиғи монополиалар бойынша тұтынушылардың құқығын қорғау» жобасы аясында іске асып отыр екен. Өйткені, құзырлы орган өкілдеріне жарық, газ, жылу және су жүйелерінен ақау шыққан жағдайда ешкімге хабарласа алмай дал болғандардан өтініштер көптеп түскен. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында CALL-орталықты құрған. Бүгінде ол жерде 5 адам тәулік бойы тұтынушыларға қызмет ететін болады.
— Бүгін табиғи монополиаларды реттеу бойынша орталықтандырылған CALL-орталық ашылып отыр. Бұл істің бастамашысы облыстық прокуратура өкілдері. Біз қалалық әкімдік тарапынан қолдау көрсетудеміз және орталық базасы өзімізде орналасқан. Жақында өткен қала әкімінің есебінде жарық, газ, жылу және су жүйелері туралы көптеген сұрақтар туындады. Тұрғындар олардан ақау шыққанда қайда хабарласатындарын білмейтін. Енді 55-67-67 нөмеріне хабарласса сала мамандарына бірден қосып, мәселесін жедел шешіп беретін болады, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай.
TURANINFO.KZ