Ағымдағы жылдың 17 қаңтарында Тараз қаласы Полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында облыс орталығының аумағында тұрғын үйлерге кілттерді таңдау арқылы пәтер ұрлығымен айналысқан үш адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды. Ұсталғандардың барлығы 22-30 жас аралығындағы Тараз қаласының тұрғындары, олардың екеуі бұрын сотты болған.
«ВАЗ 2109» автокөлігін тексеру кезінде қара қолғап, кілт, сағаттар, банк карточкалары, күміс бұйымдар, «Soni XP» маркалы теледидар, «Apple» ноутбугы секілді алынған айғақ заттар қылмыстық топтың ағымдағы жылдың 1-17 қаңтар аралығында болған ұрлықтарға қатысы бар екендігін көрсетіп отыр. Ұсталғандардың бес эпизодқа қатыстылығы дәлелденді. Жалпы шығын 3 миллионнан астам теңгені құрайды.
Қазіргі таңда ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.
Тараз қаласы ПБ КПб-нің қызметкерлерімен күдіктілердің көлігінің мемлекеттік нөмірі жалған екені де анықталды. Күдікті адамдар Тараз қаласы ПБ Уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта топтың осығандай қылмыстарға қатыстылығына, ұқсас тәсілдеріне, жасау уақыты мен қолтаңбасына, сондай-ақ бірге қатысқандарды және алынған заттай дәлелдемелерді анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.
Жамбыл облысы ПД Баспасөз қызметі