Халықаралық қарым-қатынастардың көптеп дамуына байланысты, бір мемлекеттің сот органдарынан шыққан құжатын екінші мемлекеттің аумағында ұсыну қажеттілігі туындап жатады. Құжаттың заңды маңыздылығын қалай растауға болады және ол үшін не қажет? «Апостиль» термині нені білдіреді?
Апостиль — құжаттамаға қол қойған адамның қолын және оның өкiлеттiктерiн, сондай-ақ осы құжат бекiтiлген мөрдiң немесе мөртаңбаның түпнұсқалылығын растайтын арнайы мөртаңба (штамп).
Ресми құжаттарға апостиль қою қызметі Гаагада 1961 жылы 05 қазанда қабылданған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын Конвенциямен, сонымен қатар бірқатар нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі.
Гаага Конвенциясы азаматтық немесе коммерциялық мәселелерде сот және соттан тыс құжаттарды шетелдік тарапқа беру мен ұсынудың ең тиімді механизмін қамтамасыз етуге арналған халықаралық процестегі маңызды көпжақты халықаралық келісім болып табылады. Конвенция 57 жыл бұрын қабылданғанына қарамастан 107-ден астам қатысушы — мемлекеттері, соның ішінде Қазақстан Республикасы да бар. Алыс шетелдерге жолдануға жататын апостиленген құжаттар мемлекеттің келбеті іспеттес болып табылады. Құжат ұсынылуға жататын мемлекет Гаага Конвенциясына мүше ел болған жағдайда ғана апостиль қойылады.
Қазақстан Республикасында өз өкілеттігі шегінде апостилдеу құзіретін 9 мемлекеттік орган, соның ішінде сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қоюды Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) жүзеге асырады.
2017 жылдың 31 қаңтарында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік қызметті көрсету процесін оңтайландыру қажеттігін көрсеткен болатын. Осыған орай мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне тиісті өзгерістер енгізіліп, ағымдағы жылдың 13 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету Департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) облыстар, Астана және Алматы қалаларындағы аумақтық органдарына, яғни Соттар әкімшілеріне «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік қызмет түрін көрсету өкілеттігі берілген.
Мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша, ресми құжат пен мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртек ұсынылған жағдайда апостиль қоятын лауазымды тұлға ретінде Соттар әкімшісінің жауапты маманы бекітілген. Қызметті алушылар тікелей қызметті берушіге жүгінген кезде, жауапты маман сот органдарынан шыққан ресми құжаттың дұрыстығын, сонымен қатар құжатқа қол қойған лауазымды тұлғанын қолын, тиісті сот мөрі мен мөртаңбасының айқындығын тексереді.
Апостиль қоюға ұсынылған құжаттағы судьялардың қолдары мен сот мөртаңбаларының шынайылығын тексеру қызметін ұйымдастыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Порталында республикадағы қызмет атқарып жатқан судьялардың қолдары мен соттар мөртаңбаларының электронды нұсқасы енгізілген Сервис құрылып, өз қызметін атқаруда. Сервистегі ақпараттың өзектілігі мен оның жаңартылуы тоқсан сайын жүзеге асырылады.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдері біршама қысқартылған, ол азаматтар үшін жағымды жағы болып табылады. Қазіргі таңда азаматтарға Астана қаласына Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына бару қажеттігі жоқ, тек әкімшілік-аумақтық бірлікке, мысалы облыс орталығы Тараз қаласына келсе жеткізілікті. Бұл жайт азаматтардың уақыты мен жолға кететін шығындарын азайтатыны сөзсіз.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін беру:
- қызмет берушінің кеңсесі;
- «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ( бұдан әрі Мемлекеттік корпорация) арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Аппараты) Басшысының 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 239 бұйрығымен бекітілген «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 2-бабына сәйкес, қызмет көрсету мерзімдері құжаттар пакетін тапсырған сәттен бастап: көрсетілетін қызметті берушіге — 1 (бір) жұмыс күні; облыстар, Алматы және Астана қалаларында орналасқан Мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдеріне — 1 (бip) жұмыс күні; басқа Мемлекеттік корпорация филиалдарының бөлімдеріне — 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.
Көрсетілетін қызметті алушы (немесе оның сенімхат бойынша өкілінің) көрсетілетін қызметті берушіге немесе Мемлекеттік корпорацияға өтініш білдірген кезде мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесін ұсынады. Олар:
1) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 1-қосымшасына сай өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсына отырып);
3) апостиль қою үшін ұсынылатын сот органдарынан шығатын ресми құжат;
4) егер мемлекеттік көрсетілетін қызметті алушының мүддесін үшінші тұлға білдірген жағдайда нотариалдық куәландырылған сенімхаттың болуы;
5) көрсетілетін қызметті алушы тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда) өзгерткен жағдайда оны растайтын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын ұсына отырып);
6) көрсетілетін мемлекеттік қызметті алғаны үшін мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек.
«Апостиль қою» мемлекеттік қызмет түрі ақылы негізде көрсетілетін болғандықтан міндетті түрде мемлекеттік алым төленуі тиіс. Әрбір апостиль қойылатын құжат үшін Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес, Қазақстан Республикасында жасалған ресми құжаттарға уәкілетті мемлекеттік органдардың апостиль қою үшін мемлекеттік баж салығы айлық есептік көрсеткіштің (2405 теңге) 50 пайызы мөлшерінде әр құжат үшін 1202,5 теңге алынады.
Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету нәтижелерін беру сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі асқа үзіліспен, сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады.
Апостиль жасалған шаршы клише — мөртаңба нысанында болады.
Апостильдің үлгісі
APOSTILLE
(Coinvention de la Haye du 5 octobre 1961)
1. Ел _____________________________________________
Осы ресми құжатқа
2._________________________________________ ретінде
3. қол қойды (тегі) _______________________________
4. мөрмен/мөртаңбамен бекітілді (мекеменің атауы) ___________________________________________________
Куәландырылды
5.__________________ 6. Күні ______________________
7. (куәландырушы органның атауы)___________________ ___________________________________________________
8. N ______________________________________________
9. мөр/мөртаңба ________________10. қолы _________
Мөртаңбадағы бағандарды мемлекеттiк тiлде ғана толтыруға жол берiледi. Ұсынылатын құжаттар анық және нақты жазылуға, лауазымды адамдардың қолдары және мөрлердiң бедерi анық болуға тиiс.
Апостиль құжаттың мәтiннен бос орында не оның арғы бетiнде қойылады және уәкiлеттi мемлекеттiк органның елтаңбалық мөрiмен бекiтiледi.
Апостиль, оны ұсынылған құжатқа қою мүмкін емес болған жағдайда қағаздың бөлек парағында қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда құжаттың парақтары мен апостилi бар парақ кез келген түстi жiппен (не арнайы жiңiшке баумен, лентамен) бiрге тiгу жолымен бекiтiледi және нөмiрленедi, бұл туралы «жұлдызшада» тиiстi жазу жүргiзiледі. «Жұлдызша» — құжаттар парағы бекiтiлетiн жерде желiмденетiн және апостиль қоюшы орган елтаңбалық мөр қойған қалың қағаз болып табылады. Құжаттардың соңғы парағы бекiтiлу орнында елтаңбалық мөр қойылатын «жұлдызшамен» желiмденедi. Бұл ретте қойылған мөрдiң бедерi «жұлдызшада» және парақта бiрдей орналасуға тиiс.
Бекiтiлген парақтардың саны апостильдi қоятын адамның қолымен расталады.
Айнаш Махамбетова, Жамбыл облысы бойынша Соттар әкімшісінің бас маманы – мемлекеттік тілді дамыту бойынша