ЖУАЛЫЛЫҚ БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫ – РЕСПУБЛИКАДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Астанада 14-15 қараша күндері «Нұр Отан» партиясының бастауыш ұйымдарының республикалық форумы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 600-ден астам делегат қатысты.

Жалпы бастауыш партия ұйымдары жергілікті жерлерде партия саясаты мен оның стратегиялық міндеттерін жүзеге асырып, халықпен және әр нұротандықпен етене жұмыс істейтін партиялық құрылым. Бүгінде партияның 6 мыңға жуық бастауыш ұйымы бар. Ал Жамбыл облысында қазіргі таңда партияның 337 бастауыш ұйымы болса, оларда жалпы саны 70 мыңға жуық мүше бар.

Жиынға партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов бастаған 20-дан аса делегат қатысты. Форумның бірінші күні панельді сессия өтіп, онда бастауыш ұйымдардың жұмыс тиімділігінің көрсеткіштері жан-жақты талқыланды. Екінші күні алғаш рет ұйымдастырылған «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының қорытынды жиыны өтіп, делегаттар пленарлық отырысқа қатысты. Іс-шара барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасы, партия Төрағасының құттықтау сөзін оқып, Мемлекет басшысының Форум қатысушыларына арнаған ыстық ықыласын жеткізді.

Сондай-ақ, Форумда бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасы мақұлданып, алдағы басым бағыттар анықталды және «Үздік бастауыш партия ұйымдары» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқаудың облыстық кезеңінде Жуалы ауданынан «Бауыржан Момышұлы», Т.Рысқұлов ауданынан «Жарлысу», Талас ауданынан «Шолақтау» бастауыш партия ұйымдары жеңімпаз атанып, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Осымен төртінші мәрте ұйымдастырылған байқауға биыл 2000-нан аса БПҰ қатысып, үш санат бойынша бақ сынады. Нәтижесінде, 500-ден астам мүшесі бар бастауыш партия ұйымдарының арасынан Жуалы ауданынан «Бауыржан Момышұлы» БПҰ үздіктер қатарынан көрініп, 500 мың теңге жүлдемен марапатталды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X