Сыбайлас жемқорлық деректері көбіне әкімдіктің әр түрлі деңгейінен, ішкі істер органы қызметкерлерінен және Мемлекеттік кірістер комитетінен шығады. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Арман Бердалин мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бердалиннің айтуынша, 2018 жылы жасалған қылмыстардың 73 пайызы (1726) сыбайлас жемқорлық екен. Жартысынан көбі парақорлық — 979, үштен бір бөлігі жымқыру — 506. «Жемқорлық бойынша 1126 тұлға жауапкершілікке тартылған. Оның жиырмасы республикалық деңгейдегі басшылар, 75-і облыстық деңгейдегі, 128-і қалалық және аудандық деңгейде. Көбіне жемқорлық деректері әкімдіктің әр түрлі деңгейінен анықталады — 213, ішкі істер органдары — 176 және Мемлекеттік кірістер комитеті — 43», — деді Бердалин.
Оның айтуынша, құрылыс, білім, ауыл шаруашылық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жер қатынастары саласының қызметкерлері де осы қылмысқа жақын екен. «Жыл басынан бері 35 әкім мен оның орынбасарлары жауапкершілікке тартылды, оның 1-і облыстық, 6-ы аудандық, 5-і қалалық, 23-і ауылдық деңгейде. Сонымен қатар, парақорлық дерегі бойынша Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарында 3 судья жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр», — дейді Бердалин.
Дереккөз: Kaz.tengrinews.kz