2018 жылдың 15 қарашасында студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының маңыздылығын насихаттау, жастарды еңбекке баулу, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру және үздік сарбаздарды марапаттау мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жазғы еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті.
Бүгінгі күнге дейін студенттік құрылыс жасақтарына өңір жастары жұмыспен қамтылып, облыста бой көтерген мектеп, аурухана мен бала бақшалардың және әлеуметтік нысандардың құрылысына атсалысты.
Ал, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ықпалымен облыс жастары айналаны көгалдандыруға, қала, аудан, ауыл маңдарын, көшелерін тазартуға, спорттық кешендерді қалпына келтіруге, саябақтар мен құрылыс алаңдарын тазартуға жұмылдырылды.
Ағымдағы жылы республикалық трансферт және облыстық бюджет есебінен Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл ел» еңбек жасағындағы 1300 жасты уақытша еңбекпен қамтуға 48,0 млн. теңге қаржы қаралды.
Сондай-ақ, Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарында 253 жас маусымдық еңбекпен қамтылды.
Шара барысында еңбек маусымында ерекше белсенділік танытқан жастарға «Үздік жасақ», «Үздік сарбаз», «Үздік командир» номинациялары бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.