Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысының Жолдауындағы басым бағыттары қалай орындалып жатқаны туралы айтты.
«Бірінші басымдық – халық табысының өсуіне қатысты, келер жылдан бастап, бюджеттен жалақы алатын 23424 қызметкер үшін төменгі жалақы өскелі отыр. Сол себепті жеке кәсіпорындардағы төмен жалақы алатын адамдардың жалақысын көтеруге қатысты біз арнайы топтарды құрып, бүгінгі таңда кәсіпорын басшыларымен кездесулер өткізіліп, жұмыс жүргізіп жатырмыз. Облыста 95-ке жуық кәсіпорын бар. Соның ішінде 13-і – ірі кәсіпорын. Бүгінгі таңда осы келіссөздің алғашқы нәтижесінде келер жылы 9 мың қызметкердің еңбекақысын көтергелі отыр. Бұл жерде айтуымыз керек, оны көтерген кезде төменгі жалақы 42 мың теңгеге дейін емес, одан да артатын болады», — деді облыс әкімі.
Ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының мерзімі 2025 жылға дейін ұзартылуын ескере отырып, келесі жылы облыста жоспарланған 1,2 млрд теңге кемінде 2 есеге ұлғайтылатынын атап өтті.
«Шағын несие беру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 1 млрд теңге бөлініп, бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру сомасы 6,3 млрд теңгеге жетті. Келесі жылы бұл қаржының көлемін 7,5 – 8,0 млрд теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отырмыз», — деді Мырзахметов.
Дереккөз Baq.kz сайтынан