Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев алдағы екі жылда мемлекеттік қызметтің 90% электронды форматқа көшірілетінін мәлімдеді.
Алдымен ол кәсіби және сыбайлас жемқорлықтан азат мемлекет қалыптастыру үшін елімізде бірнеше маңызды шешім қабылдағанын атап өтті.
«1995 жылы біз ТМД елдері ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды және «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» бағдарламасын қабылдадық. Сол кезде мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданып, агенттік мәртебесіндегі уәкілетті орган құрылды. 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. Еліміздегі мемлекеттік басқарудың терең институтционалдық реформаларының жол картасына айналған «100 нақты қадам — Ұлт жоспарын» іске асыру да мемлекеттік қызмет жүйесін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға елеулі үлес қосты», — деді Алик Шпекбаев Астанада өтіп жатқан Астанада Азия-Тынық мұхиты аймағы елдері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамасының отырысында.
Осы орайда агенттік басшысы елімізде кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптасып, заңның үстемдігі мен қатаң жазалау принциптерінің сақталуы қамтамасыз етілгенін алға тартты. Сондай-ақ ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін мемлекеттік қызмет түрлері электронды форматқа ауыстырылғанын айтты.
«Қазіргі таңда көрсетілетін қызметтің 78% электронды форматта. Алдағы екі жылдың ішінде оны 90%-ке жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күннің өзінде Қазақстан БҰҰ тиісті рейтингісінде электронды үкіметті дамытудың жоғары әлеуеті бар елдердің қатарына кіріп тұр, — дейді төраға.
Сонымен қатар Шпекбаев Қазақстан БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялап, ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ыстанбұл іс-қимыл жоспарына қосылғанын айтты. Оның пікірінше, бұл қадам халықаралық ең үздік тәжірибелерді енгізуге мүмкіндік береді.
«Мұның бәрі бізге ең үздік халықаралық тәжірибелер мен қоғамдық құрылымдардың ерекшеліктерін ұтымды түрде біріктерін Сыбайлас жемқорқыққа қарсы өз үлгімізді құруға мүмкіндік береді», — деді агенттік төрағасы.
Дереккөз Baq.kz сайтынан