Кармине Барбароның «Махаббат алмасы» атты мерейтойлық жеке көрмесі ашылады

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, «Италия» білім орталығы және «Данте Алигьери» комитеті 2018 жылдың 7 қараша күні сағат 16.30-да итальяндық суретші Кармине Барбароның «Махаббат алмасы» атты мерейтойлық жеке көрмесін ашады.

Кармине Барбаро – Алматы қаласы мен біздің елімізге деген махаббатына өз өмірін, шығармашылығы мен ағартушылық қызметін арнаған Қазақстан Республикасына танымал суретші.  

Көрменің «Махаббат алмасы» деп аталуы кездейсоқ емес, себебі Кармине символы алма болып табылатын Алматыда жиырма жылдан астам тұрып келеді. Мұнда ол Қазақстанды, оның адамдарын, жазық даласын, аса бай және көркем табиғатын жан-тәнімен сүйді; өз үйін тапты; итальян тілін үйрететін мектептің негізін қалады. Өзінің өмірге, адамдарға деген махаббатын ол шығармашылығы арқылы жеткізеді.  

Кармине Барбаро өз идеялары мен ойларын түрлі жанрларда жеткізуге тырысатын жан-жақты адам. Ол станоктық және монументалды кескіндеме, графика, мүсін салаларында жұмыс істейді, сонымен қатар портреттер, натюрморттар және суреттер салады.

Екі әлем мен мәдениетте қатар өмір сүретін суретшілер аз емес, бірақ Жерорта теңізінің жұмсақ климатын қатаң құрлыққа ауыстыру – көпшіліктің таңданысын туғызатын ауыр таңдау.  Сөйте тұра, ол өзі үшін мүлде жаңа әлем – қазақ мәдениетінің әлеміне шынайы қызығушылық танытып, оны түсініп қана қоймай, сезінуге құлшынады.

Оның өмірді тануға деген ынтызарлығы ауылдарға сапар шегуге, өзінің болашақ кейіпкерлерінің – қарттардың, әйелдердің жүздеріне терең үңілуге, табиғат ырғағына құлақ асуға итермеледі. Мәселен, «Үш әже» суреті кешкі ас – Ифтар (мұсылмандардың Рамазан айындағы «Ауызашар» рәсімін жасау үшін дастарқан басындағы кеш) үстінде салынған. Суретте үш адам бейнеленген. Кармине пластиканы, қозғалысты тосын жеткізген, түстердің ауысуын нәзік сезіне отырып, композицияға үйлесімді ырғақ бере білген. Осы шығарманың мысалында суретшінің гармонияны жақсы сезетіндігін дәстүрлі, ұлттық көркем өнер элементтерін әлемге қазіргі заманғы көзқараспен ұштастыра алғандығын көреміз. Кармине Барбаро бізге жаңа көзқарасымен, ерекше тағдырымен, итальяндық роматизм мен қазақы менталитетті сабақтастыра білгендігімен қызықты. Шебер бізге бұрыннан таныс және үйреншікті тақырыптар мен сюжеттерді жаңаша жеткізе алған.

  Оның шығармашылығының негізгі қыры – өнердегі адамшылыққа ұмтылыс. Кармине Барбаро – ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, генуэздік суретшілер бірлестігінің мүшесі, профессор, Алматыдағы «Италия» Білім Орталығының директоры, «Данте Алигьери» комитетінің төрағасы, «Италия жұлдыздарының» еңбегі сіңген кавалері.

Көрмеге суретшінің әр кезеңде салынған 80-нен астам кескіндемелік шығармалары қойылған.     

        Вернисаж шеңберінде БАҚ арналған брифинг өтеді.  


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X